Инга Иманбай «Жас алаш» газетінің бас редакторы қызметінен не үшін кеткенін айтып берді

Таяуда ғана «Жас алаш» газетінің бас редакторы болып тағайындалған Инга Иманбай бұл қызметтен не үшін кеткені, дұрысы, кетірілгені туралы хабарлады, деп жазады «Тілші».

«Біз редакция саясатын түбегейлі өзгертіп, өткір материалдар жариялай бастадық. Осы және өзге де жайттар Алтынбек Сәрсенбайұлының отбасына («Жас алаштың» құрылтайшыларына – ред.) ықпал етуге себеп болды. Бейсенбіде Алтынбек ағаның жолдасы Салтанат Атушева және жақыны Нұрлан Сәрсенбаймен әңгімелестік. Олар Сәрсенбаевтар отбасының жақын туысына қылмыстық іс қозғалғанын, егер олар талапты орындамаса, туыстарының қамалатыны туралы айтты. Қойылған талап – мені бас редактор қызметінен кетіру», – деп жазған желідегі парақшасында Инга Иманбай.

Инга Салтанат Атушеваның туысының бостандығын қалағанын, ол үшін кінә артпайтынын жеткізген.

«Жанболат Мамайдың газетке еш қатысы жоқтығын ешкім тыңдамады. Талап – жұмыстан кетіру. Салтанат Атушеваға кінә артпаймын. Ол мені газет басшылығында қалдыру үшін бар мүмкіндікті жасады. Алайда, билік тарапынан қысым болды. Енді «Жас алашты» билік бақылауына алды деуге болады», – деп жазады Инга Иманбай.

Бейресми дереккөздер «Жас алаш» газетінің бас редакторы қызметіне Дариға Назарбаеваға тиесілі 365info.kz сайтының қызметкері келетінін хабарлайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған