Мәслихат депутаттары қолдаса, Ақтөбеде жаңа театр құрылысы басталып кетуі мүмкін

500 мың тұрғыны бар Ақтөбе қаласына жаңа театр салу мәселесі көтеріліп келе жатқанына 30 жылдан асып барады екен. Сонау жылдары  Е. Сағындықовтың (Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі – ред.) аузынан шыққан уәде орындалмай қалып, кейін Б.Сапарбаев (облыстың бұрынғы әкімі) «Өнер орталығын» тұрғызып беріп мәселенің түйінін шешкендей болған. Алайда, күйігі ішіне түскен театр айналасындағы мәдениет қызметкерлерінен «Ақтөбеге жаңа театр керек пе?» деп сұрай қалсаңыз, үмітсіз баладай жаутаңдайтынын тағы байқайсыз.

ҚР Мәдениет қайраткері, «Екі езу» сатира театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан:

– Ғимарат мәселесі – «Екі езу» театрының ең осал жері. Кезінде «Нұр Отан» отырған ғимаратты «Екі езуге» береміз деді де, аяқасты саммит болатын болып «Нұр Отанға» беріліп кетті. «Достық» үйінде отырғанымызда шығармашылық тұрғыда шарықтап, кең қанат жая алдық. Қай кезде болсын сахна бос, еркін тыныстап «көлеңкелі қойылымдарын» қойып жүрді. «Ду думан», «Жұлдызды сәт» деген бағдарламаларда жүлделі орындарға ие болды. Одан кейін бізді драма театрына қосып, мені директор етіп сайлады. Драма театрының ғимаратында үш театр отырып, қысылғанымыз бар. Сахна үнемі бос емес, дайындық жүргізу қиындады. Б.Сапарбаев келіп бұл мәселені шешіп, «Өнер орталығын» салып берді. Біз қазірде 11 ұжымы бар «Өнер орталығындамыз». Шыны керек, «Өнер орталығы» Ақтөбенің маңдайалды сахнасы болғасын жалға көп беріледі, концерт көп қойылады. Әрине, мұндай үлкен сахнаға шығу қуантатын жағдай. Алайда, оның көлемі біздің көрерменімізге шақтап жасалмаған. Сондықтан, «Екі езудің» кең қанат жайып, өрлеуі үшін өз алдына театр болып бөлініп, ғимаратқа көшуі керек. Миллиондық тұрғыны бар облыс үшін «Екі езу» театры өз алдына ғимарат болып бой көтеруі керек деп ойлаймын.

ҚР мәдениет саласының үздігі Орал Қосай Байсеңгір:

– «Қазақ театрына ғимарат керек» деген әңгімені көптен бері айтып келеміз. Қазақ театры тұсауын кескенде сол кезде мұғалімдер үйіне, сосын жылдар өте Облыстық драма театрына барып қосылды. Былтыр да жаздым, Т.Ахтановтың 95 жылдығы келе жатыр, осыған орай қаламызға жаңа театрдың ғимаратын салу керек деп. Меніңше, өз алдына бөлек-бөлек Тахауи Ахтанов атындағы қазақ драма театры және Қуандық Шаңғытбаев атындағы Жастар театры болуы керек. Өңірімізде театр актерларын дайындайтын «АГУ Тарлан» колледжі жемісті еңбек етіп келеді. Түлектеріміз тек Ақтөбеде ғана емес, республикамыздың театрларында қызмет етуде. Алды республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде үздік номинация иегерлері атанды.

– Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында әдебиетші қызметін атқардыңыз…

–  Иә, театрда актер, кейіннен әдебиетші бола жүріп тарихи маңызды құжаттардың көшірмесін өзіме сақтағанмын… Бір анығы, мегаполиске айналып келе жатқан өңірімізде Жастар театры, Қазақ театры және Орыс театры өз алдына бөлек болуы керек және қайталап айтайын әр ғимарат өз алдына бөлек болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, көрші облыстарда да, жалпы республика бойынша бірінің үстіне бірі отырған театр жоқ. Бұл ең үлкен шаруа, мұндай игі істі атқару елін шексіз сүйетін жандардың қолынан ғана келеді.

Ақтөбе Облыстық мәдениет және архивтер, құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кенжебайұлы:

– Ақтөбе облысында екі облыстық театр бар: Т.Ахтанов атындағы қазақ драма театры мен Облыстық «Алақай» қуыршақ театры. Драма театрында 2 труппа, 200–ге тарта қызметкер жұмыс жасайды. Театрға жаңа ғимарат салу мәселесі облыс әкімінің алдында қашаннан көтеріліп келе жатқан мәселе. Тіптен, әкімнің өзі бұл мәселені көтеріп келеді, үнемі қолдау білдіріп, фестивальдерімізге қатысады. Қазірде жаңа театр ғимаратының эскиздік жобасы дайын, алғашқы жобалық сметаға қаражат сұралды. Алдағы уақытта мәслихат рұқсат беретін болса, сол қаражатты алып, құрылысты бастап кетпекпіз.

– Ал, «Екі езу» театрына жеке ғимарат керек деп ойлайсыз ба?

– «Екі езу» эстрадалық бағыттағы миниатюралық театр болып саналады. Қазір «Екі езу» театры Облыстық Ғазиза Жұбанова атындағы филармония орналасқан «Өнер орталығы» ғимаратында өз орнын тапты деп ойлаймыз.

– Егер театрға жаңа ғимарат салынса, облысымыздағы басқа да жеке, лабораториялық театрлардың басы бірігуі мүмкін бе?

– Егер жаңадан театрға арналып ғимарат салынатын болса, ол жерге облыстық драма театр отырады деп ойлаймыз. Алайда, алдын ала болжап тон пішпей-ақ қояйық.

– Өңірімізде өтетін фестивальдерден байқағанымыз, облысымызда лабораториялық, эксперименттік театрлар бар екен. Оларға қандай қолдау көрсетуге болады?

– Жас та болса танымал Мейрам Хабиболланың жеке лабороториялық-эксперименттік театры бар екенін білесіз. Сондай эксперименттің нәтижесінде «Гамлет» драмасы шықты. Ал, Елтай Кемалдың театры көркемөнерпаздардан құралған театр. Яғни, кәсіби актерлар емес. «Халықтық», «Үлгілі» деген атақтар алып жатса, бір-екі штат беруге болатын еді. Одан басқа «Алмас» деген жеке лабораториялық театр бар. Оларды драма театрына шақырып, қолдауға дайын екенімізді айтқанбыз. Алайда, олар өздерінің еркіндігін сақтау үшін жеке кабинеттер жалдап бөлек отыр. Жалпы, мен жеке театрлардың «Үкіметтік емес ұйым» болып ашылуын қалар едім. Біз оларға мемлекеттік, әлеуметтік тапсырыстар бере алатын едік. Облыстық бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігі пайда болады.

Сағадат Нұралықызы, Tilshi.kz сайты жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

4 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған