Ақтөбенің 500 мыңыншы тұрғыны үш бауырымен 12 шаршы метр қуыста тұрып жатыр

Былтыр желтоқсан айында дүниеге келген Ақтөбенің 500 мыңыншы тұрғынының отбасы 12 шаршы метрде тұрып жатыр. Биліктің баспасөзінде Әлинұр Жалғасбайдың отбасына «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана беріледі делінген, алайда жергілікті билік үнсіздік танытып отыр, деп хабарлайды «Тілші».

Бүгінде көпбалалы отбасы қаладағы ықшам аудандардың бірінде 12 шаршы метрді жалдап тұрады.

«Көпқабатты үйдің балалар арбасын қоятын бұрышын баспана қылып алдым. Ауданы 12 шаршы метр. КСК меңгерушісіне 15 мың төлеп келдік. Кейін подъезд жөндеу жұмыстарына араластым, үйдің төбесін жөндедік, желтөледе құбырларға қарап қоямын. Подъезд тұрғындары ақша төлемей-ақ қой деді. Жұмыстамын, бір жеке компанияда көлік жүргіземін. Айлығымыз тамаққа, нан мен майға жетеді. Қазіргі таңда басымда қарызым бар. Келіншегім балабақша жұмыс істеді, бүгінде баламен отырады», – дейді «Тілшіге» хабарласқан Ақтөбеге тұрғыны Тәңірберген Ділмағамбетов.

Отағасы ешкімнен ешқашан алақан жайып көмек сұрамағанын айтады. Тек, мемлекеттік бағдарлама аясында қолжетімді баспана рәсімдеуге көмектің артық болмайтынын алға тартып отыр.

«Маған үй беріңдер, ақша беріңдер демеймін. Тіпті, туыстарымды да мазалағым келмейді. Отбасым аман болса деймін. Өз атымда қарыз бар. Одан құтылып жатырмын. Үйді келіншегімнің атына рәсімдеп берсе, өзіміз төлеуге дайынбыз», – дейді отағасы.

Өткенде билік басылымдарының бірінде Ақтөбенің 500 мыңыншы тұрғынына «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспана берілетіні туралы материал жарық көріпті. Көпбалалы отбасының қуанышында шек болмаған. Алайда, одан бері әкімдіктен де, басқадан да хабар жоқ.

«Үлкен ұлым 12 жаста, екіншісі – 10-да. Одан кейінгісі 3 жаста және 6 айлық. Айлығым көп емес. Биыл кезекке тұрдым. 1873-ші болып кезекке тұрдым. Арынғазиева қабылдады (қала әкімінің орынбасары – ред.) . Бірақ, қазірге дейін нақты көмек жоқ», – дейді Тәңірберген Ділмағамбетов.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласының жарты миллионыншы тұрғыны Әлинұр Тәңірбергенұлы былтыр желтоқсан айында дүниеге келді. Қаланың сол кездегі әкімі Мавр Абдуллин Әлинұр мен анасын құттықтап барған болатын.

«Биыл Ақтөбе қаласына 150 жыл толып отыр. Осы атаулы жылы Әлинұр 500 мыңыншы тұрғын болып өмірге келді. Әлинұр елге қызмет қылатын үлкен азамат болсын, еңбексүйгіш ұл боп өссін. Сіздер жақсы тәлім-тәрбие береді деп сенеміз», — деген болатын Мавр Абдуллин.

Жергілікті билік органының мәліметінше, 2019 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, Ақтөбе Қазақстан қалаларының ішінде халқының саны жағынан төртінші орынға тұрақтады.

Ә.Орыспай, Азаматтық журналистика мектебінің оқушысы

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады

1 Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған