Ақтөбе облысында құлаған «беймәлім темір бөлшектің» не екені әлі анықталмады

9 қаңтарда түскі сағат 14:30 шамасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты ауылынан екі-үш шақырым жерде ауыл мен зират арасына әуеден белгісіз темір бөлшегі құлаған, деп жазады «Азаттық».
Куәгерлердің айтуынша, сопақша келген металл «зымыран бөлшегіне» ұқсайды. Ноғайты ауылының тұрғыны, зейнеткер Залжан Сүйеуов беймәлім металдың тұрғын үйлерге құламағанына шүкірлік етіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, ауданнан келген комиссия ол маңды қоршап, ешкімді жолатпай қойған.

Әлеуметтік желіде тараған суреттерде темір бөлшектің құлағаннан кейін де жанып жатқаны көрінеді.

Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров та, облыс әкімдігі де, облыстық төтенше жағдай департаменті де Ноғайтыға беймәлім металдың құлағанын растады. Бірақ ешқайсысы да оның не екенін айта алмай отыр.

Қайрат Отаров «ауылдық округ әкімінен хабар түскеннен кейін Ноғайтыға комиссия жіберілді» дейді.

– Ақпаратты Нұр-Сұлтаннан күтіп отырмыз, – деді 10 қаңтар күні облыс әкімінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне.

Төтенше жағдай комитетінің баспасөз қызметінің аты-жөнін айтпаған өкілі «ондай ақпарат түскен жоқ, білмейміз» деп жауап берді. Азаттық қорғаныс министрлігі мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен де жауап ала алмады.

Кейбір ауыл тұрғындарының сөзіне сүйенген Vesti сайтының жазуынша, темір бөлшектің құлағанын телефонына түсіріп алған тұрғындарды сол суреттер мен видеоларды өшіруге мәжбүрлеген. Қазақстандық интернет-порталдардың бірі «темір бөлшектің құлағаны» туралы ақпаратты өшіріп тастаған.

2013 жылы Ресей мен Қазақстан «Байқоңыр» айлағынан ұшатын зымыран-тасығыштардың бөлшегі құлайтын арнайы аумақ үшін Қазақстан территориясынан жер бөлу туралы келісімге қол қойған. Осы мақсатта Ақтөбе облысынан 23 мың гектар жер және Қостанай облысынан шамамен 41 мың гектар жер бөлінген. Алайда жыл басынан бері «Байқоңырдан» зымыранның ұшырылғаны туралы ақпарат болмады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған