Пандемия кезінде Ақтөбе журналистері қалай жұмыс істеп жүр? – Tilshi.kz тілшілермен тілдесті

Төтенше жағдайға байланысты көптеген мемлекеттік мекеменің ойлайн режимге ауысқаны мәлім. Алайда, халықты ақпаратпен қамтамасыз ететін журналистер қалай күн көріп, қандай күй кешіп жүр? Әлемдік құбылысқа айналған онлайн қызмет журналистиканың форматына ыңғайлана ала ма? Tilshi.kz  республикалық, жергілікті БАҚ өкілдерінің жұмыс барысына көз жүгірткен болатын.

«Астана» арнасының Ақтөбедегі меншікті тілшісі Бақыт Рақметованың журналистика саласында еңбек еткеніне 17 жыл болған. Әдеттте сюжет кейіпкері мен оқиға орнын таңдауда кедергі көрмей жүрген ол карантин кезінде ақпарат алу мен түсірудің қолжетімсіздігінен қиналған. Өзінің жүріп тұруына рұқсат қағазы болса да, жеке көлігі өз атына рәсімделмегендіктен, қала ішінде қозғалу қиынға соғады.

Портреттік жеңіл-желпі сюжеттер ғана түсіріп жүргенін қинала жеткізді. Онлайн режим бұрынғы еркіндіктен тиып, ақпараттарды сайттардан, әлеуметтік желілерден іздеп табатын жағдайға жеткізген. Брифингтердің өзінен сюжет шығара алатын әккі тәсілдер онлайн брифингтерде іске аспай қалыпты. Сондықтан да, бұл кезеңде белсенділік таныту қиын дейді ол.

 «ТЖ кезінде көп ақпараттан кесілдік. Әсіресе, телеарна тілшілеріне нақты фактілерге назар аудартып, көрерменге көрсетер дәлел керек. Қазір әр қадамыңды аңдып басып, өзіңе, отбасыңа қауіп төндірмейтіндей болуың керек. Алайда, карантин еркін жұмыс режимін бұзып жіберді. Жүріп тұратын көлігімізге, өзімізге де рұқсат керек. Түсіретін сюжетті қысқартып, тиянақты жұмыс жасай алмаймыз. Барынша портреттік сюжеттер дайындауға тырысамыз. Аузымызды құр құммен сүртіп құрғақ ақпарат беруге мәжбүрміз», – дейді ол.

Ал, КТК арнасының Ақтөбедегі меншікті тілшісі Жаңалық Ахаш онлайн режим журналистикаға келмейтінін мойындайды. Сюжеттің форматында проблеманың көзі мен проблеманың шешімін айтатын екі тараптың болмауы, спикерлердің қолжетімсіздігі, нақты пікірлерді ала алмау сияқты кедергілер болып жатқанын айтады.

«Бір жағынан вирустың жұғу қаупі бар, ара қашықтық да сақтау керек. Атыраудағы бір әріптесіміз карантин аумағына кіріп кетіп, қамалып қалғаны мәлім. Қазір үстінен іс қозғалуда. Толыққанда сюжет дайындау үшін кейде сақтануды ұмытып кетіп, маскамызды шешіп тастап жүгіреміз. Халық нақты ақпаратқа қанығып, тірі кейіпкерлерді көргісі келеді. Ал, онлайн жұмыстың шартында бүкіліміз интернет арқылы қосылып, сұхбат жүргізіп, сюжет жасауымыз керек. Телеарна форматы онлайнға әлі жете дайын емес. Халықтың да құлақ көзі жаңа үйреніп келеді», – дейді.

Ал, Aqtobe телеарнасының жүргізушісі Дархан Рақымжан үшін онлайн мүмкіндіктің жаңа есіктері ашылғанын айтады. Күнделікті жаңалықтарды жеткізу, бірыңғай формат әбден жалықтырса керек, әлеуметтік желіде онлайн белсенділік танытып, @aqtobetv инстаграм парақшасында танымал тұлғалармен онлайн сұхбат жүргізуді қолға алған.

Бір ай карантин уақытында Асхат Маемиров, Шыңғыс Мұқан, Асхат Садырбай, Молдияр Ердембеков секілді мәдениет, қоғам белсенділерімен онлайн эфирге шығып, халықтың көңілін аулай алды деуге болады. Әдетте, елімізге танымал тұлғалармен ашық сұхбаттасу қолға түспейтін мүмкіндік. Ал, онлайн режим  бұл шекараны бұзды да, халықпен тұлғалардың арасын  жақындастырды дейді.

«Болашақта смарт-журналистикада өзімді байқасам ба деймін. Ютубта жобалар ашып, сұхбаттар жүргізуді мақсат етіп отырмын. Бір ай ішінде өзім автор, редактор, әрлеуші, координатор қызметтерін қатар атқарып, жарты күн кететін монтаждауға 10 минут ішінде смартфонмен оңай жасай алатын болдым», – дейді Дархан Рахымжан.

«Қазинформ» агенттігінің тілшісі Самал Ендібаеваның жұмысы телеарна журналистеріне қарағанда жеңілдеу. Алайда, ақпаратты жылдам жеткізу, ең алғашқы болып халықты құлағдар етуге арналған сайттың тілшісі болудың өз қиындығы бар дейді. Әдетте, БАҚ өкілдері үшін арнайы ұйымдастырылатын пресс-конференциялардан журналистердің сұрақ қойып, тауып алатын ақпараты карантин кезінде қиындағанын айтады.

«Денсаулық сақтау, білім департаментінің, әкімдіктердің БАҚ өкілдерімен жұмыс істейтін пресс-қызметкерлері онлайн режимге дайын болмай шықты. Онлайн десе, тікелей эфирді түсіріп отыра беру деп ұқса керек. Әдеттегідей тікелей эфир туралы пресс-релиз дайындап, тілшілерге электронды нұсқасын таратып отыру қажет еді. Керісінше, тікелей эфирде халықпен бірге отырып сұрағымызға жауап ала алмай қаншама уақытымызды сарп еткенін айтады. Мұндай жағдайда тек тілшілерге ғана арнайы тікелей эфирлер ұйымдастырса, тек БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізсе құба құп болар еді», – дейді ол.

Самал Ендібаева «онлайн режим қай саланың жұмысында былық болса, соны айқын көрсетіп берді» дейді.

Өзі студент болса да жергілікті газетте тілші болып жұмыс істеп жүрген Ақтілек Орынбасарова «Керек инфо» газетіне 2 жылдан бері жазып келеді. «Журналистика көзбен көріп, қолмен ұстағанға сендіретін мамандық» дейді ол. Көзбен көрінген эмоцияны жеткізу, суреттеу, фото-бейнеге түсіріп әбден үйренген ол қашықтықтан жұмыс істеуде жасандылыққа да бой ұратынын айтады.

«Бір жағынан карантин еркіндік сыйласа, бір жағынан қолды қысқартады. Эксклюзив ақпарат табу мүмкін емес. Газетіміз әдеттегідей апта сайын шығып жатыр. Жанталасып ақпарат тауып, үйдегі балалармен жағаласып жазып жатамын. Көбіне елдің бәрін ұйықтатып, түнделетіп жазамын», – дейді ол.

«Цифрлы Қазақстан» болуға дайынбыз деп берілген есептер ТЖ кезінде қашықтықтан оқыту, онлайн режимге дайын еместігін көрсетті. Зуылдаған интернет байланысының кемшілігі мен көпшілікке қолжетімсіздігі – бүкіл Қазақстанның онлайн режимге өтуі мүмкін еместігін ескертті. БАҚ-та да солай…

Сағадат Нұралықызы, Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті  

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

фото: newreporter.org

4 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған