Отандық баспалардың халі нешік? Қазақстанда кітап басып шығару мен таратудың қиындығы туралы

Бүгінгі таңда елімізде кітап саудасы тұралап тұр. Кітапқа сұраныс аз. Баспа өнімдерінің шығарылымы төмендегенге ұқсайды. Кез келген кітап дүкеніне кіргенде “Атамұра” немесе «Раритет» баспасы шығарған  ескі кітаптардың сөреде шаң басып тұрғанын жиі байқаймыз.

Оған не себеп? Отандық баспалардың жағдайы қандай?

Осы төңірегінде “Фолиант” баспасының қызметкері маркетолог, аудармашы Гүлзат Ақжолованың пікірін білдік.

      “Жарнамалау жағын баспаның өзі қадағалайды…”

– «Фолиант» баспасының құрылғанына жиырма жылдан аса уақыт болыпты. Бұл баспаның екі бөлімі бар. Бірінші бөлім — жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар шығарса, екіншісі — көркем әдебиет, аударма бөлімі. Баспа кез келген автормен шарт жасасып, кітабын шығарады.   Қазіргі таңда біздің баспа оқулықтар, ғылыми, ғылыми-танымдық, көркем әдебиет, балаларға арналған және дамытушы  әдебиет, өзге де әдебиет түрлерін, сондай-ақ безендірілген фотоальбомдар мен журналдар басып шығарумен айналысады.  Баспадан шығарылатын кітаптарды сату және жарнамалау жағын баспаның өзі қадағалайды, – дейді Гүлзат Ақжолова.

   

  “Кітабымның біраз данасы өтпей тұр…”

“Алты құрлық” және балаларға арналған “Мәңгілік пирамидалар” кітабының авторы Әлихан Жақсылық кітап шығару мен сатудың қиындығы көп екенін жасырмайды. Жас қаламгер адамзаттық мәселелерді қозғайтын, адамның ой өрісін кеңейтетін кітапардың өтпей, есесіне мотивациялық, бизнес кітаптардың қаптап кеткеніне қапалы.

– Мемлекеттік тапсырыспен дайындалған кітаптардан авторға айтарлықтай пайда жоқ. Сондықтан қазір авторлар жеке баспаханаларға қарыз боп жүр. Оның ішінде өзім де бармын. Қиындығы сол сату жағы. Кітабымның біраз данасы өтпей тұр. Қанша жақсы жазсаң да кітабыңның өтімді болуы үшін бүгінде не жұлдыз, не әнші болуың керек, – дейді Әлихан.

Расында, қазіргі күні жарнамасы жасалмаса, насихатталмаса кітапқа ешкімнің сұранысы болмай қалды…

       “Шетелде кітап саудасы кинодан кем түспейді…”

Кездестірген мәліметтерді саралай келе біздің елімізде баспаханалардың бәсекелестігі төмен екенін аңғардық. Ал мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тек кітапханаға тасымалданатынын ескерсек, әлеуметтік желінің әсерінен кітапханаға баратын адамдардың да қатары азаюда. Шетелдерде кітап саудасы өте қарқынды жүреді.

Мысалы, Украинадағы кез келген баспа үйлерінің жарнамасы мен табысы жоғары. Себебі, көркем әдебиеттен бастап әртүрлі кітаптарды интернет-дүкен арқылы алу мүмкіндігі жолға қойылған. Яғни, кітап саудасы кинодан кем түспейді. Ондағы әдеби қорлар мен әдеби агенттіктердің оқырмандармен байланысы өте тығыз.

Сондай-ақ Украинадағы баспалар жаңа авторларды іздеу, оларға келісімді қаламақы төлеу, шыққан кітаптарын тарату жағдайын да қарастырып қойған.

Ресейде танымал «Альпина»  баспа тобы бар. Оның құрамына қызметіне қарай бірнеше компания біріккен. «Альпина Паблишер» — бизнес, психология, философия, тарих, жаратылыстану ғылымдары және ата-аналарға арналған кітаптардың жетекші ресейлік баспагері. «Alpina Digital» — бұл мобильді қосымшаларды жасайтын компания. Ресейдегі электронды кітапханалардың ең үлкені. «Альпина B2B»—оқырмандармен байланыс саласында қызмет көрсететін компания.

Ал біздің баспалардың көбі кітап шығарумен ғана шектеледі. Тапсырыс пен таралым жайы да көңіл көншітпейді…

Кітап–рухани жаңғырудың басты құралы болғандықтан, отандық баспаларға кітап саудасы нарығына арналған жаңа жобалар мен жақсы демеушілік керек деп ойлаймыз.

Дәурен ТІЛЕУХАНҰЛЫ, Азаматтық журналистика курсының шәкірті

«Азаматтық журналистер» жобасы MediaCAMP Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік қолдауымен жүзеге асырылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған