Нарғыз Жанұзақова: Бас жүлде үшін емес, Димашпен бір сахнада ән айту үшін сайысқа түстім 

Кішкентай Нарғыз Жанұзақова жас әнші Димаш Құдайбергенмен Лондон сахнасында бірге ән шырқаған сәтін әлі күнге қуана еске алады. Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті Нұржан Дияровқа Нарғыз өнердегі ағасымен қалай танысқаны, жеке концертінің неліктен кейінге қалдырылғаны, карантин кезінде немен айналысып жатқаны туралы айтып берді.

«Димашпен ең алғашында Baqytty Bala байқауында таныстым. Ол халықаралық деңгейде өтетін Димаш Құдайбергеннің жеке ән байқауы. Ән байқауында бар өнерімді көрсетуге тырыстым. Маған Димашпен бір сахнада ән айту бақыты бұйырды», – дейді Нарғыз.

Айта кетейік, байқауға барлығы 300-ден астам бала қатысты. Іріктеу кезеңінде үш тілде ән шырқаған. Іріктеу кезеңінен өткен 20 қатысушының қатарында Нарғыз да болды.

«Қобалжу, толқу, іштей сенімсіздік болды. Өтпей қалам-ау деп жүрексіндім. Себебі, осының алдында «Бала дауысы» ән байқауының кезеңдерінен өтпей, көңіл күйім болмай жүрген. Бірде Talant Studio директоры осы сайыс туралы айтып, бірге өтініш қалдырдық», – деп еске алады Нарғыз.

Конкурс барысында жүлделі орындар мен бір сахнада ән айту құқығына ие болатын әншіні Димаштың өзі таңдауы тиіс еді.

«Шынымды айтам, мен бас жүлде үшін емес, Димашпен бір сахнада ән айту мүмкіндігіне ие болу үшін бардым. Алайда, байқау қорытындысы бойынша Гран-при де, Димашпен ән айту құқығы да маған бұйырыпты», – дейді жас әнші.

Нарғыз Димаштың Лондонда өтетін үлкен концертіне дайындыққа кіріседі. Ақтөбедегі Өнер орталығының сахнасында Димаштың анасы Света Айтбаевамен бірнеше күн бірге дайындалады.

«Ұстаздарыма шексіз алғыс! Шетел сахнасына шыққанда еш қобалжымай, жанды дауыста ән шырқадым. Қошемет, дыбыс, барлығы өте жоғары деңгейде екенін сол кезде сезіндім. Шетелде бір сахнада Димаш Құдайбергенмен ән шырқаған сәтім естен кетпейді», – дейді 14 жастағы Нарғыз.

Айта кетейік, жас әнші Лондон сахнасында «Елімнің жүрегі – Астана» әнін орындаған болатын.

Нарғыздың бала арманы – ән айту. Аталары мен әкесінен дарыған қасиет болса керек.

Испанияда өткен «TU onda» ән байқауының Гран-при иегері. Отандық «Айналайын» ән байқауының жеңімпазы. Жергілікті «Диапазон» газетінің таңдауы бойынша, Нарғыз – «Жыл адамы – 2018».

«Сәуір айының басында жеке концертім өтеді деп жоспарладым. Ол кешке Марат Әйтімов, Айқын Төлепберген секілді ағаларыммен, «Голос Дети» байқауының жеңімпазы әрі досым Ержан Максиммен бірігіп ән айтамыз дегенбіз. Онымен елдегі, әлемдегі пандемияға байланысты кейінге шегеруге тура келді», – дейді Нарғыз «Тілшіге» берген сұхбатында.

Жас әнші алдағы уақытта Польшада өтетін ән байқауында бақ сынап көрмек ниетте. Сонымен бірге, «Голос Украины» байқауында жеңімпаз атанғысы келетінін жасырмайды. Әзірге, карантин кезінде күнделікті онлайн сабақтар алп, дауысымен жұмыс жасап жүр.

Нұржан Дияров, Tilshi.kz мектебі жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

6 Comments

  1. Ия,Наргыз- оте карапайым,сабырлы
    к ыз.Эншилик онерин алгаш мектебимизде откен эн байкауында корип,тан калганмын.Жалгыз мен емес.Типти адилказылар алкасы музыкасыз эн айтуын сураган .Еш озгериссиз, ашык,эсем де зор дауыс.
    Сол керемет онеринмен улкен асуларды багындырып,бииктерден корине бер,Наргыз !

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған