«Өмір сүрудің мәні кетті, ауырмайтын жерім жоқ»: Дерті асқынған Шалқар тұрғыны елден көмек сұрауға бата алмай отыр

Бала кезден ауыр дертпен күресіп келе жатқан Нұрбол Дүйісов денсаулығының күннен күнге нашарлап бара жатқанын айтады.

Нұрбол ауыр дертке 6 жасында шалдығыпты. Алғашында бүйрегі нашарлап, көзі көрмей қалған. Кальций тапшылығынан аяғы қисайып, бойы өспей қалады. Бірінші сыныпта оқып жүргенде ем алу үшін Алматы қаласына жолдама алады, бірақ сүрініп құлап, аяғын сындырып алады. Сол себепті Нұрбол Алматы қаласына емге бара алмады.

Бойының қысқалығы, аяғының қисықтығы және түзу басып жүре алмағандығы бар, қатары оны кекеткен кездер де болған.

«Қатты намыстанып, қынжылатын едім» деп еске алады ол. Күйзеліс бар, уақытында ем алмағаны бар, сырқаты күшейіп, денесіне бөртпе шыға бастайды.

Әбден әлсіреген Нұрбол 15 жасында бүйрегіне ем алып, аяқтарын түзетуге ота жасайды. Нәтижесінде бірнеше жыл аяғын түзу басып жүрген Нұрбол 11 сыныпта бойының қысқалығын байқайды. Дәрігерлер оған бойын ота арқылы бірнеше сантиметрге өсіруге болатынын айтады. Сөйтіп ол бойын 7 сантиметрге өсірген.

Елдің «бойы қысқа ағай келе жатыр деген сөзіне шыдай алмайтын едім» деген ол өзінің наласын да жасырмады. Басқа түскен қиыншылыққа қарамастан Нұрбол жоғарғы оқу орнында сырттай оқи жүріп, мектепке тәлімгер болып жұмысқа орналасады. Нұрбол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, жан-жақтылығын көрсете білген. Аудандық ішкі саясат бөлімінде жастар кеңесі арқылы жұмысқа қабылданады.

«2004 жылдан бері таяққа сүйенбей, түзу, шапқылап жүруші едім, бірақ ол қуанышым да ұзаққа созылмады», – дейді Нұрбол. 2012 жылы аяғы әлсірей бастады. Медициналық тексерістен өткен Нұрбол аяғын түзетіп, жамбасқа ота жасату үшін Астанаға жолдама алады. Алайда, бүйрегі мен жүрегінің әлсіздігінен ота жасалмады.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, аяқ асты иығы шығып кетіп, 3 ай төсекке таңылған.

Мектеп басшылығы Нұрболдың денсаулығының жарамсыздығын ескеріп, жағдайын түсініп, үлкен көмек көрсеткен.

«Биыл жағдайым мүшкіл. Жүру түгілі отырып жұмыс жасау мүмкін емес. Қазір тек төсекте жатамын. Жатқанның өзінде аяқ-қолым сырқырап, ауруым асқынып барады. Ендігі кезде жұмысқа қайтадан қосылатыным белгісіз болып тұр», – дейді Нұрбол.

Нұрболдың диагнозы бойынша Германияда емделуге мүмкіндік бар екен. Оған жасушаларды көбейту арқылы ұршық майын орнына келтіруге болады. Ол үшін қомақты қаражат керек. Осы уақытқа дейін оған мейірімді жандар қаржылай көмек көрсеткен.

Бірақ емге керекті қомақты қаражатты жинау мүмкін болмай тұр. Нұрбол денсаулығының нашарлығына қарамай, кішігірім кәсібін дөңгелетіп отыр. Бір кездері жүк көлігімен Ақтөбе мен Шалқар ауданы арасында жүк таси бастаған. Қазіргі таңда Нұрболға оның жақын інісі көмектесіп, оның кәсібін дамытып жүр.

Сондай-ақ, әлеуметтік желіде тауар сатып алу-сату  бойынша бизнес аккаунт жүргізіп, жарнама жасау арқылы кішігірім қаражат тауып жүр.

«Өмір сүрудің мәні кетті, ауырмайтын жерім жоқ, жанымды жеп бітті. Қанша талпынсам да, қиындықты жеңуге тырысып бақсам да, дәрмен жоқ», – дейді ол.

Нұрбол Дүйісовке көмек көрсетем деген жан болса, редакция байланыстырып жіберуге әзір! 

Айгүл Саимова, Tilshi.kz жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің оқушысы

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

6 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған