«Дүрбелең тудыратын ақпараттарға сенбеуге шақырамын»: Коронавирус жұқтырған болашақ дәрігер «Тілшіге» ашық сұхбат берді

Ел болып пандемиямен күресуге ұмтылып жатырмыз ғой. Бірақ, бұл күрестің алдыңғы сапындағы дәрігерлер мен волонтерлардың еңбегі ерен. Солардың бірі волонтер, әрі кіші медициналық қызметкер – Хамиддин Тілеужан.

Хамиддин қазір Астана медицина университетінің бірінші курс студенті. Волонтер болуға өз ниетімен келген жас дәрігер елді емдеймін деп өзі де коронавирус жұқтырып алған. Оның бұдан кейінгі жағдайы қалай болғанын және волонтер кезінде қалай жұмыс істегенін өзінен сұрадық.

– Хамиддин, волонтер болып жүрген кездегі жұмыс режиміңді айтып берші.

– Мен жедел жәрдем бөлімінде қызмет еттім. Қарапайым пациенттерді әдеттегідей, ал коронавирус қаупі бар адамдарды бөлек тәртіппен қарадық. Оларды бірден Тубдиспансерге тексеруге апарамыз. Анализ қорытындысына қарай, қонақ үйде немесе өз үйінде карантинге алынады. Жұмысты тәулік сайын ауысып істеп жүрдік. Демалған күні де үйге бармай, қонақ үйде қаламыз.

– Ол жақтағы дәрігерлердің жағдайы қалай?

– Барлық жағдай жасалған. Жатын орын мен жуынатын жер, төрт мезгіл тамақпен қамтылған. Бір сөзбен, бәрі жақсы.

– Жедел жәрдем коронавируспен ауырғандарды қандай белгілер арқылы анықтайды?

– Бірінші кезекте телефонмен хабарласқан адамнан симптомтарын сұрап аламыз. Өзін қалай сезінеді, қызуы бар ма, іші өтті ме, өтсе неше рет, басы ауырмай ма дегендей. Олар сәйкес келген жағдайда бірден арнайы киіммен барып пациентті алып келіп, анализ жасаймыз.

– Егер вирусты жұқтырып алған болса, толық емделіп шығуға қанша уақыт кетеді?

– Адамның иммунитетіне байланысты. Әлсіз болса, жағдайы қиын болады. Қайтыс болғандардың өзінде бұл вирустан бөлек біраз ауруы болған. Соның үстіне бұл қосылғанда организм көтере алмай қалуы мүмкін. Иммунитет орташа болса, бірнеше аптада айығып кете алады. Иммунитет мықты болса, тіпті ауырмайды. Бірақ вирусты басқаларға жұқтыруы әбден мүмкін. Оларды біз «тасымалдаушы» деп атаймыз. Өздері ауырмайды, бірақ, айналасына таратып жүреді. Сондықтан, қоғамнан шектелу барлығы үшін маңызды. Симптомдардың алғашқы белгілері туралы стандартты уақыт өзгеріп жатыр. Бұрын 5 күн еді, кейін 6-7 болды, қазір 14 тәулік болып тұр. Яғни, вирус жұқтырған болсаңыз да, оны сезбей екі апта қамсыз жүруіңіз мүмкін.

– Өте маңызды сұрақ. Өзіңді қалай сезінесің? Коронавируспен ауырған қалай екен?

– Қорқатындай емес. Жастық қуат алаңдауға себеп тудырмайды. Сондықтан, адамдарды дүрбелең тудыратын ақпараттарға сенбеуге шақырамын. Қорқынышқа бой алдырмай, азаматтық жауапкершілікті сезініп үйде отыру керек. Жасы үлкен, әрі денсаулығы әлсіздер үшін қауіпті. Сондықтан, вируссыз-ақ денсаулықты қадірлеу керек.

– Сұхбат үшін рақмет. Тезірек жазылып кетуіңді тілеймін.

Азамат МАХАМБЕТ, Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттіктің қолдауымен жүзеге асырылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған