Түркімен спутнигі Өзбекстан телеканалдарын көрсетуді тоқтатты

Түркіменстанның TurkmenÄlem 52E/MonacoSat спутнигі 10 ақпаннан бастап өзбек телеканалдарын көрсетуді тоқтатты. Бұл туралы Turkmen.News басылымы хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, жалпы көрші елдің он телеканалы, оның ішінде «Өзбекстан», «Өзбекстан 24», «Ёшлар», «Кинотеатр», «Ташкент», «Болажон» және «Спорт» телеканалы бар.

Өзбек телеканалдары спутниктен не себептен өшірілгені айтылмады. Бірақ бірқатар тұрғындар бұл 21 қаңтарда Өзбекстанның Sevimli TV телеканалы Түркіменстанда тыйым салынған америкалық «6 Underground» фильмін көрсеткенімен байланыстырады.

Америкалық Netflix компаниясы тарабынан 13 желтоқсанда жарық көрген фильмде қазіргі Түркіменстанға ұқсайтын кадрлар бар. Бюджеті 150 миллион доллар тұрған фильм ойдан шығарылған Түргістан атты елдің зұлым диктаторының көзін жойып, демократияны дамытуға тырысқан америкалык миллиардер жөнінде айтылған.

Осыған байланысты түркімен билігі аталған фильмнің елінде таралуына қарсы шара жүргізіп, Америкаға қарсы насихат жүргізе бастаған.

TurkmenÄlem 52E/MonacoSat — француз компаниясы тарабынан жасалған алғашқы түркімен спутнигі. Ол Орталық Азия мен Еуропаның бірқатар аймағын қамтиды. 2015 жылы АҚШ-тың ғарыш айлағынан ұшырылған 4,5 тонналық спутниктің қызмет көрсету мерзімі 15 жылды құрайды.

centralasian.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған