АЕ/АР Тәжікстанда Озоди радиосының барлық журналисіне аккредитация беруді талап етеді

Азат Еуропа / Азаттық радиосының (АЕ/АР) президенті Джейми Флай Тәжікстан билігі радио қызметкерлеріне еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береміз деген уәдесін орындамай отыр деп мәлімдеді.

АЕ/АР президентінің мәлімдемесі 21 қаңтарда жарияланды, көшірмесі Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинге жөнелтілді. Хатта жағдайға байланысты Озоди радиосы Тәжікстандағы қызметін қайта қарауы мүмкіндігі айтылған.

Флайдың хаты 21 қаңтарда Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосының төрт қызметкеріне (арасында жүргізуші де бар) алты айға ғана аккредитация бергеннен кейін жарияланды. Заңға сәйкес, министрлік бір жылға беруі тиіс.

Бұған дейін АҚШ сенатының төрт мүшесі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның атына хат жазып, Озоди радиосы тілшілерінің аккредитация ала алмауына алаңдаушылық білдірген. Олар бұл оқиға «тәжік-америка қатынасының тұрақтылығына әсер етуі мүмкін» деп топшылаған.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасының мүшелері, штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған Журналистерді қорғау комитеті, ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир, Тәжікстанның тәуелсіз БАҚ ұлттық қауымдастығы, Тәжікстанның БАҚ жөніндегі кеңесі Озиди радиосын қолдап, мәлімдеме жасаған.

Озоди радиосы – Тәжікстандағы санаулы тәуелсіз БАҚ-тың бірі. Озоди радиосының YouTube және Facebook желілеріндегі арналары Тәжікстандағы ең танымал арналар қатарына кіреді.

centralasian.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған