«Күнделігімді оқиды, телефонымды ақтарады»: Жеке кеңістік туралы не білеміз?

Әрқайсымызды қоршап тұратын және үнемі бізбен бірге болатын жеке көрінбейтін сызығымыз болады. Бұны жеке кеңістік деп атайды (личное пространство). Осы сызықты басқалар кесіп кеткен кезде сондай бір жағымсыз күй кешеміз, агрессияға берілеміз. Бөлмеңізге түртпестен кіріп кеткен, телефоныңызды рұқсатсыз қараған, күнделігіңізді оқып қойған адамдарды есіңізге алып жатқан боларсыз. Бұл жеке кеңістікті бұзудың айқын мысалдары. Тіпті хайуандар да өзіне жақындап кеткен бөтендерден бірден қорғана бастайды. Тыныш жатқан жыланға тиісуге болмайтыны сияқты адамдардың да жеке шекарасынан өтіп кетпеу керек.

Бұл неге дұрыс емес?

Біріншіден, бұндай әрекеттер адамдарға жаман сезім сыйлайды. Қорқыныш, агрессия, дискомфорт жағдайына түсуі мүмкін. Бұндай сезімдер адамдардың қарым-қатынасын бұзады. Ондай адамға сенімсіздік пайда болады. Бір-бірін жақсы көретін, сыйлайтын адамдар өзара жеке кеңістіктеріне де құрметпен қарайды.

Адамдар бұндай жағдайда өздерін жаман сезінгеннен бөлек, олардың құқықтарын бұзып жіберуіміз мүмкін. Адамның жалғыз болу құқығы, қашықтықты сақтау құқығы, өзі туралы ақпаратты құпия сақтау құқығы әркез сақталуы керек. Адам өзі қаламайынша осы құқықтарын сақтауымыз керек. Осылай ғана өзіміздің де құқықтарымызды қорғай аламыз.

Кеңістікті кімдер бұзады?

Сондай жаман қылықты тек қастық ойлаған жаман адамдар істейді деп ойларсыз. Алайда, шын мәнінде, көп жағдайда ең жақын адамдардың өзі бұзып жатады. Бұл логикаға сыймайтындай көрінетін болар. Дегенмен, алаңдаушылық, қызғаныш, құштарлық сияқты сезімдер осындай әрекетке апару қаупі бар. Аналары балалары үшін уайымдағаннан оны тексеріп, қадағалауға тырысады. Абьюзерлер жақсы көргеннен жақынын тұсауда ұстағысы келеді. Құштарлықтан әдемі қызды құшақтап алып та оның бұны қаламайтынын аңғармай қалуымыз мүмкін. Яғни, ниет дұрыс болса да, жақсылық ойлап тұрып та, адамның жеке кеңістігін бұзып алуымыз мүмкін. Одан сақтану үшін әр адам басқалардың жағдайын да ойлап, өзін шектеп үйренуі керек. Әйтпесе, құрбандар жақындарынан қорғануы керектігін түсінбей жеке кеңістігін сақтай алмағанынан стресске түсіп қиын жағдайға тап болуы ғажап емес.

Жеке кеңістікті қалай анықтау керек?

Қарапайым ғана бір қағиданы есте сақтау керек: біздің құқығымыз басқалардың құқығы бұзылатын жерден шектеледі. Мысалы, сіздің темекі шегуге құқығыңыз бар болса да, басқалардың таза ауада тыныстау құқығын бұза алмайсыз. Сол үшін қоғамдық жерде шылым шегуге болмайды. Яғни, жеке кеңістікті адамның табиғи, заңдық құқықтары қаматамасыз етеді.

Бұл әлем адамдардың жеке кеңістігін құрметтеуі үшін не керек?

Байқасаңыз, көп жағдайда адамдар бұның қаншалықты маңызды екенін білмегеннен кеңістікті таптап жатады, жәй ғана құқықтардың бұзылып жатқанын сезбей қалады. Олар үшін бұл норма болуы мүмкін. Тіпті, басқаларға зиян екенін көріп тұрса да, бұлай істеуге болады деп ойлауы мүмкін. Ізгі қоғамды құру үшін ең алдымен осы түсініктерден құтылу керек. Оның ең алғашқы қадамы балаларды дұрыс тәрбиелеуден басталады. Әр бала өз құқықтары мен басқалардың құқықтарының бар екенін білсе ғана оны сақтай алады. Әр балаға жеке кеңістігін қорғауды, басқалардыкін құрметтеуді үйрету керек.

Бала тәрбиесімен айналысатын педагог-тренер Ескердір Бестай баланың жеке кеңістігін қалыптастырудың жолын түсіндіріп берді: «Балаңыздың жеке кеңістігін қалыптастыру үшін оған шекара сызып берудің қажеті жоқ, керісінше, өз шекараңызды анық көрсетіңіз! Бала басқалардың шекарасын көре отырып, өз шекарасын қалыптастырады». Өз шекарасы мен басқалардың кеңістігі бар екенін білген бала оларды құрметтеуді де үйренеді.

Азамат Махамбет, Tilshi.kz сайты жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің оқушысы

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған