Жанна Елеуова: Волонтерлікті тұрақты жұмыс деп қабылдап, сол арқылы ақша табу дұрыс емес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «волонтер жылы» деп жариялаған еді. Жыл басынан ауқымды жобалар қолға алынып, нәтижелі істер жасалып келеді. Ел аумағында 200-ден аса арнайы ұйым құрылып, 50 мыңдай адам волонтерлік қызметте бас қосты. Волонтерлік қызмет жас талғамайды. Дей тұрғанмен, президент бекіткен жылдың бастау көзі – жастар.

Бірі саясатқа белсене араласып, бірі өз білімін бөлісіп, енді бірі жүрегінің мейірімін мұқтаж жандарға ұсынады. Сондай жастың бірі – Елеуова Жанна. Ол «Шапағат» қайырымдылық қорының негізін қалаушы волонтер. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің студенті. 2019 жылдан бастап қайырымдылық қор ашып, тағдырдың тәлкегіне түскен талайға жәрдемдесіп жүр. Жүрегі мейірімге толы, жанашыр жанның өзімен тілдескен едік.

Жанна, «Шапағат» қайырымдылық қорының тарихын, негізгі мақсатын айтып берсеңіз?

Армысыз! Біздің «Шапағат» қайырымдылық қоры 2019 жылы құрылып, қарқынды жұмыс жасап келеді. Қайырымдылық қорымыздың мақсаты көмекке зәру жандарға қол ұшын созып, демеу болу. Біз тек адамдарға қаржылай емес, рухани да қолдау көрсетуге тырысамыз. Арнайы бағдарламалар, қойылымдар ұйымдастырып, көңілдеріндегі мұңдарын, өкініштерін жеңуге жәрдемдесеміз.

Қордың белгілі бір бағыты бар ма? Қандай адамдарға көмек көрсетесіздер?

Жоқ, біз таңдап-талғамаймыз. Қарттар үйі, балалар үйі, зағип жандар, мүгедек жандар болсын, барлығына көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз. Көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға да қолдан келгенше жәрдемдесеміз.

Бүгінгі таңда қорларыңызға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі ме?

Бізге мемлекет тарапынан да, университеттен де ешқандай көмек көрсетілмейді. Себебі, біз жеке қайырымдылық қоры болып, нәтижелі жұмыс жасаймыз.

Сіздерге қаржылай көмек көрсететін кәсіпкер, әнші, актер бар ма? Қаражатты қайдан аласыздар?

Иә, қайырымдылыққа қаржы аударып отыратын бірнеше кәсіпкер бар. Қазақстанның бірнеше фабрикасынан тек ақшалай емес, заттай да көмектесіп жатады. Сонымен қатар, көбінесе мешіт жамағаттары қаражат аударады. Дегенмен, тұрақты демеушіміз жоқ.

Волонтер жұмысының қиындығы қандай?

Волонтерлік жұмыстың ешқандай да қиындығы жоқ деп есептеймін. Бастысы адамда ниет болу керек. Өзі бақытты жан өзгені де бақытты еткісі келеді. Себебі, әр адамның жүрегінде кішкене болсын мейірім бар.

Қандай адамдар волонтерлікпен айналысады?

Шын ниеті бар, адамдарға қол ұшын созғысы келетін барлық адам волонтерлікпен айналыса алады.

Қайырымдылық қорға уақытын бөліп, қолдау көрсететін волонтерлерді іздеу қиын болмады ма?

Негізінде «Шапағат» қайырымдылық қоры ашылғанын әлеуметтік желіде жарияладық. Көбіне Шет тілдер және іскерлік карьера университетінен 40 шақты студент келді. Соның ішінен «мен көмекке дайынмын» деп келген, жауапкершілігі бар жандардың барлығын қабылдадық. Қазір «Шапағат» қайырымдылық қорында 30 волонтер студентіміз бар.

Елдің сөзінен, сырт көзден сағы сынып, волонтерліктен бас тартатындар бар ма?

Шынында ондай адамдар бар. Бере салайын, бара салайын дейтін жандар жоқ емес. Біздің қайырымдылық қорында да шын ниетімен келмеген адамдар болды. Ол адамдар соңына дейін шыдай алмай бас тартты және бас тартушылар әлі де бар.

Волонтерлер тегін қызмет етіп, ел игілігіне бөленіп жүреді. Дегенмен, еріктілерге арналған сыйақылар бар. Ақша, сыйақы үшін ғана жұмыс жасайтындар бар ма?

Менің ойымша волонтерлікті тұрақты жұмыс деп қабылдап, сол арқылы ақша табу дұрыс емес. Волонтерлер материалды қажеттілік үшін жұмыс жасайды деп ойламаймын. Мүмкін ақша, сыйлық, сыйақы үшін жұмыс жасап жүргендер бар шығар. Бірақ, менің қайырымдылық қорымда ондай адам жоқ. Барлығы шын ниетімен қол ұшын созуға келген жастар деп есептеймін.

Жұмыста келеңсіз жайттар бола ма?

Келеңсіз жайттар кез-келген жағдайда орын алады. Яғни, ұйымдастырылған іс-шаралардың болмауы, уәде берген адамдардың уәдесінде тұрмауы. Балалар үйі, қарттар үйінің директорларымен келісіп, кейіннен қолайсыздықтар орын алған болатын. Соның кесірінен жұмыстарымыз атқарылмай қалған кездер болды. Бірақ, ондай қолайсыздықтар көп болмайды. Себебі, біз бәрін алдын ала ұйымдастырып, жан-жақты қадағалап отырамыз.

Алдағы уақытқа жоспарланған қордың игі істерімен бөліссеңіз?

Жақында ғана қайырымдылық қордың мүшелерімен алдағы үш айдың жоспарын құрдық. Басты мақсат балалар үйі мен қарттар үйіне, зағип жандарға барып, арнайы дайындаған концерттік бағдарламамызды қойып, қуантып қайту. Одан кейін, алдымызда үлкен жәрмеңке тұр. Сол жәрмеңке арқылы көп балалы, аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты ана-әкелерге көмектесуді жоспарлап отырмыз.

Сіздің ойыңызша, волонтерлік қызметтің еліміз үшін маңызы қандай?

Волонтерлар барлық жағдайда керек деп ойлаймын. Қайырымдылық болсын, саясат болсын, білім беру саласы болсын бұл қызметтің өз орны бар. Елімізде қаншама мұқтаж жандар бар. Біз ол кісілерге адами жағынан қолдау білдіруіміз керек. Бүгінде волонтерлар тек қайырымдылық қорлар арқылы емес, жеке тұлға ретінде де көмек көрсетіп жатыр. Оның өзі еліміздің үлкен жетістігі деп білемін.

Жақсылық жасау, нәтижелі іс бастау көптің қолынан келе бермейді. Адамдарға көмек көрсетіп, нәтижесін көргенде қандай сезімде боласыз?

Ол сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Өмірге жаңа келгендей, ерекше жағдайда боласың. Әр адамға жақсылық жасаған сайын өмірге деген құштарлық еселеніп, тағы да бір жақсылықтың бастамасына қадам басасың. Мен әр адам осы сезімді сезініп, өмірден шабыттанса дер едім!

Керемет. Сұхбатыңызға рахмет!

Құрметті оқырман! Қазақта «Адамгершілікке арналған үш сауап бар: шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап» деген керемет нақыл сөз бар. Сіз де өз жақсылығыңызды әлемге паш етіңіз!

Ақнұр Шаяхмет, Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық ба,дарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

5 Comments

  1. Талабыңа нұр жаусын! Журналистердің өздері бұндай, тұшымды, ойлы сұхбат ала алмайды. Ойын еркін, мәдениетті жазылған. Адамға жақсы әсер береді. Алла қаласа «Мықты журналист» боласың! «Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытып» – жүре бер! Сәттілік тілеймін!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған