Ақтөбелік экобелсенді Евгений Лазарчук: Командам қолдамағанда, қолымды бір сілтер едім

«Актобе, дыши» еріктілер қозғалысының жетекшісі Евгений Лазарчук Ақтөбедегі экологиялық жағдайдың мүшкіл екенін айтады. Оның сөзінше, волонтерлар қанша тырысқанымен, еңбектері зая кетіп жатыр. Бір ағаш егілсе, орнына 200 түп ағаш жойылады.

Еріктілік қызметіңізді қашан және не себептен бастадыңыз?

Бұл бағыттағы еріктілікті былтыр 2 мамырда бастадық. Мен бастамашы болдым. Жасыл желектерді қорғау бойынша ұйымның құрылғандығы туралы инстаграмдағы zello.aktobe парақшасында жарияладық. Өйткені сол кезде қалада ағаштардың барлығын жаппай кесіп тастаған еді. Бұл істі бастаған себебіміз — билік көп жағдайда жасыл желектерді қорғай алмайды, кейде тіпті биліктің өзі ағаштарды құртып жатады. Не бұл проблемаға мән бергісі келмейді, не сауатты мамандар жетіспейді. «Актобе, дыши» ұйымы құрылғанда қала басшысынан ағаштарды құрту себебін сұрағанбыз. Ол бұны білікті мамандардың тапшылығымен байланыстырды. Қалада болған құбылысты «қалыпты жағдай» деп есептеді. Ал біз олай есептемедік. Сондықтан осы қозғалысты бастадық.

Осыдан кейін билік сізге өшпенділікпен қарамады ма? Өйткені сіз биліктің қателігін көптің көзінше әшкерелеп, қоғамдық резонанс тудырдыңыз ғой.

Жоқ, әкімдік қол ұшын созды. Ұзақ пікірталастың арқасында қаладағы жасыл желектерді бақылап отыратын мамандардың аз екенін түсіндік. Сондықтан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары, волонтерлар отырған «Актобе, дыши» ортақ чатын аштық. Қала әкімі, орынбасары да сонда отырды. Ағаштарды кесу, рұқсатнама беру, жасыл желектерді отырғызу мәселелері сонда талқыланды. Чатта көтерілген мәселенің барлығы бір күнде шешіліп жатты.

Қазір кадр мәселесі шешілді ме? Әлде әкімдік әлі күнге дейін сізбен ақылдасып жүр ме?

Жоқ, мәселе әлі шешілмеді. Кәсіби ұйым құрылмайынша проблема өзгеріссіз қалады. Зеленстрой ұйымын қалпына келтіру керек. Бүкіл құрылымын жасап бергенбіз. Назар аудартатын аудандарды атап бердік. Алайда, заң, ережеден аттай алмадық… Қаланың ағаштарын жойып жатыр. Жасап жүрген ісіміздің пайдасы бар ма деп ойланамын. Бір ағаш егілсе, орнына 200 түп ағаш кесіледі. Мәселен, қазір де Сәңкібай батыр даңғылы бойында 700 түп ағашты оп-оңай кесіп тастауға дайын. Оттай жанған жігерімізді су сепкендей осылай сөндіреді.

Қандай аудандарға назар аудару керек?

Аудан ішіндегі парктер, жасыл желекті аудандар, ірі саябақтар. Барлық дерлік аудандар назар аударуды қажет етеді.

Ағаштарды түгендеп-санау не үшін керек?

Түгендеудің арқасында ағаштардың нақты санын білетін боламыз. Сонда оларды күтіп-ұстауға қанша қаражат керектігін білеміз. Қазір ақша мардымсыз бөлінеді, содан жұмыс шала-шарпы орындалады. Қайда және қандай ағаш егу керектігін ешкім білмей отыр. Егер заң күшіне енсе, әр ағашты жою қиынға соғады, өйткені оның түгенделген жеке нөмірі болады.

Волонтерлік қозғалысыңызда қанша адам бар? Мүшелер саны күн сайын артып келеді ме?

Адамдар саны 170-тен 200-ге дейін өзгеріп тұрады. Себебі еріктілер еңбектене келе, бір ғана биліктің тапсырмасымен көптеген ағаштың жойылғанын көріп, ынталары жоғалады. Бұлақтың көзін ашқанда да еңбегіміз зая кеткендей болды. Суды үнемдеп пайдаланбаса, әңгіменің бәрі далбаса.

Сіздің ойыңызша, Сазды өзені не себептен таязданып кетті?

Көпшілік ойлағандай өзен арналарын кеңейту жұмыстарынан емес, су қоймасының жұмысын дұрыс жүргізбегеннен Сазды өзені таязданып кетті. 2017 жылы көп су ағызып жіберді де, су орнына қайтып келмеді. Әкімге өзен арнасы бойымен земснаряд жіберуді ұсындық. Бірақ бәрі сөз жүзінде қалды.

Қалада ағашты суландыру мәселесін қалай шешуге болады?

Бөлек құдығы бар автоматтандырылған тамшылай суару жүйесін жасау керек. Инновациялық идеялар пайдаланбайынша, проблема шешілмейді.

Ал өзіңіз бәріне қол сілтеп кеткіңіз келмейді ме?

Иә, шаршап, бәріне қолымды бір сілтеп кеткім келеді. Бірақ сөзіме құлақ асып, артымнан ерген және өзгеріске сенетін Командам бар. Командам қолдамағанда, бәрін тастар едім.

Еріктілік қызмет ешқандай табыс түсірмейді ғой. Немен айналысып күн көресіз?

Иә, дұрыс, еріктілік — табыс түсірудің амалы емес. Керісінше, алғаннан гөрі, береміз. Бір жыл бойы тұрақты жұмысқа тұра алмай жүрмін. Белсенділігімді және ұйымдастырушылық қызметімді тастауға тура келетін шығар. Шабашкамен ғана күн көремін. Өз қажетілігіме әзірше жетеді.

Қамбар Мұқаш, арнайы «Тілші» үшін

«Тілші» сайты мен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының бірлескен «Волонтер қызметі» жобасы MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

4 Comments

  1. Ақтөбе қаласындағы нөмірі бірінші проблема – экология. Тал отырғызумен мәселе шешілмейді. Оларды ұзақ жылдар бойы күтіп-баптау керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған