Максим Рожин, журналист: Ақпараттық кеңістік қазақ және орыстілді болып екіге бөлініп кеткен

Максим Рожин отандық журналистикадағы трендтер, шығармашылық ізденіс пен ақпарат кеңістігіндегі мәселелер туралы айтып берді.   

– Журналистикаға алғашқы қадамыңыз қалай басталды?

– Мен журналистикаға аяқ асты келдім. Магистратура оқып жүргенімде «Жастар» ұйымының төрағасы болдым, қоғамдық істерге белсене араластым. 2006 жылы «Нұр Отан» съезінде «Астана» телеарнасы менен кішігірім сұхбат алды, кешкі жаңалықтарға тілдесуге шақырды. Кейіннен басшылық журналистикаға келу жайлы ұсыныс тастады.
Шыны керек, менің бұл салаға еш қатысым жоқ еді. Содан кейін ойлана бастадым, журналист ағаларыммен ақылдасып, кеңесіп ұсынысты қабыл аламын деп шештім. 2006-2009 жылдар аралығында Астана телеарнасында қазақша жаңалықтар жүргіздім, кейіннен Бибігүл Жеңісбайқызының шақыруымен 7 арнаға «Нысана» апталық-сараптамалық бағдарламасын жүргізуге бардым, бірқатар арнада жобалар жасадым. Қазір PR саласында жұмыс істеймін.

– Бойыңызда журналист потенциалын қалай арттырдыңыз?

– Бастысы – кітап оқу. Өзіңді шыңдау. Қазіргі таңда журналистика күрделі тілден жеңіл, ықшам тілге ауысты. «Өзіңе таңсық дүниемен 10 мың сағат айналыссаң, сен сол істің маманы болып шығасың». Адамның жаратылысы сондай ғой, кез-келген іске машықтану үшін уақыт керек. Мен өзімді 8 жыл осы мектепте тәрбиелеп шықтым.

– Білуімше, сіз фотожурналистикамен әуестенесіз. Фотожурналистика жайлы бірер сөз айта кетсеңіз…

– Мен телеарнадан 2012 жылы кеттім. Тілші болғаннан кейін контент жасайсыз. Шығармашыл адамдардың кішігірім ауруы – жасаған дүниелеріне баға, ықылас күтеді. Кез-келген тілші өз материалының халыққа жағымды, сұранысқа ие болғанын қалайды, халық ықыласына бөленгісі келеді. Мен 8 жыл бұл адреналинмен жүріп, журналистикадан кеткенде шығармашылыққа зәру болдым. Солай тапқан жаңа әуестігім фото болды. 2 жылдай фотомен айналыстым, білімсіз нәтиже шықпайтынын біліп қашықтан New York Institute орталығынан білім алдым. Сөйтіп қазір Нұр-Сұлтан қаласында қызығушылығы бір, ниеті бір, хоббиі бір жандарды біріктіріп Photo Bar ұйымын құрдық. Фотоға келу себебім – шығармашылықтың жетіспеуі.

– Қазіргі таңдағы журналистиканың басты мәселелері қандай?

– Ең үлкен мәселе – бізде ақпараттық кеңістік қазақтілді және орыстілді болып екіге бөлініп кеткен. Текетірестер болып тұрады. Екі түрлі қоғам қалыптасқан. Екі қоғам мәселелері бір болғанымен, көзқарастары мүлдем басқа. Бізге біріккен журналистика жетіспейді.

– Журналист мамандығы қазіргі таңда өзекті мамандық па?

– Иә, бұл өте қажет мамандық. Әсіресе, шетелде оқып келгендер бізде жоғары бағаланады. Алашордалықтар айтқандай «Журналист халықтың құлағы, көзі һәм тілі». Бірақ, қазір бұл сала қызметкерлері өз міндетін толық атқарып жүрген жоқ.

– Сонда қандай міндеттер?

– Негізгі міндеті – халықтың мүддесін қорғау, қарапайым азаматтардың мүддесін қорғау. Және кез-келген ақпарат бейтарап баяндалу керек.

– Журналистердің жиі жіберетін үш қателігі қандай?

– Фактчек жетіспейді, жиынға, түсірілімге дайындықсыз барады, тақырыпты алдын-ала зерттемейді, сараптама жоқ.

– Тың идеяларға шабыт, мотивацияны қайдан аласыз?

– Ел аузында жүрген мәселелерге көп назар аударамын. Тақырыптарды солай табамын. Өз істегенінен рахаттанатын адамдарға қарап шабыт аламын, олар лапылдап тұрады, істеген дүниелері әдемі, тиянақты болады.

– Қазіргі уақыттағы өзекті медиа трендтерді атап өтсеңіз?

– Ғаламтор бетінде дер кезінде ақпарат жариялау, көпсалалылық, шет тілдерді меңгеру.

– Болашақ журналистерге берер кеңесіңіз?

– Бейтарап болу, бейтараптық – таптырмас дүние.

– Өмірлік ұраныңыз?

– «Быть, а не казаться». Шынайы өзіңді көрсету. Кез-келген жерде, жағдайда шынайы өзіңді сақтап қалу.

 

Әңгімелескен Айдана Алмаханова

3 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған