«Өзгелерден кем емеспіз, бірақ, қолдау күтеміз»: Ақтөбедегі есту қабілеті бұзылған балалар туралы

Марзия Сүндетиярқызы – бүкіл Батыс Қазақстан аумағындағы есту қабілеті бұзылған балаларға кохлеарлы имплант аппаратын жеткізу, жөндеу қызметтерін тегін атқарып жүрген бірден-бір үлкен жүрек иесі!

Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған түрлі оңалту жұмыстарын жүргізуде 2014 жылдан бері Ақтөбе қаласында түрлі семинарлар мен тренингтерді өткізіп келеді. 2018 жылы «Шектеусіз өмір» атты конференция ұйымдастырып, Ресейден, Қазақстанның түкпір түікпірінен кохлеарлы имплант туралы жетік білетін мамандарды шақырып, ортақ проблемаларын көтерді.

Қазірде Марзия Сүндетиярқызының отбасыға арнап салынған үйде «Қуаныш дыбыста» атты қоғамдық бірлестік 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Облысымызда бүгінде 100-ден астам адам кохлеарлы жүйені қолданады екен.

Ал, бүкіл батысқазақстандық есту қабілеті бұзылған балалардың құлағына орнатылған кохлеарлы имплантты жөндеу, ауыстырып отыру секілді істерді сонау Алматыға сабылып бармай-ақ, Ақтөбеге келіп Марзияның көмегіне жүгінуге болады.

Көп ата-ананың жағдайы жоқ, аппараттың істен шыққанын дер кезінде байқамай, ақшасын әрең жинап келетіндер бар. Сондай сәтте Марзия қолындағысын да ұстатып беріп, қонарға жері жоқ ата-аналарға үйінің төрінен орын беріп келеді.

Есту қабілеті бұзылған балаға ота жасалып, аппарат қойылғаннан кейін дыбысты ажыратып, бірден сөйлеп кетеді деу бекершілік. Дыбысты ести бастаған бала құлағындағы аппараттың дыбыс күшейткішін реттеу, батареясын дер кезінде алмастыру, судан, түрлі қимыл қозғалыстардан сақтау секілді жұмыстардан бөлек, баламен күнделікті жаттығулар мен арнайы сабақтарды жүргізу керек.

Баланы қоғамға бейімдеу – ата-анамен қоса, психологтардың үлкен еңбегі. Марзия есту қабілеті нашар балаларға арнайы сауықтыру шаралары үшін әр ай сайын қолдаушы демеушілерді іздейді.  Психологиялық көмек тек балаға ғана керек емес, ең әуелі баланың ерекшелігін қабылдап, оның әлеуметтенуіне, қоғамда өзін сенімді ұстауына сенімділік беретін ата анаға да керек дейді.

  • Көп ата-ана сыртқы факторларға мән береді. «Естімейтін баламен әуре болып жүрсің ба?» деп баланы мүлдем естімейтін арнайы мектептерге тапсыруға кеңес береді. Немесе құлағына имплант қойылған соң, баламен жаттығуға мән бермейтін ата-аналар бар. Мемлекет аппаратты тегін орнатып бергенімен, оны жөндеуге, батарейкасын ауыстыруына қаражат бөлмеген. Екі айға жететін 60 дана, яғни бір қорап батарейканың құны 16 мың теңге. Есі бар бала батарейканың шиқылын дер кезінде естіп, ауыстыру керегін ата анасына айтады. Ал, есі жоқ балаға мұны айту үшін агрессия көрсетуі керек болады. Өйткені, дыбысқа үйренген бала тыныштықтан қорқа бастайды.

«Қуаныш дыбыста» бірлестігінде қазірде белсенділікпен орталыққа хабарласып, ақыл-кеңес сұрайтын 45-тен астам ата-ананың тізімі бар. 6 жылдың ішінде бірлестіктің әлеуметтік жобалары аясында балалар түрлі би, ән, домбыра, сурет салу сияқты үйірмелерге қатысып, республикалық, Халықаралық жарыс, байқаулардан жүлделі орындар алуда.

Карантин кезінде орталықтың тұрақты жұмысына үйренген балалардың ата аналары абдырап қалғаны бар. Бала құлағындағы аппаратын ауыстыра алмай, оңдай алмай «дыбыссыз» қалып та жатқанын айтады. Тыныштықта қалған балалар үшін карантин үлкен кедергі болып отырғаны да аян. Өйткені, сымы нәзік имплантты оңдау кез келгеннің қолынан келе бермейді.

Марзия өз қызы Дананың басына түскен ауыртпалықтарды тартып жүріп, кохлеарлы имплант жүйесін меңгеріп алған. Және оны онлайн көрсету, оқыту мүмкін емес дейді. Алайда, бір жақсысы ортаға бейімделген, сөйлеу мен естуінде мүкісі жоқ балалар үшін Марзия карантин кезінде онлайн конкурс ұйымдастырыпты.

Конкурстың бас демеушісі бүкіл қазақстандықтарға кохлеарлы имплантты мемлекет тарапынан ота жасап, орнатып беріп жүрген Австриялық «Медел» компаниясы өз пациенттерінің көңілін тауып, қашанда демеу көрсетіп жүргенін айтады.

Карантин кезінде инстаграм парақшасында өткізілген конкурс нәтижесі анықталып, балаларға қажетті құрал саймандар таратылыпты. Одан бөлек, имплант үшін батарейкаларды таратуға да демеуші табылған.

Бүгінде қоғамдық бірлестік орналасқан үйдің есігі уақытша жабық. Балалар да карантиннің тез бітуін күтіп, «дыбыс бер» деп жылап отыр дейді. Марзияның қоғамдық бірлестігінің атауы «Қуаныш – дыбыста» делінуі бекер емес. Дәл осы кезеңде есту қабілеті нашар балаларға «дыбыс» жеткізудің қаншалықты қуаныш екенін білсе ғой дейді өзгелер…

Сағадат Нұралықызы, Азаматтық журналистика мектебінің оқушысы

4 Comments

  1. «Қуаныш дыбыста» қоғамдық бірлестігі балаларға көп көмек көрсетіп келеді. Марзия сізге үлкен рақмет. Қазір карантинде жете алмай отырмыз сізге.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған