RSF: Иранда ұшақты зымыранмен атып түсіргені туралы жазған журналистер қысымға ұшырады

«Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымының мәлімдеуінше, өткен айда Тегеранда украин ұшағы зымыранмен атып түсірілген соң, ондаған иран журналисі биліктің қысымына ұшыраған. Оларды тергеп, тінтіп, әлеуметтік желілердегі аккаунттарын жабуға мәжбүрлеген.

Халықаралық ұйымның 6 ақпанда жарияланған мәлімдемесінде Иранда кем дегенде 21 журналисті Ислам революциясы сақшылары корпусына қарасты барлау қызметкерлері тергеген.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының иран бөлімін басқаратын Реза Моини журналистер «мемлекет өтірігінің екі мәрте құрбаны болды» деді. «Иранда адам құқықтарының өрескел бұзылуы мен билік өтірігін БАҚ еркіндігін шектеу арқылы жасырып отырғанын бүкіл әлем көріп отыр», – деді Моини.

«Украина халықаралық әуе желісі» компаниясының ұшағы Иран астанасында 8 қаңтарда таңертең апатқа ұшырады. Тегеран әуелі апатқа өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеген. 11 қаңтарда иран билігі жолаушы ұшағын зымыранмен «қателесіп» атып түсіргенін мойындады.

Ондаған иран журналисі «мемлекет өтірігін» таратуға үлес қосқаны үшін өкініп, мәлімдеме жасады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған