Дене қызуы жоғарылаған ақтөбелік жігіт Байғанин құмдарында емделгенін айтады

Ақтөбе тұрғыны Еркебұлан Аймұратұлы он төрт күн төсек тартып жатқанын айтады, дене қызуы 39,8  градусқа көтеріліп, жүйке жүйесіне салқын тиген. Сол жақ беті қарысып қалса керек. Енді бас көтере бергенде досы облыстағы керемет жерге саяхат жасауды ұсынады.

Әлі күш жинап үлгермесе де, достарының көңіліне қарасқан Еркебұлан орнынан тұрып, жолға шығады.

«Мен қалада тұрамын, достарым ауылда. Екі ара 250 шақырым, кеш бата жолға шықтық, жол алыс әрі нашар. Бірде тегіс, бірде ойық-шұқырлар, кей жерде тіпті жол жоқ жермен түн бата ауылға жеттік. Досымның үйіне қонақ болып, қымыз ішіп, жас малдың етін жеп, сорпасын ішіп, далаға есік алдына жата кеттік. Дала тым-тырыс, шегірткенің дауысы, жақын жердегі көлден бақылдаған бақаның дауысы қосылып, құлақ құрышын қандырып,  аспандағы жұлдыздар жерге төгілердей болып жақын тұрғанын көріп рахаттанып ұйықтап кеттім», – дейді Еркебұлан.

Таң ата әтештің шақырғанынан оянған олар әрі қарай жолға қамданады.

«Ең бастысы, қаладан алып келген велосипедімді көліктің үстіне байлап, шатырымыз бар, қармақ пен қайығымызды алып, жолға шықтық.  Жол өте нашар. Кешегі жол әлдеқайда жақсы ма деп ойладық. Жолда адастық. 150 шақырым жүріп өткен соң, Сағыз өзенінің бойына келіп тоқтадық. Айналасы тамаша. Он минуттың ішінде бір түнге жететін отын жинадық. Жабылып қайық үрлеп,  балық аулауға көштік», – дейді ол.

Еркебұлан спиниг қармаққа осыдан төрт жыл бұрын есі кеткенін айтады. Өзі суға қармақ тастайды, дос балалар үрмелі қайықпен балық аулауға кетеді. Алғашқы шорағай (шортанның баласы) түседі. Тағы қармақ лақтырады, бас-аяғы сол кеште екі шорағай, бір шортан ұстайды. Ал дос баласы сазан жинапты.

«Қас қарая сорпа дайын болады. Ашық аспан астында әңгімеміз таусыла ма?! Кенет бір досымыздың үстінен бүйі тауып алдық. Абырой болғанда, жәндік жорғалап барып, өзі түсіп кетті. Денеміз тітіркенді. Бірден шатырдың астына тығылдық. Көрпе аз болды. Тартысып-таласып, әйтеуір таңды да атырдық. Ертеңіне тағы да балық аулауға шықтық», – дейді Еркебұлан.

Жігіттер жолда бір ауылға тоқтайды. Ақсақалға мана аулаған балықтан береді. Үйге аялдаған олар шаршағандарын басады. Қарияның үйіндегі әжей қою шай құйып, дастарханға жаңа тартылған қаймақ қояды. Үлкендермен арқа-жарқа әңгіме айтылады.

«Он шақырымдай жүріп өткенде жол да бітеді. Әрі қарай велосипедке отырдық. Онымен, велосипедпен қозғалу да қиынға соғады. Жаяу тартамыз деп шештік. Техниканың құдіреті – телефондағы картаның көмегімен адаспайтынымызды түсіндік. Мақсатымыз – алдағы биік төбені бағындыру. Сары құм ақ құмға айналғандай. Жолай түсі құбылатын хамелеон кесірткелерді көрдік. Құмның ортасында көкпеңбек болып жайқалып тұрған қамысқа таңдандық», – деп еске алады ауырғаннан кейін әлсіздігін ұмытқан кейіпкеріміз.

Қызығы енді басталады. Еркебұлан күні бойы қызып тұрған құммен жалаң аяқ жүреді. Қыздар сияқты суретке түсуге ұялатынын айтқан ол табиғаттың сұлулығы алдында өзін ұстай алмай, телефон камерасына ерік берген.

«Қанша жерде болдым, бірақ құмның дәл осындай әдемі болатынын алғаш көруім», – дейді туған өлкенің сұлулығына тамсанған Еркебұлан.

Жігіттердің бірі жолда шаршап, әрі қарай бара алмайтынын айтады. Үш жігіт тоқтамай, әрі қарай жүріп кетеді. Бораған құм көзге толып қала береді. Еркебұлан алда жол салып келеді. Жоғарыға көтерілген сайын табиғат сұлулығы көздің жауын ала түседі.

Еркебұлан бүкіл дертін ұмытады. Тіпті, жағының сыздағанын да ұмытып кеткенін айтады. Бір сағатқа жуық құм төбені жүріп өткен олар бір жасап қалса керек. Телефонның камерасына барынша фото жинап үлгерген жігіттер артқа қайтуға ұйғарады. Жолай велосипедтерін қайта мініп, тартып кетеді. Одан көлікке қайта отырып, Сағыз өзені жағасына жетеді.

«Судың жағасында шай-тамағымызды ішіп, әңгімемізді айтып, мәре-сәре болып отырғанда достарымның бірі бетімдегі ісіктің қайтқанын байқайды. Расымен, мұның емі ыстық құмнан болды деп ойлаймын. Денемдегі суық шыққанға ұқсайды. Маңдайдан тоқтамай аққан тер. Піскен құммен бір күн жүремін деп, өзімді жеңіл сезініп, айығып кеткенімді байқамаппын», – дейді ол.

Жігіттер ауылға жетеді. Тамаша сәт естен кетпестей болып қалады. Телефон толы естелік фото. Еркебұлан мүмкіндік болса, Байғанин ауданы Шұқырши ауылы маңындағы табиғаттың сұлулығын тамашалап қоймай, ем алуға болатынын айтады.

Жолжазба мен фотоларды ұсынған Еркебұлан Аймұратұлы

Әзірлеген Ә.Орыспайұлы, Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

4 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған