Спортпен жүйелі түрде айналысатын жасөспірім темекі, алкоголь, есірткіден аулақ болады – Бердібек Сапарбаев

Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарлары кезінде спорт нысандарында балалардың доптармен, қақпа торларымен қамтамасыз етілмегенін көрген, деп хабарлайды «Тілші». Бұл туралы Жамбыл облысы басшысы аппараттық кеңесте мәлімдеді.

Әкімнің есебінше, бүгінде Жамбыл облысы халқының үштен бірі бұқаралық спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткішті жыл сайын арттыру қажет. Спорт нысандары қол жетімді болуы керек.

«Балаларға барлық қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Балаларды спортқа тарту қылмыспен күреске өз септігін тигізеді. Спортпен жүйелі түрде айналысатын жасөспірімдер барлық жаман әдеттерден, темекі шегуден, алкогольден немесе есірткіден аулақ болады, – деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков спорт нысандарының саны артып келе жатқандығын атап өтті. Өткен жылы облыста екі спорт кешені мен 175 ойын алаңшасы салынды. Биыл 13 спорт кешені, 92 алаңша салу жоспарланған. Токиода өтетін 2020 жылғы Олимпиадаға қатысу лицензиясын үш жамбылдық спортшы жеңіп алған.

Сондай-ақ, Нұрбол Жүнісбеков кейбір аудандарда бұқаралық спортты қаржыландыруға қатысты бірқатар мәселелер туындап отырғандығын жеткізді. Бұдан бөлек кейбір аудандарда спорт нұсқаушы-әдіскердің жоқтығы, 17 спорт нысаны күрделі жөндеуді қажет ететіндігі айтылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған