Қырғызстанның шекара қызметі: Қырғыз-тәжік шекарасында жағдай тұрақты

Қырғызстанның Баткен облысындағы қырғыз-тәжік шекара аумағында жағдай тұрақты деп хабарлады Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі. 8 мамырда кешке мұнда жер телімін пайдалануға байланысты екі тарап арасында кикілжің болып, оқ атылған. Екі жақтан да адамдар зардап шеккен.

Тәжікстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі комитеті екі тәжік азаматының жараланғанын хабарлады. Қырғыз жағынан төрт адам жарақат алған. Олардың бірі – 1994 жылғы ер адамның жағдайы өте ауыр. Оның кеудесі мен асқазанына оқ тиген. Тараптар бір-бірін кінәлады.

Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің хабарлауынша, 9 мамырға қараған түні тыныш өткен. Қазір екі жақта да күштік құрылым өкілдері аумақты бақылап тұр.

Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір мемлекеттер шекара мәселесін шеше алмай келеді. Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың даулы тұстары көп. Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.

2019 жылы қырғыз-тәжік шекарасында кемінде он жанжал болған. Төрт жағдайда адам өлген. Қыркүйек айында болған қақтығыстан бірнеше адам қаза тапты.

azattyq.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған