Жазира Досмағанбет: Болашақ – мультимедиалық журналистиканы меңгергендердің қолында

Журналист, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы Жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы Жазира Досмағанбет еңбек тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, журналистикада жаңадан бастап жатқан жастарға ақыл-кеңесін айтады.

– Жазира Оразқызы,  журналистика саласына кездейсоқ келдіңіз бе, әлде басты мақсатыңыз болды ма?

–  Тележүргізуші, журналист болу – бала күнгі асыл арманым. Оқушы кезімнен газет-журналдарға мақалалар жазып, облыстық, республикалық Тілшілер форумдарына қатысатынмын. Мектепте белсенді едім, бүкіл шарада жүргізуші болдым. Осылай арманым мақсатқа айнала бастады. 11 сынып оқып жүргенімде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадада жүлделі 3 орынға ие болып, соның арқасында мектепті «Алтын белгіге» тәмамдадым. Бас қаламыздағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика мамандығына қабылдандым. 1 курстан қалалық «Эра» телеарнасының (қазіргі «Жетінші телеарна») «Астана таңғы» бағдарламасында тілші, аспаздық айдардың жүргізушісі және «Мен астаналықпын!» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болдым.

2008 жылы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында кастинг жарияланғанын естіп, бақ сынап көрдім. Бағдарламалар бөлімінің продюсері Жөнкебаева Айгүл ханым сұхбаттасу (собеседование) жүргізіп, мені жұмысқа қабылдайтынын айтты. Қуанышымда шек болмады! Республикалық телеарнада, әсіресе, қазақ телевизиясының қара шаңырағы – «Қазақстан» телеарнасында еңбек ету біз үшін қол жетпес арман еді. «Эра» телеарнасынан сол күні жұмыстан шығып, «Қазақстан» телеарнасына қабылдандым. 1 ай сынақ мерзімінен кейін «Парламент» бағдарламасына жүргізуші ретінде бекітті.

Кейін «Апта» ақпараттық-сараптамалық хабарының «Бағдарлама қонағы» айдарында министрлермен сұхбат жүргіздім. 1,5 жылдан соң «Жаңалықтар» бағдарламасына ауыстым. Алғашында тілші, Президент пулының тілшісі болып, соңғы 3 жылдай уақыт Жаңалықтар қызметінің шеф-редакторымын.

Мамандығым – мен үшін ең үлкен мақтанышым. Мамандығымның арқасында Ұлыбритания, Франция, Қытай, Түркия, Австрия, Түркіменстан, Тәжікстан елдерін көріп келдім.

Корпорация басшылығы қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бізді үнемі оқытып, үлкен тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Мәселен, 3 жыл бұрын Түркияда «ТRT» корпорациясының ұйымдастыруымен 10 күндік семинардан білім алсам, былтыр жыл соңында Ұлыбританиядағы әлемге аты әйгілі «BBC» телерадиокорпорациясында оқып келдім.

         – Медиа саласындағы мықты маман ретінде қазіргі жас журналистерге айтар ақыл-кеңестеріңіз?

Бірінші кезекте, медиа мамандары көп тілді меңгеруі керек. Әсіресе, ағылшын тілін жетік меңгерсең, сен үшін «алынбайтын қамал жоқ». Қазіргі бәсекелестік заманында оқ бойы озық тұрасың. Әлем елдерінің президенті дейсің бе, сақа саясаткер, білікті дипломат не танымал тұлғалар болсын, тіл біліп әрі білікті журналист бола білсең, олармен сұхбаттасудың еш қиындығы жоқ. Әрине, ол үшін үнемі ізденісте жүріп, оқу оқудан талмауың қажет.

Журналист саясаттан хабары болып, экономика, қаржы, әлеуметтік саланы бүге-шүгесіне дейін зерттеп жүргені абзал. Сондай-ақ компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп, тіпті, қолыңдағы смартфонды жәй мақтаныш үшін емес, мүмкіндіктерін пайдалану үшін қолдана білуіміз керек. Ұялы телефонда фоторепортаж жасап, видео түсіріп, бейнематериал әзірлей білу – қазіргі уақыттың талабы. Әрі болашақ – мультимедиалық журналистиканы меңгерген мықты мамандардың қолында.

– Журналиске керек ең басты қасиеттерді  айта отырсаңыз?

Заман өзгерсе де, журналиске қойылатын талаптар күшейе түспесе, кеміген жоқ, яғни, тілшілер бірінші кезекте қоғамның «тілі, көзі һәм құлағы» болуы керек. Шыншылдық пен әділдікті ту етіп, өз пікірі қалыптасқан, озық ойлы, көкірегі ашық маманға айналуы тиіс. Тағы бір қасиет – өз мамандығына адал болу.

Егер журналистиканың «ыстығына күйіп, суығына тоңа» білмесең, өз салаңның үздігі атанбайсың. Сылдыр сөзге емес, озық идеяға мән берген жөн. Осы қасиеттерді меңгерген тілші қоғамда лайықты орнын алады.  Себебі, ұлттық идеяны насихаттап,  пікір қалыптастыратын да, бұқараны бірлікке шақырып, ынтымақ ұйытқысы болатын да – ел дамуының айнасы – журналистер қауымы!

 «Тілші» 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған