Қарапайым тұрғындар бірігіп, Сартоғай ауылына екі көпбалалы отбасыны көшіріп әкелді

Ақтөбе облысына қарасты Темір ауданы Шұбарқұдық кентіне жақын орналасқан Сартоғай шағын ауылының тұрғындары қалаға қарай көшіп, ауыл іргесі жұтаң тартып жатқанын айтуға болады.

Сартоғай ауылы темірліктер үшін рухани ыстық мекен. Ол жерде 1888 жылы туылып 1973 жылы қайтқан әулие Нұрлепес ата жатыр. Ел иесі – Нұрлепес ата көзі тірісінде «ауылдан көшпеңдер» деп ел-жұртына аманат еткен екен. Сол аманатын арқалаған ауыл тұрғындары жыл сайын бас қосып, атаның басына садақа жасап тұрады. Ауыл ішінде жастар жағы қашанғы тұрақтасын, бірте бірте көшіп, 100 шақты үйден 33-34 үйдің ғана ішінде жан қалса керек.

Осы жылы ауыл тұрғындары, ауылдан қала жаққа аттанып кеткендер мен Нұрлепес атаны қасиет тұтатын ақтөбеліктер бас қосып, Ұлыстың ұлы күнін тойламақшы болыпты. Наурыз мерекесінде ат шаптырып, бие сойдырып ұлы той жасаймыз деген ниетпен ағайын арасында қаражат жинап жүргенде, аяқ астынан әлемдік індет басталып, бас қосу тоқтатылады.

Кейін мамыр айында ауылдық 9 жылдық мектеп жабылуы мүмкін деген сөз шығады. Бұл ауылдың біржола тастанды атануына себеп болатын ауыр жағдай еді. Мұны болдырмау үшін ауыл тұрғындары ақылдасып, ауылға көп балалы отбасыларды тартуымыз керек деген ойға келеді. Бұл ойларын Алтықарасу әкімі Әлішев Мақсот Жұмайұлына жеткізеді. Әкім бұл жақсы істі қолдап қуаттай кетеді.

«Наурызға» деп жиналған қаражатты ауылда сатылымда тұрған үйлерді сатып алуға жиналады. Көптің көңілінен шыққан ой – әлеуметтік желілер арқылы талай елді шарлап кеткенін ұйымдастырушылар да аңдамай қалады. Сөйтіп, бас аяғы бір айға жетер жетпесте көп балалы екі отбасының орналасуы үшін қажетті баспана мен жұмыс орындары табылып, көшіріп әкеледі.

Көшіп келген екі отбасыға ауыл тұрғындары төрт түлік мал түрлерінен бір бастан беруге ниет білдіріпті.

Осы істі белсенділікпен ұйымдастыруда Мұқашев Ерлан, Көбенов Қанат, Жананов Өмірбай, Бекенов Елшат, Жананов Ақылбек, Қоңыратов Мейіржан, Күмісбаев Серік, Тәжікенов Алтынбек, Орақов Жандәулет, Мәуениязов Мейрамбек, т.б. (тізімге сыйғызу мүмкін емес) атсалысқан.

– Ауылымызға алдағы жыл газ, ауданға қатынайтын жол, интернет желісі қосылатынына үміттенеміз. Ауызсу мәселесі де оң шешімін табар деген халықтың тілегі бар. Ауыл халқының туған жеріне тұрақтануы үшін оңтайлы жағдайдың жаратылғаны керек ақ, – дейді осы істің басы қасында жүрген ауыл мектебінің мұғалімі Есбол Бердімұратұлы.

Сартоғайға көшіп келген Ерік Амантайұлының 5 баласы, ал Ангереев Ізімбет деген азаматтың 6 баласы бар. Екеуі де орта жастағы қарапайым азаматтар. Ерік Амантайұлы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өзінше кәсіп бастау үшін курстық оқуынан өтуде. Бұйырса, курсты сәтті аяқтап, бір істің басын ұстағысы келетінін айтады. Қазірде ауыл округі арқылы қоғамдық жұмысқа тіркеліп, ауылда жұмыста жүр.

– Біз хабарландыруды көріп бірден ауылды көруге келдік. Ауыл адамдарымен танысып, сөйлесіп, ауылды аралап көрдім. Жұбайыммен ақылдасып, ойлана келе ауылға келуге бел будық. Жарқын мінезді ауыл тұрғындары жақсы қарсы алып, қолдап демеп келеді, – дейді бес баланың әкесі Ерік Амантайұлы.

Ал, Ізімбет Ангереев күнкөріс қамымен жүк тасушы болып жұмыс жасайды. Ауылда кез келген шаруашылықтың басын қайыруға дайын екенін айтады.

– Сартоғайға көшу туралы ұсыныс айтылғанда қатты қуандым. Алты баланың болашағы үшін бұл ұсынысты жолдасым екеуміз бірден қабылдадық. Ауыл адамдары ашық жарқын құшақпен қарсы алды. Барша жанашыр ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – дейді Ізімбет Ангереевтің жұбайы Айгүл Утеуова.

«Ауылымыздың осы ісі барлық еліміздің жігіттеріне, тұрғындарына үлгі болып кең даламыз халыққа толса екен» дейді Есбол Бердімұратұлы. Біз де мұндай өрелі іске куә болғанымызға көңіліміз тасыды. Тек ауыл тұрғындарының назы жоғары жақтың құлағына ілінсе дейміз…

Сағадат Нұралықызы, «Тілші» сайты жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

9 Comments

  1. Бул жаксы бастама болатын, ауыл тургындары, осы жерде туып оскен ауыл азаматтары бириге отырып, осындай шешимге келди, ризамыз барине, рахмет айтамыз

  2. Ауыл, әр Қазақ баласы үшін қасиеті ерекше мекен.
    Сартоғайлықтар үлгі көрсете алды. Туған жері үшін алаңдаған ауыл тұрғындарына, барлық жігіттерге, қолдаушы ағалар мен інілерге аманшылық болсын. Барлық ауылдың іргесі мықты болсын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған