Түркістан облыстық соты журналист Амангелді Батырбековті ақтады

«Жала жабу» және «Қорлау» бабымен 2 жыл 3 айға сотталған журналист Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымын қараған Түркістан облыстық соты оны ақтап шықты. Бұл ақпаратты сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Сот үкімін оқыған сот алқасының төрағасы Таубай Қадырбаев «Батырбеков сот залынан босатылсын» деді.

Облыстық сот журналистің апелляциялық шағымын 13 қараша күні қарай бастаған.

Сәрсенбі, 8 қаңтарда Қазақстанның әр аймағынан келген журналистің жақтастары сот ғимаратының күту залында журналиске қатысты сот қаулысы сол күні оқылсын деп талап етіп, бірнеше сағат тұрған. Жиналғандар Алматы уақыты бойынша сағат 20.00-ге таман тарады.

23 қыркүйекте Сарыағаш аудандық соты Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Оның үстінен Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев арызданған.

Түркістан облыстық соты Батырбековтің апелляциялық шағымын қарап жатқанда «Заңғар Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева да журналистің үстінен «Жала жабу» және «Қорлау» бабы бойынша Сарығаш аудандық сотына шағымданған. Дарханбаева Батырбековпен бірге «әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін» тағы бес адамды сотқа берген. Олардың ішінде Батырбековтің әйелі Гүлзада Баймұратова да бар.

Батырбеков – Қазақстанда кәсіби қызметі үшін биыл түрмеге қамалған жалғыз журналист. Осыған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен қамауда отырған журналист Батырбековты босатуды сұраған. Мәселен, Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF)мен «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) Нұр-Сұлтанды Батырбековты дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған