Газет өлмес үшін басқалар жазбаған мәселелерді қозғауы тиіс – Нұрмұхамед Байғараев

Газетте өзекті мәселелер жан-жақты зерттеліп жазылып жатыр. Тек қана оқу керек. Елордада өткен қазақтілді онлайн контент жасаушылардың форумында осындай пікір айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Технология газетті өлтіреді деген пікір дұрыс емес. «Газет тірі қалуы үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап керек болса, біріншіден отандық газеттерде салмақты, зерттеу мақалалар шығып жатыр. Екіншіден, «Мен қазақпын», «Қазақ дәстүрі» сияқты тақырыптардан кетті. Газеттерді оқысаңыз, жасанды интеллект, 5G, төртінші индустрияның артықшылықтары мен мүмкіншіліктері және басқа да өзекті мәселелер тарқатылып жазылып жатыр. Тек қана оқу керек», – дейді «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта газеттер аптасына бір рет қана шықпайды.

«Мысалы, «Егемен Қазақстан» газеті аптасына бес рет, «Айқын» газеті аптасына төрт рет шығады. Телевидениеде жаңалықтар күніне 4-5 рет беріледі. Жылдамдық жағынан сайттарға ілесе алмағанмен, импульс беруге тырысады. Газет «тірі» қалуы үшін нарықтағы бәсекелестерінде жоқ нәрсені беруі керек. Басты бәсекелес – сайттар мен дәстүрлі емес аккаунттар болуы мүмкін. Газеттер бір күнде болған, жиі талқыланып жатқан мәселелерді жан-жақты зерттеп жазуы тиіс. Газетте дамудың басқа бағыты жоқ. Екіншіден, газет өзінің цифрлық медиасын дамытуы керек», – дейді ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған