Бала Димаштың волонтерлықпен айналысқанын білесіз бе? Гүлмирам Сражова әншінің игі істері туралы айтып берді

Пандемия кезінде ақтөбелік волонтерлар тобы қарап қалмады. Амалын тауып мұқтаж жандардан көмегін аямай келеді. Солардың бірі – қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау орталығы жанынан ашылған волонтерлар клубы.

Гүлмирам Сражова көп жылдан бері өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеп келеді. Рухани ұстазы – мүгедектер қоғамының негізін қалаушы, керемет идеолог, басқа түскен қиындықтарды мойымай жеңіп, тағдыр тәлкегіне түскен жүздеген жанға ана, дос, сырлас болып отырған Құралай Байменова деуге болады.

«Тілші» сайты жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің оқушысы Айгүл Саимова азаматтығымен, еңбекқорлығымен көпке үлгі бола білген Гүлмирам Сражовамен тілдескен болатын. Кейіпкеріміз қазіргі волонтерлық қызметі, оған Димаш пен оның ата-анасының қатысы, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмысы, спортпен шұғылданып, талай жарыста топ жарып жүргені, тағы басқа жайттар туралы әңгімелеп берді. Сонымен…

Ақтөбедегі Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау орталығының атқарушы директоры Гүлмирам Сражова волонтерлық клубтың мүшелігінде Димаш Құдайбергенов пен оның ата-анасы бар екенін жеткізді. Өнерлі отбасы қор ұйымдастыратын іс-шараларға белсене араласқанын, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап концерттер беріп, үнемі оларға қолдау көрсетіп жүрген.

Гүлмирам Сражова Димаштың анасы Света Айтбаевамен жас кезінен арасалады екен. Гүлмирам бала Димаштың бойынан өнерге деген талпынысын және оның мейірімді екендігін көре бастаған.

«Алтын жүрек», «Қала мен бала», «Жақынның жан жылуы», «Біз біргеміз» атаулы әлеуметтік маңызды акцияларға қатысып жүрген Димашқа дән риза болатынбыз», – дейді Гүлмирам Сражова.

Бүгінде Димаштың әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері де белсенді түрде қайырымдылық шараларымен айналысып келеді. Соңғы кезде көбінесе пандемияға байланысты ақ халатты жандарға көбірек көмектесіп келеді.

Ал, Ақтөбеде Гүлмирам мұқтаж жандардан түскен өтініштерінің тізімін жасап, олардың мұң-мұқтажын ескере отырып, волонтерлік клуб мүшелігімен орасан зор жұмыс атқарғанын тілге тиек етті. Клуб мүшелігінің арасында батыл азаматтарды ерікті түрде іріктеп, пандемия кезінде мұқтаж отбасыларына азық-түлікпен қамтамасыз етті. Карантин кезінде оқшаулануына қарамастан Гүлмирам үйде отырып, жұмысын әрі қарай жалғастырып, халықтың көңілінен таба білді.

Айта кетейік, білім қуып қалаға келген балғын қыздың армандаған мақсаты аяқ астынан жолаушылар пойызының астына түсіп екі аяқ, бір қолынан айырылғанда көкке ұшқандай болды. Гүлмирам Сражова осы апаттан кейін бірнеше жылдар бойы төсек тартып жатып қалды.

Гүлмирамның жастық шағы еліміздегі тоқырау заманымен тұспа-тұс келген болатын. Міне, осы кезде ол осындай ауыр жағдайға тап болып, бірнеше жылдар оның ем алуға ешқандай мүмкіндігі болмады.

Гүлмирам спортшы шәкірттерімен бірге

Біраз уақыт өткеннен кейін Гүлмирам «Денсаулық» журналына өзінің жағдайын баяндап хат жолдайды. Соның арқасында аудан әкімшілігі оның хал-жағдайын біліп, Гүлмирамның емтихан тапсырып, мектеп тәмамдап, аттестат алуына септігін тигізеді.

Сондай-ақ, әкімшілік тарапынан Гүлмирамға қаладан бір бөлмелі жатақхана беруді ұйғарады. Содан ол Ақтөбе қаласына көшіп келеді. Бір жылдан соң Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институтына түсіп, тәмамдайды. Қосымша Қазақ-Орыс халықаралық университетінің заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Гулмирамның қасында үнемі қолдау көрсетіп, басындағы тауқыметін жеңілдетіп, ортаға тез бейімделуіне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына бірден-бір себеп болған оның анасы және «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының» төрайымы Құралай Байменова.

Гүлмирам Сражова 2005 жылдан бастап «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының» мүшесі болып кіреді. Қазірде Гүлмирам сол орталықтың атқарушы директоры болып жұмыс жасайды.

Гүлмирам Құралай Базарбайқызымен

Орталықтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың жұмысқа орналасуына, өнер және спортпен айналысуына, оны әрі қарай дамытуға, ерiктiлік қызмет ұйымдастыру  шараларын жүргізуілеріне үлкен септігін тигізіп жүр.

2007 жылы желтоқсан айында «Достық, адалдық, рақымшылық» ұранымен волонтерлік клуб құрылды. Бұл клубтың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету. Осы жоба бойынша көптеген жұмыстар атқарылып, әлеуметтік мәселелер шешілді.

Италия, 2019

Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін алдағы уақытта «Қолжетімді Қазақстан» жобасы аясында еліміздегі мекемелер мен ғимараттарға және бизнес орталықтарына еркін кіріп-шығуына жағдай жасау бойынша мониторингі жүргізуді жоспарлауда. Бұл жоспардың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарттарға арналған пандус және зағип жандарға арналған тактильді тіректерде  еркін жүріп-тұруына ыңғайлы болуын қамтамасыз ету.

Гүлмирам Сражова мұқтаж жандардың қоршаған ортаға бейімделуіне жағдай жасап, үкімет тарапынан берілетін тиісті көмекті талап ете отырып, мүмкіндігі шектеулі жанның мүгедек екенін сезінбейтін тұлға моделін құру үшін бар күш-жігерін жұмсап, аянбай еңбек етіп жүр.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесіп, оларға қолдау көрсетіп, жігерлендіріп жүретін Гүлмирамның еңбегі өте зор.

Гүлмирам волонтерлармен

Гүлмирам жан-жақтылығымен, қайсарлығымен халық арасында зор беделге ие болып жүрген жан. Ол өзінің мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан спортқа ден қойып белсене араласып жүр.

Бірнеше паралимпиадалық ойындардың жеңімпазы атанып жүрген Гүлмирам өзінің жетістігін әрі қарай шыңдауға талпынып жүрген тұлға. Оның осындай жеткен белестеріне сүйсіне қарай отырып Гүлмирамның бойынан қазақ қызына тән қайсарлық пен өжеттілікті көруге болады.

Айгүл Саимова, Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

 

14 Comments

    1. Несмотря на все трудности, она все преодолела. Упорство, труд и работа над собой самое главное в жизни.☝️Но не каждому дано такие качества. Молодец, браво восхищена этой девушкой!👏👏👏 Желаю ей удачи во всех начинаниях, светлого пути!!!✨✨✨

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған