Ерлан Оспан: Қазіргі жастар ақпараттың қазақша шыққанын күтпей, өздері аударып оқи береді

Elorda.info сайтының бас редакторы, журналист Ерлан Оспан «Тілшіге» берген сұхбатында нарық талабына сай интернет технологияны медиада кеңінен қолдану, дәстүрлі БАҚ-тың көрінбеу себебі, жастар талғамы туралы әңгімеледі.

– Сіз интернет технологияларды қызметіңізде қалай қолданасыз? Жалпы ол не үшін керек?

– Интернет-аналитикаға сүйенсең, мақалаңды осынша адам қарады, осынша адам оқыды, тіпті аяғына дейін оқыды ма немесе видеоматериал болса көрді ме, әлде аудиоматериал болса тыңдады ма, оны да білуге болады. Осылайша интернет-аналитика жасағанда, қандай да бір тақырыптардың өзінше тобы анықталады. Бұл не үшін керек? Бұл цифрлі технология болғандықтан ішінде шамалы адамның түйсік үлесі болу керек. Оқырманға қажетті тақырыбтарды іздеу арқылы анықтап, оны біз жарнама нарығына теңгеруіміз керек.

– Қазіргі жас оқырманның портретін қалай сипаттайсыз?

– Жаңа ұрпақтың өз есебі түгел, өз уақытын тым қатті қадірлейді. Іздеген ақпаратын португалша шықты ма, оны сол жерде аударып алып, оқи береді. Қашан қазақшаға аударылады деп күтіп отырмайды. Содан кейін бүгінгі жастардың талғамын ескере білген жөн. Қазір тоқсан тоғыз бар каналы кабельді телевидениенің уақытында, интернеттің уақытында, балалар үш тілде сайрап тұрған шақта, көздің жауын алатын компьютерлік графикамен көмкерілген, музыкасын композиторлар жазған, кәсіби дизайнерлер қатысқан өнімдердің арасынан талғамды ескере білмеген дәстүрлі БАҚ-тың көрінбеуі де содан.

– Тақырыптарды қалай таңдайсыз? Тиімді, қызықты деп бөлесіз бе?

– Мысалы: «Мен сапарға шыққанда белгілі бір тарихи оқиға туралы тың мәлімет алып келдім. Ойбай, ол туралы жазайын» – деп біреу айтуы мүмкін. Бұл кезде ол эмпирикалық сезіммен айтады, яғни тек тұрмыстық тәжірибеге сеніп айтады. Біз неге дәстүрлі БАҚ сияқты осы оқиға туралы тың мәліметті тауып құр жаза бермейміз? «Маған ұнады ма, қалғандарына да ұнайды» деген принципті өкінішке орай көпшілік ұстанады. Жарнама нарығында нақты сандар, көрсеткіштер алда жүретіні ескерілмей қалады. Біреулер оның себептерін тереңнен іздегісі келеді. Ол жаңсақ пікір. Себебі әлеуетті жарнама беруші қаншама шытырман тарихи оқиға болғанымен, әрине бірінші орынға шыққан шығынға келтіретін пайдасын қояды. Ал, қызықты тақырып таңдау дегенге келсек, оны қисыннан шығарып алуға болады. Мысалы, дәл қазір кез келген күйіп тұрған тақырыпқа жазсаңыз оқырманыңыз міндетті түрде табылады.

– Қазір медиатехнологияны атақты адам болсын, не ірі корпорация болсын қолданады. Жетістік болсын, жанжал болсын көрсетіп жатады. Оны қалай түсінесіз?

– Қазір эксперименттер дәуірі. Интернет кез келген адамға трансляция мүмкіндігін ашып тастады. Жалпы, ережесіздік, ассиметриялы әрекет қазіргі әлемде өршіп тұр. Қисынға негізделген дүниетаным бүгінгі қоғамдық процестерді түсінуге еш келмейді. Айталық, Илон Маск презентация кезінде брондалған машинасының терезесіне темір шарды жіберіп қалғанда, әйнегі қирап қалды. Акциялары құлдырап сала берді. Бірақ бұл былтыр күзде болған оқиға. Ал қазір тап сол машинаға алдын ала екі жүз мың тапсырыс алып, компаниясының капитализациясы 78 млрд. доллар болып отыр. Жұрттың көзінше масқара болған тауарды қалайша сатты? Білмейміз. Ішкі есеп те болуы мүмкін. Бірақ нарықтың ассиметриялы жауабы осындай.

– Нәтижеге кепілдік беретін цифрлі технология барма екен, медианарықтың өз ережесі болады ма?

– Медианарықта ең алдымен – ережеге бағынатындар ұтылады. Осы заманның парадигмасы – ережесіз ақша табу. Тек мемлекеттің заңдары ғана шектейтін, қалғанын арың білетін заман туды. Мұны түсінбегендер тарихққа жылыстай береді. Қазір интернет жазылымдарында жасалған табыстың кілті не жолы жоқ. Қара мәтінді мәлімет болады. Фотомен көркемделіп жасалған мәтін болады. Негізінде мультимедиалық форматты қолданбайтын журналист жоқ. Бірақ, сол қара мәтінді неге бәрі оқиды? Себебі интернетте оны жазған адамның тұлғалық қасиеті қатты білінеді. Сөзінің парқымен қатар журналист оқырманмен кері байланыс жасаса өзінің тұлғалық қадірін байқатады. Сондықтан интернетте жазған адамның тұлғалық қасиеті мен қадірі араласып жүреді.

– Жаңадан пайда болған «азаматтық журналистика» деген терминді қалай түсінесіз? Кәдімгі журналистикаға ол қаншалықты ықпал жасауы мүмкін?

– Жалпы «азаматтық журналист» пен «кәсіби журналист» деген түсініктер жасап алып; оларды антагонистік дүниелер ретінде қарастырып; сосын екі тарапты ойша – жарыстырып көруді түсіне алмаймын. Меніңше мұндай салыстыру – журналистердің нарық шындығын әлі қабылдамағанынан болып отыр. «Журналистика – ғылым, сондықтан оны оқымай қайдан ғана жазу білесің!» деп тиісетіндерге уәж бар. «Не болды, қашан болды, қайда болды, неліктен болды, кімдер болды» деген бестаған сұраққа жауап беру – тек журналистердің еншісі деген заң бар ма еді? Бұларға жауап бере алатын адам жауап берсін. Кім расын айтады, жылдам айтады – аудитория соны тыңдайды.

Нұрбол Болатұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған