«Камераңды өшір»: Ақтөбе полицейлері маңғыстаулық атышулы блогерді жақтырмай қарсы алды

«Доғдырбай» десе Ақтау қаласының полициясы дір ете қалатын Айболат Доқтырбайұлын Ақтөбенің жергілікті полициясы жатырқап қарсы алыпты. Жол үстінде тосыннан камерасына түсіре жөнелетін «Доғдырбай Нұржақов» псевдонимімен ютуб-каналында талай полицияның заңсыз әрекетін жария еткен кейіпкерімізді таныстырсақ дейміз.

Айболат Ақтауда туып өскен, мұнай компаниясында талай жыл еңбек еткен қарапайым жан. Бір қыздың әкесі. «Қорқа-қорқа батыр болдым» демекші,  Айболат жол полициясының заңсыз әрекеттерінен көп жапа шектім дейді. Бұққан сайын еңседен басқан штрафтар мен тиынды тиынға жалғаған тіршілігіне қиындықтар сұғына беріпті. Бір таяқ жесем өз надандығымнан таяқ жедім дейді. Полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін әшкерелеп камераға түсіре алатын батылдыққа баруына осындай себептер бар.

– Халық сауаттанбаған, – дейді ол. – әрі біздің қазақ өте қорқақ, үрейден бас көтере алмастай жасық болып қалған. Заңды оқып сауаттанудың орнына заңсыздықтың көбеюіне себеп болып, тек өз «артын» жабуды ғана ойлайды. Менде біреудің «артын ашайын», намысына тиейін деген ой жоқ. Ең алғаш менің мұндай қадам жасауыма «Шымкент-Қазақстан» арнасындағы жол жүру ережелеріне байланысты жүргізілген бағдарлама, одан кейін танитын боларсыздар атушылы Руслан Жанпейісов дейтін жігіт түрткі болды. Арнайы білімім болмаса да ізденіп жүріп біршама заңнамаларды зерттеп шықтым. ҚР Конституциясын, ҚР Әкімшілік Кодексін, Жол жүру ережелері бойынша заңнамаларды түгел оқып шықтым. Және бұл іске ешқашан арнайы кіріскен емеспін. Жол жөнекей шаруаммен жүргенде жол бойында тұрған немесе жол жүру ережелерін бұзып ұсталған адамдарды көрсем ғана камерама түсіре бастаймын.

Айболат мемлекеттің абыройы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерімен тең дәрежеде әдеп сақтап сөйлесуі үшін үлкен тәжірибелерден өтті. Әдеп пен этика, заң мен тәртіптің ережелерін түсіну де оңайға соқпады. Тіптен үш күндік қамауға алынып, жұмыстан қуылған, полициядан оңбай таяқ жегені де бар.

– «Полиция деген кім?»  деген сұраққа жауап беріп көрейікші. Полиция – халық пен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қылмыстың алдын алатын қызметкер. Полицияның қызметі – «не выявлять нарушение, а предотвращать», яғни құқық бұзушылықтың алдын алу делінген википедияны ақтарсаңыз. Біздің полицейлер «проблесковые маячоктарын» яғни, «жарқылдауық шамдарын» қосып жүретін болса, заңсыз әрекеттер азаяр еді. Ал, ол шамдарын қосып жүру заңмен бекітілгелі қашан. Халық жарқылдауықты алыстан байқаса, жол жүру ережелерін сақтауға тырысып, хұқық бұзушылықтан бойын алыс ұстар еді. Әдетте, полиция ым-жымын білдірмей, көлік жүргізушілерді табан астында ұстап алады. Сосын жүргізушісі көліктен шығып, полицияның көлігіне отыруға құқығы жоқ. Протокол ашық алаңда, сырт көз көретіндей жерде жазылуы тиіс. Әрине, бұл жерде сауаттанбаған, жол жүру ережелеріне немқұрайлы қарайтын халықтың да кінәсі бар. Сондықтан да, пайдам екі жаққа тисін деген ниетпен камерама түсірген видеоларымды ютубтан канал ашып сала бастадым. Шүкір, бүгін де 13 000 жазылушым бар. Әр видеом ай сайын 500 000–дай қаралымға ие болып отыр.

Айболат ютуб-арнасындағы псевдонимін әкесінің аты-жөнімен атаған екен. Әкесі көзі ашық, заңның бүге-шүгесін білетін қоғам қайраткері  Нұрбайұлы Доқтырбай Нұржақов Ақтау қалалық мәслихатының депутаты, елге аты танымал қоғам белсендісі болған. Кезінде қазақ тілінің дауын даулап, талай сотта жеңіп, халықтың құқығын қорғай білген азамат қоғамдағы қараусыз мәселелерді көтеріп мақалалар да жазған. Айболат жас кезінде тентектеу болып әкесінің «сауаттан, оқы» дегенін құлаққа ілмегеніне өкінетінін айтады. Сондықтан да, «қолын кеш сермесе де» «жақсының өзі өлмесе де, көзі өлмесін» деген ниетпен ютуб-каналына әкесінің атын беріпті.

– Менің таңқалатыным, шетелдіктер, тіптен шетелге барған азаматтар полиция қызметкерін көрсе қуанады екен. Өйткені, ол сізге жол көрсетіп, тіптен мекен жайыңызға дейін апарып салады. Сіздің кез келген сұрағыңызға заңнамалық тұрғыда жауап бере алады. Ал, бізде полицияны көрудің өзі қорқыныш, үрей. Сол қорқынышты пайдаланып олар да сұғына беруден  тайынбайды. Оларға да «орындауға тиіс план берілген» негізінде. Көпшілік полицейлер азаматтардың құқығын бұзып, негізсіз штраф жазып, ауадан ақша жасап отыр. Өзім талай табысымды осы негізсіз, заңсыз штрафтарға құйдым. Сондықтан, менің каналымдағы видеоларым арқылы полиция да, халық та сауаттансын деймін. Егер жол жүру ережелерін бұздың деп полиция қызметкері  жол жиегіне шығарып алып тұрғанда камера ұстаған біреу келіп араласып жатса, үркімеңіз. Ол сіз үшін, халықтың пайдасы үшін көмек қолын созған Доғдырбай деп біліңіз.

– Ал, сізге сондай жағдайда араласпа деген адамдар болды ма?

– Әрине, полиция иегімен «ананы қуып жібер, араластырма» деп ымдаған жағдайлар болды. Мен «құтқарайын» деп отырған адам маған қарай атылып боқтап, қуған күндер де болды. Не деген надандық…, – деп бір күрсінді блогеріміз.

Айболат жақында ғана Ақтау қаласынан басыбүтін Ақтөбе қаласына отбасылық жағдайымен қоныс аударғанын айтады. Ақтөбеге келгелі  3 айда өзі байқаған 4 оқиғаны камераға түсіріп үлгірген. 3 адамға штраф жазылайын деп тұрған жерінен «құтқарған». Ақтөбеге келгелі каналына екі видеосын ғана салыпты.

– Видеоны жиі сала бермеймін, өзінің белгілі уақыты бар. Салынған видео қаралым жинап, комментарийлер әбден жазылып, «аш халықтың» айызы қанғасын ғана келесісін саламын. Маған көптеп келетін комментарийлердің дені «азамат, маладес, мықтысың, алға баса бер» деген сөздер. Демек, менің көтеріп жүрген мәселем бүгінде өте актуальный тақырып әрі өтімді болып отыр.

– Ал, сіз ютуб арқылы қанша табыс табасыз?

– Мен басында айттым, мұның бәрі ақша табу үшін емес деп. Алайда, өткен бір жылдық табысым 100 000 теңгеден асыпты. Бұл әрине, қуантарлық жағдай мен үшін. Қолым боста ғана түсіріп салғандарым көп қаралым жинап, тіптен каналыма  жарнама да қосылып отырады. Егер мұнымен арнайы айналысар болсам табысым көбейер еді деп ойлаймын. Бірақ, бұған соншалықты құнықпайпын. Бүгінгі бос жүріспен уақыт өлтіретін жастарға халыққа да, өзіңе де пайдалы болар каналдар ашып, монитезациялауға қойып, табыс табуын қолдар едім.

Айболатты ақтөбелік полицейлер жатырқап қарсы алғанын айттық басында. Камера ұстаған блогердің сұрағына жауап бергісі келмей жалтарып «сен кімсің?» деп те тулаған. Камераға үйренбеген полицейлер әуелі бопсалап та көріпті. Кейін Доғдырбай екенін естіп, әдеппен сөйлеуге көшкен. Доғдырбай тек қана полиция қызметкерлерін емес, бүкіл мемлекеттік органдардың жауапсыз, заңсыз әрекеттерін, заңға пысқырмайтын қызметкерлерді әшкере етіп, Президенттің өзі бекіткен заңмен жүруін талап етемін деп отыр. Өйткені, «бұға берсең сұға береді…»

– Егер бір облыста мен сияқты заңсыздықпен, басынушылықпен күресетін, халықтың құқығын заңды түрде қорғай алатын 10 блогер болса, бұл елде тәртіпсіздік, «бардак» азаяр еді деп ойлаймын, – деп сөзін аяқтады Доғдырбай блогер.

Ал, ақтөбелік полицейлер Доғдырбаймен кездесуге дайынсыздар ма?  Онда сақ болыңыз, Доғдырбай блогердің көзіне түспеңіз. Түссеңіз…

Сағадат НҰРАЛЫҚЫЗЫ, Азаматтық журналистика мектебінің шәкірті

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған