Қазатомөнеркәсіп Dioxitek-пен мәміле жасады  

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ («Қазатомөнеркәсіп» немесе «Компания») аргентиналық Dioxitek S.A. компаниясымен табиғи уран жеткізу туралы коммерциялық келісім («Келісім») жасалғаны туралы хабарлайды.

2020 жылдың ақпанында Қазатомөнеркәсіп Аргентинаның атом энергетикасының қажеттілігі үшін табиғи уран концентратын жеткізуге Dioxitek өткізген ашық тендердің жеңімпазы болып жарияланды. Осы Келісім келісімшарттар қоржынын географиялық тұрғыдан әртараптандыруға ықпал етіп, Компанияның Оңтүстік Америка нарығына қатысуын нығайтады. Жаңа Келісімге қол қою Қазақстан Республикасы мен Аргентина арасындағы атом саласындағы ынтымақтастықты жаңғыртуды білдіреді, сондай-ақ Қазатомөнеркәсіптің әлемдік ядролық отын нарығындағы сенімді және қолайлы жеткізуші ретіндегі тұрақты беделін көрсетеді.

Қазатомөнеркәсіп туралы

Қазатомөнеркәсіп – әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания. 2019 жылы Компанияның қатысу үлесі негізінде табиғи уран өндірісі әлемдегі жиынтық уран өндірісінің шамамен 24% құрады. Топ саладағы аса ірі резервтік уран базасына ие. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен кәсіпорындарымен бірге 24 учаскені игеретін 13 уран өндіруші кәсіпорынның басын біріктіреді. Уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан, сонымен қатар барлық кәсіпорындар жер асты ұңғымалы шаймалау (ЖҰШ) әдісін пайдаланады және денсаулық сақтауда, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауда алдыңғы қатарлы тәжірибелерді қолдануға басымдық беріледі.

Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздары Лондон қор биржасында және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында орналастырылған. Қазатомөнеркәсіп Қазақстан Республикасының Ұлттық атом компаниясы саналады және Топтың негізгі клиенттері – атом өндіруші қуат операторлары, ал өнімдер үшін негізгі экспорттық нарық – Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропа. Топ уран мен уран өнімдерін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша, сондай-ақ спот нарығында тікелей Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан бас кеңсе немесе Швейцариядағы Trading House KazakAtom (THK) еншілес кәсіпорны арқылы сатады.

Толық ақпарат біздің сайтымызда: http://www.kazatomprom.kz.

Dioxitek S.A. компаниясы туралы

Dioxitek S.A. – Аргентина атом реакторлары үшін ядролық отын сатып алуға және өндіруге тартылған кәсіпорындардың бірі болып табылатын аргентиналық мемлекеттік компания. Dioxitek – Аргентина Энергетика министрлігіне, Атом энергиясы жөніндегі ұлттық комиссияға, сондай-ақ Мендоза провинциясының Үкіметіне тиесілі ұлттық компания.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған