«Аралды толтырғаннан жемқорлардың арандарын толтыру қиын боп тұр»: Нартай Тілеуқұл онлайн-айтыста бюджеттен бөлінетін миллиардтар туралы айтты

Қазір тек Қазақстан емес, бар әлем қиын кезеңге келіп тұр. Осы бір қиын кезеңде халықты сабырға шақырып, жұртты жақсы жырмен қуантуда ақындардың алатын орыны ерекше екені айдан анық. Жақында ғана өткен онлайн-айтыстан жүлде алған жас айтыскер Нұрбол Жауынбайдан көкейіміздегі сұрақтарға аз кем жауап алып едік. Бүгін соның жалғасы ретінде онлайн-айтыста үшінші орын иеленген тағы бір ақтөбелік айтыскер ақын Нартай Тілеуқұлмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Ассалаумағалейкүм, Нартай ақын! Жақында жеткен жетістігің тағы да құтты болсын! Саған алғашқы дәстүрлі сұрағымыз: онлайн айтыс пен сахнадағы айтыстың қандай ерекшелігі мен айырмашылығы бар?

– Уағалейкүмассалам бауырым! Құттықтауыңа рахмет! Сахнадағы айтыс пен онлайн айтыстың айырмасы – əлеуметтің алдында айтарымызды əлеуметтік желіде айтқасын біраз өзгешелік бар. Сахнаға шыққанда елдің қолдауы ерекше болады, əр айтылған сөздің бағасын беріп, қол соққанда шабыттана түсесің. Елдің кəдесіне жарап жатқаныңды көргенде делебең қоза түседі. Ал онлайн айтыстың бір жақсы жері уақытқа ешқандай шектеу жоқ жəне ең бастысы айтылған сөздерің халыққа қиылмай жетеді.

– Бәрекелді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында өткен осы онлайн айтыстың өзіңе әсері, маңызы қандай болды? Қарсыласың Нұрболмен болған айтыстағы қызықтарды қысқаша баяндап берсең… Нұрбол басым түсіпті. Не үшін бір табан алға озды деп ойлайсың?

– Жемқорлыққа қарсы күрес негізінде бұрыннан-ақ болып келе жатқан үлкен шаруаның бірі. Ақындар бұған дейін де тілге тиек етіп жемқорлықты сынады. Мысалы, Бекарыс Шойбеков ағамыз: «ат аунаған жерінде түк қалады, ал олар аунағанда түк қалмайды» деп жырлағаны елге белгілі. Онлайн айтыстың ерекшелігі əр облыста бой көтерген жас ақындардың басын біріктіруінде болды. Шамамыз жеткен жерге дейін жастар да жемқорлыққа қарсы екенін осылайша білдірді. Финалда сөз сайыстырған Нұрбол інім де нұрын шашты, жырын шашты. Өмірде де, өнерде де тілектес жерлесім болғасын айтысымыз аға-іні арасындағы сыйластыққа құрылды. Кім жеңсе де достық жеңді деп білемін.

– Қазіргі таңда айтыскерлер келісіп айтысады, бәрі дайындық арқылы жасалған айтыс деген әңгімені жиі еститін болдық. Осыған өзіңнің алып-қосарың бар ма?

– Онлайн айтыстың ерекшелігі де осы тұста анық байқалды. Мырзатай Жолдасбеков ағамыз өз қолымен жеребе суырып, ақындарды сол сəтте айтыстырды. Келісіп алмақ түгілі қарсыластың кім екенін білмедік. Айтыс сонда да тартысты болды, сөзден тосылып қалған ақын көрген жоқпын, бұл қазіргі айтыс ақындары жаттанды, келісіп алады деген ел ішінде жиі айтылатын сыбыстарға аз да болса тоқтау болатын секілді.

– Рақмет. Ал жемқорлықты жеңу жолдарын Нартай ақын қалай жырға қосты?

… Бірақ та құлқын тескен парақорлар

Елдің қазынасына үйір боп тұр

 

Конференция, форумға ақша шашып

Халыққа пайдасыз көп жиын боп тұр

Астанадан бөлінген миллиардтар

Ауылдарға барғанда тиын боп тұр

 

Бюджетті сақтап қойған сүріндей ғып

Жей салу оларға жай бұйым боп тұр

Аралды толтырғаннан жемқорлардың

Арандарын толтыру қиын боп тұр

– Нартай,  айтыстағы жүлде қомақты болғанымен, өзің білесің, айтыс күнде ұйымдастырыла бермейді. Жүлде бұйырмайтын сәттер де болатыны анық. Ендігі сұрақ: айтыскерлердің күнкөрісі қалай? Әнге сөз жазу секілді қаламақы алынатын жұмыстармен айналысасың ба?

– Жалпы ақындарға айтыспен ғана күн көру заман талабына сай емес. Жұма сайын жүлде алып жүрген жүлдегерлер де отбасын тек айтыспен асырай алмайды. Бəйге қомақты болғанмен, желмен келген дүние желмен кетерін көріп жүрміз. Айтыскерлердің көбі тойға шығады, əнге мəтін жазады. Өгізге туған күн бұзауға да туып, біздің де қолымыздан келгені осы болып жүр.

– Айтыстың бұл күндегі беделі, маңызы қандай деп ойлайсың? Өз биігінен аласармады ма айтыс? Жаңа, жас айтыстың халыққа берері не болмақ?

– Қазіргі айтыстың деңгейіне тоқталсақ аласаруға ешқандай хақысы жоқ. Өйткені жас ақындар өзіне дейінгі айтыстың бəрін видеодан немесе аудиодан тыңдап, сөз барымтасындағы əдіс-тəсілдерді өте жақсы меңгеріп алды. Шоу-бизнестің заманы болып тұрса да, айтыс қазір де аудитория жинай алады. Осы арқылы қазақтың рухын жаңғыртарына сенемін.

– Нартай, айтыс ақындары кейде эфирден берілетін айтыстарында сөздері қысқартылып, айтқан шумақтары кесіліп қалатынына қапаланады. Сенде сондай жағдай болды ма? Онлайн айтыстың ұтымды жері де осы болған шығар? Қалай дегенмен онда ешқандай цензура болмады ғой.

– Айтыста айтылған кейбір шумақтар түгілі, айтыстың өзі де экраннан қиылып қалған кездер болды. Онлайн айтыстың ерекшелігі ақындардың барлық сөзі қиылмай жетуінде болып тұр.

«Өгей ғой өтер жерге өтпеген сөз, жетім ғой жетер жерге жетпеген сөз» деп Нұрлан Мұсаев айтқандай халыққа жырымыз жетіп жатса әрқашан қуанамыз.

– Соңғы сұрақ: айтысты ұйымдастыру қиын екенін білеміз, айтыс арқылы елдің сөзін айту ақындарға басты жүк. Құр мақтау, мадақтауға құрылған, халықтың игілігіне жарайтын жайлар қозғалмайтын айтыстарға сенің айтарың қандай?

– Құр мақтауға құрылған айтыстарды өз басым көрген жоқпын. Айтысты өткізуге билік тарапынан қиындық болатыны да ақындардың елдің сөзін ғана айта білуінде деп ойлаймын. Айтыс пен көкпар десе қаны қызбайтын қазақ жоқ шығар, сондықтан қанша жерден тосқауыл болса да қазақтың өнері елмен бірге жасай берсін!

– Сұхбаттасып, ой бөліскеніңе мың алғыс, Нартай! Халықтың мұңын мұңдап, қайғысын қаранардай қайыспай көтерерлік қуат берсін. Шабысың мен шабытың таймасын!

Дәурен Тілеухан, Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған