«Мешіттерге садақа бермейміз»: Қазақстандықтар онлайн садақа аудару туралы банк бастамасын қалай қарсы алды?

Kaspi банкінің пітір-садақаны онлайн аударуға болатыны туралы хабарлағаны сол еді, желі қолданушылары мешіттер мен имамдарға садақа бермеу керектігін айтып жатыр. Бұл туралы «Тілші» Kaspi банкінің желідегі парақшасындағы жазбаларға сілтеме жасап хабарлайды.

«Пікір садақаны мешітке бергеннен гөрі жағдайы жоқ жандарға берген дұрыс деп ойлаймын», «Осындай қиыншылықта мүлдем аш отырғандарға жинаған әлдеқайда қайырлы», «Өз басым пітір садақаны мешітке берген емеспін, бермеймін де. Жалғызбасты көпбалалы жандарға берген дұрыс. Балалар үйіне берейін десең, басшылары қолды қылады», «Дұрыс айтасыз! Қанша берсек те, анық бір отбасы алады, ал мешітке берген пітір қайда кеткенін сол мешіттің имамы біледі, кешірерсіз, ешкімге тіл тигізгім келмейді», – деп жазады желі қолданушылары.

«Мешітке бермеймін, нақты адамға беру қажет, қанша өлімнен қой алып жатыр соны өздері таратсын, ал басқа халық нағыз мұқтаж отбасыларына қолма-қол апарып беріңдер, сол дурыс болады», – дейді кейбір желі қолданушылары.

Өз кезегінде, мешіттер аманатқа қиянат жасамайды дегендер де табылды.

«Әрине, жағдайы жоқ адамдарға берген дұрыс, бірақ мешітке берсеңіз, жағдайы жоқ адамдарға береміз деп аманат қылып алған соң, аманатқа қиянат жасамайтын шығар». «Қайда берсеңіз де шын ниетіңізбен берсеңіз, Алла көруші, ол көріп тұр сіздің бергеніңізді. Шын ниетпен берген зекет, пітір садақаларымызды қабыл етсін», – деп жазады олар.

Өз кезегінде, Kaspi.kz менеджерлері әрбір адам қайырымдылық жасауды өзі шешетінін алға тартады. «Сіз мұқтаж адамдарға өз бетінше қайырымдылық жасай аласыз», – деп қайырды банк қызметкерлері.

фото: sputniknews.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған