Сарапшылар: Өзбекстандағы бөгеттің бұзылуына құрылыс кезіндегі коррупция себеп болды

Құрылыс саласындағы мамандар Өзбекстанның Сырдария облысындағы қайғылы оқиғаға су қоймасын салу кезіндегі коррупция себеп болды деп есептейді.

1 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы елді мекендерді су алды. 70 мың адам көшірілді. Кейінірек Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекенге су кіріп, ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Сардоба су қоймасы – Өзбекстандағы бірінші ірі су нысаны. Оның құрылысы Шавкат Мирзияевтің ұсынысымен, ол премьер-министр болып тұрғанда басталып, президент болғанда аяқталған.

Су шаруашылығы министрлігінің өкілі Шарифжон Кучкаров әзірге бөгеттің бұзылуына «қатты дауыл» себеп болды деген болжам айтып отыр.

– Қатты дауылдан су толқыны көтерілді. Бөгеттің ең жоғарғы биіктігі 32 метр, ең төменгісі – 28 метрді құрайды. Төменгі бөлігі қатты толқыннан бұзылып, сумен шайылып кетті. Біздің болжам бойынша, соңғы 2-3 күндегі қатты дауылдан бөгет бұзылды. Одан кейін 3-4 күн нөсер жауын жауды. Осы кезеңде су қоймасы 24 сағат бойы бақылауда болды, – деді министрліктің өкілі.

Алайда құрылыс және су қоймасы саласындағы мамандар Сырдария облысында орын алған қайғылы оқиғаға бөгет құрылысына деп бөлінген қаржының ұрлануы себеп болған деп есептейді.

– Егер нысанды салып жатқан кезде, ешқандай ақша ұрланбай, бөлінген қаржының бәрін құрылысқа жұмасаса, ешқандай бөгетті су шайып кетпес еді. Су қоймасының көлемі үлкен. Құрылысқа 25 миллион доллар бөлінген. Қазіргі кезде құрылыстан ақша ұрлау қиын емес. Мәселен, нығыздауға 1000 текше метр құм керек болса, оған 500 текшеметр жұмсайды. Мысалы, мен – құрылысшымын, құм алу үшін зауытпен келісім-шартқа отырамын. Құжат бойынша 1000 текшеметр құм сатып аламын да, 10 мың доллар аударамын. Бірақ шын мәнінде 500 текше метр құм аламын. Кейін зауыт өкілі есепшотқа аударылған қалған қаржыны маған қолма-қол қайтарады. Мұны қазіргі тілмен «откат» деп атайды. Бүгін мұндай схема барлық құрылыс саласында жүріп жатыр, – дейді маман.

Маманның бұл пікірін Сардоба су қоймасын салуға қатысқан құрылысшының бірі растады.

– Мен бұл су қоймасының құрылысын жүргізуге қатыстым. Оған тас әлдеқайда аз мөлшерде қолданылғанын жақсы білемін. Жүк көліктеріне құрылыс саласына деп артылған қиыршық тас пен ірі тас жолшыбай сатылып келген. Қазір «Чимкурганда» су қоймасы салынып жатыр. Онда да дәл осындай жағдай орын алып жатыр, – дейді құрылысшы.

Сардоба су қоймасын салушы «Тупаланг-гидро курилиш» компаниясы. Азаттықтың өзбек қызметінің сенімді дереккөзінің берген мәліметі бойынша, бұл компания «Өзбекгидроэнерго» компаниясының басқарма басшысы, сенатор Абдугани Сангиновқа тиесілі.

– Өзбекстанда барлық су қоймасын Абдугани Сангиновқа тиесілі компаниялар салады. Бұл – оның монополиясы. «Тупаланг-гидро курилиш» та соның компаниясы. Салықтан жалтару үшін, әр үш жыл сайын компания атын өзгертіп отырады, – дейді дереккөз.

centralasian.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған