БҰҰ Даму бағдарламасы Ақтөбе облысының жас кәсіпкерлеріне гранттар тарту етті

Бүгін Ақтөбе қаласында БҰҰ Даму бағдарламасы мен  «Экоцентр» қоғамдық бірлестігі бірнеше жас кәсіпкерге қаржылай гранттар табыстады, деп хабарлайды «Тілші». Салтанатты шараға жергілікті билік өкілдері мен депутаттар қатысты.

«Экоцентр» қоғамдық бірлестігінің директоры Меруерт Құрманованың айтуынша, байқау былтыр желтоқсан айында жарияланған. Ақтөбе облысы бойынша барлығы 25 өтініш келіп түскен. Олардың 14-і іріктеуден өткен.

Жалпы, бұл жоба Қазақстанның екі облысы – Қарағанды және Ақтөбе облыстарының бірқатар аудандарын қамтыды. Ақтөбе облысынан Мұғалжар, Темір және Шалқар аудандарының жас кәсіпкерлері қаржылай қолдауға ие болды.

«Қандыағаш қаласы бойынша 7 млн теңгеден астам, Шұбарқұдық елді мекені бойынша 6,7 млн теңге, Шалқар қаласына 4,3 млн теңге үлестіріп отырмыз. Жоба аясында жас кәсіпкерлер жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтулары керек», – деп атап өтті Меруерт Құрманова.

Жас кәсіпкерлер өз жобаларын арнйы комиссия алдында ауызша, слайд арқылы қорғады. Қоғамдық бірлестік өкілі ұйымдастыру жұмыстарына көмектескен аудандық жастар ресурстық орталықтарына алғыс білдірді.

Грантқа ие болған жас кәсіпкерлердің бірі Қандыағаш қаласының тұрғыны Ерлан Айтжанов дихандарға тұқым өсіретін дүкен ашпақ ниетте екен.

«Бұл жоба туралы желтоқсан айында естідім. Содан өтініш қалдырдым. Қандыағашта, әсіресе көктем мезгілінде көкөністердің өскіндерін табу қиынға соғады. Осыны ескере отырып, дихандар ме бағбандарға арналған арнайы дүкен ашсам ба деген ой келді. Бүгінде өңірде экологиялық таза өнімге сұраныс жоғары», – дейді Ерлан Айтжанов.

Жас кәсіпкердің пайымынша, мұндай пайдалы жобалар саны алдағы уақытта артуы тиіс.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша барлығы 13 кәсіпкерлік идея қолдауға ие болды. Оның ішінде Қандыағаш бойынша 6, Шалқар бойынша 4 жоба және Шұбарқұдықта 3 жоба таңдап алынды.

Қолдауға ие болған жобалардың қатарында наубайхана, фотосалондар, әсемдік салоны, баспахана, ателье, тағы басқа нысандар бар.

Жоба аясында 35 жасқа дейінгі кәсіпкерлер 60 жаңа жұмыс орнын аша алады.

Марат Төлепберген, «Тілші»

 

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған