«Science Stars» жобасының Қазақстандағы онлайн-финалы өз мәресіне жетті

2020 жылы 18 сәуірде «Science Stars-тың» Қазақстандағы онлайн-финалы өтті. Қазақстан оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен Ұлттық ғылыми коммуникациялар байқауын жастардың арасында ғылымды насихаттау мақсатында Британ Кеңесі, OYLA журналы, Назарбаев Университеті және «Шеврон» компаниясының қолдау көрсетуімен «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырды.

Байқаудың бірінші кезеңіне 260 үміткер қатысты, олардың 10-ы финалға іріктеліп алынды. 2020 жылдың 11-12 сәуірінде финалистер үшін коммуникация және презентация машықтары бойынша арнайы онлайн-тренинг ұйымдастырылды.

«Science Stars байқауы үшінші рет өткізіліп жатқанына қуаныштымын», — деді Қазақстандағы Британдық Кеңестің директоры Роуэн Кеннеди. – Қоғамның тұрақты болашағын қалыптастыруда ғылым үлкен рөл атқарады, атап айтқанда ол COVID-19 пандемиясына байланысты өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Ұлыбритания ғылым саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарына кіріп, әлем бойынша дәйексөз ретінде жиі келтірілетін 16% зерттеу жүргізеді және АҚШ-тан басқа елдерге қарағанда ең көп Нобель сыйлығын иеленген. Science Stars арқылы Британдық Кеңес Қазақстанның білім экономикасын дамытуға деген ұмтылысын қолдап, жастардың болашақта зерттеушілер мен ғалымдарға айналуы үшін STEM-де мансап құруға шабыттандырады».

Онлайн-финалға қатысушылар келесі ғылым салаларының бірі бойынша өнертабыстар, теориялар немесе жобалар туралы баяндалатын үш минуттық қазақ немесе орыс тіліндегі презентацияларын ұсынды: технология, инженерия, медицина, биология, химия, физика немесе математика. Финалистердің презентациялары Британ Кеңесінің YouTube-каналына салынады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазылар алқасына «Ғылым қоры» АҚ Басқармасының Төрағасы Арын Орсариев, National Laboratory Astana-ның жетекші ғылыми қызметкері Алмагүл Кушугулова және «Шеврон» компаниясы қоғаммен байланыс бөлімінің координаторы Жанар Кошпанова кірді. Үздіктер қатарына енген Алиби Садыков, Камеля Досанова және Асем Бисенбай бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған