Тәжікстанда медбикені блогер ұлының сыны үшін жұмыстан шығарған

Германияда тұратын тәжік видеоблогері Тәжікстан билігін сынағаны үшін, оның медбике болып істейтін анасын жұмыстан шығарған, деп хабарлайды «Тілші» Орталық Азия жаңалықтары қызметіне сілтеме жасап.

Шохида Махмаджонованың Азаттықтың тәжік қызметіне хабарлауынша, биыл қаңтар айында Вахдат қалалық ауруханасының басшылығы оны жұмыстан шығу туралы арыз жазуға мәжбүрлеген. Аурахана бас дәрігері медбикенің жұмыстан шығуына оның ұлының тәжік билігін сынауы түрткі болғанын меңзеген. «Ұлың сені неге ойламайды? Мемлекет саясатына неге қарсы шығады? Өз еркіңмен жұмыстан шығу туралы арыз жаз» деген бас дәрігер.

Бұның алдында медбикені Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қалалық бөлімінде бірнеше сағат тергеген. «Олар ұлым туралы сұрады. Оны елге қайтаруға ықпал етуімді талап етті», – деді Шохида Махмаджонова.

Видеоблогер Шерзод Махмаджонов Германиядағы жоғары оқу орындарының бірінде оқиды. Ол Тәжікстан билігінің хиджаб кигендерге қарсы саясатын сынаған. Шохида Махмаджонова ұлын елге келгенде қамауға ала ма деп қорқады.

Еске салайық, Human Rights Watch ұйымы 14 қаңтарда жариялаған есебінде Тәжікстанды оппозиция өкілдері мен журналистерді қудалайтын ел ретінде сипаттады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған