Дархан Рақымжан, тележүргізуші: Карантин Smart-журналистикаға қадам жасауыма итермеледі

AQTOBE арнасында қызмет жасағанына 6 жылдан асқан ақтөбелік Дархан Рақымжан карантинде жұмыс форматына өзгеріс енгенін айтады. Бұл туралы жас тележүргізуші Tilshi.kz сайты жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің шәкіртіне әңгімелеп берді.

Төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік желі арқылы онлайн сұхбат жүргізу идеясы AQTOBE арнасы басшылығына тиесілі екен. Күнделікті хабар-ошар, эфир бағдарламасынан шеттетілген журналистердің онлайнға өту процесінде неден бастау керек, қалай жасау керек деген сияқты фобия болғаны аян. Алайда, мылтықтың оғындай жылдамдықпен игерілуі тиіс онлайн режимде Дархан Рақымжан іштей дайындықтан өткенін жасырмайды.

Алғашқыда инстаграмда анонс дайындау, жарнамалайтын афишасын жасауда бұрынғыдай монтаждауға қолы жетпегесін, мобильдік қосымшаларды пайдалануға мәжбүр болады. Сурет-бейне монтаждауға арналған мобильдік қосымшалардың мүмкіндігін SMM-мамандары мен әріптестерінен сұрап біліп, үйренеді.

Әдетте, жарты күн, бір күн кететін кәсіби монтаждау жұмысын 10-15 минутта ептеп кете алатын Дарханның инстаграмдағы жарнамасы бірден кеңінен тарай бастады. Ал, тікелей эфирдегі қонақтары болса, жергілікті телеарналар ғана емес, республикалық телеарналардың қолы жетпейтін тұлғалардан құралған десек болады.

Ең алғашқы Асхат Садырбаймен болған сұхбатта «карантин кезінде журналистика қалай өзгерді?» деген сұраққа «дәстүрлі журналистикадан бөлек, онлайн журналистикаға көшкеніміз жөн» деген пікірі Дарханға онлайн сұхбат жүргізуге зор мотивация болса керек, тікелей эфирге одан сайын құлшынысы арта түсіпті.

@aqtobetv парақшасында тікелей эфирдің жарнамасы сәтті жасалып, инстаграмда көрермендердің сұранысы артқан, сұрақтар қойылып қызу пікірталас туындады. «Эфирді сақтаңызшы», «мына тұлғаны шақырыңызшы, мынадай сұрақ қойыңызшы» деген өтініштер көбейген. Оқырман саны бірден артып, Дарханның өз парақшасына жазылушылар саны 5600-ға жетті.

Көптің қалауын ескеріп, шақырылған қонақтар ішінде режиссер, мәдениет қайраткері Асхат Маемиров, театртанушы Молдияр Ердембеков, аға журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, журналист Асхат Садырбай, Нартай Аралбайұлы, Гарвард Университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан секілді айтулы тұлғалармен сұхбат барысында халықтың көңілінен шыққан эфирлер болғанын айтуға болады.

Қазіргі қазақ телевизиясының алдыңғы буын ағасы Нұртілеу Иманғалиұлымен болған сұхбат өзіне ерекше әсер етіпті. Нұртілеу Иманғалиұлымен бірге эфирде отырып сұхбаттасатын сәтті күткенге дейін, оған дайын болғанға дейін бәлкім 5-10 жыл өтіп кетер ме еді дейді. Ал, онлайн мүмкіндік арқылы осы сәтте бұйырғанына қатты қуанады.

Дархан алдағы эфирлерінде білім саласына көңіл бөліп жатқанын айтады. «Болашақ» бағдарламасымен оқығысы келетін талапкерлерге арнап эфир жасауға дайындалып жүр екен. Өйткені, білім саласындағы сұрақтар көптеп жауып, сұраныс артып жатыр. Осыған орай, Н.Назарбаев сияқты ЖОО орындарының білікті мамандарымен эфирлер жасауға дайындалып жатқанын айтады.

Смарт журналистикаға жаңа ғана үйреніп келе жатқан Дархан жастарға интернет кеңістігінің, инстаграм желісінің барлық мүмкіндігін меңгеруге кеңес береді.

Өз кезегінде Нұртілеу Иманғалиұлымен болған сұхбатта «дәстүрлі журналистканың орнын онлайн журналистика басып жатыр деген пікірге келісесіз бе?» деген сұрағына «онлайн формат жаңа заманның мүмкіндігінің бірі ғана» деген жауап алады.

Бүкіл әлем онлайн форматқа көшеді деген жорамалға сенсек, «ақпарат ағыны лездікті талап ететіндіктен, оқырман тарту үшін әлеуметтік желі арқылы жеткізуі тиіс, бейімделуі де тиіс болады. Бейімделе алмаса, кез келген маман өзінің шығармашылық жеңістеріне жете алмайды» деген ойды алға тартты.

Бүкіләлемдік құбылысқа айналған COVID-2019 вирусынан кейін әлем бұрынғыдай болмайды деп айтылуда. Қазірде мемлекеттік мекемелер офиске байланбауға, белгілі рамкадан шығуға тырысып жатыр. Үйде отырып та 8 сағаттық жұмысты еркін жасауға болады.

Дархан осы күнге дейін кей әріптестерінің онлайн белсенділігіне мән беріп қарамаппын дейді. Карантин бұрынғы өмірін бас аяғына төңкеріп тастап, жаңа дүниелерді жылдам игеруге жол ашыпты. Осы кезеңде тез игеріп алған біліміне әрі қуанып, әрі артта қалыппын ғой деп өкінеді.

Карантин кезеңі Дарханға шығармашылық серпін әкелді. Ойында жүрген стериотиптерді бұзды. Бұрын өзі дұрыс деп ұстанған даңғыл жолды онлайн мүмкіндіктер ауыстырды. Өз саласындағы қызықты тұлғалармен, кәсіби мамандармен байланыс орнатып, нетворкингін дамытты. Алда бұл саланы жалғастырып, басқа қалаға көшіп, еркін форматта жұмыс істеу ойымда бар дейді.

Сағадат Нұралықызы, Tilshi.kz сайты жанындағы Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

 

 

7 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған