Түркіменстанда оқушылар мектепке барудың орнына жұмыс істеп жүр

Мары қаласында орта мектептің жоғары сынып оқушылары дәріске барудың орнына ақша тауып, отбасына көмектесіп жүр. Кейбір балалар аптасына бір-ақ рет мектепке барады. Бұл жөнінде Азаттықтың түркімен қызметінің аймақтағы тілшісі хабарлайды.

«Мәселен, көлік жуатын орындарда жұмыс істеп жүрген оқушыларды көруге болады. Олар бір көлікті іші-сыртын 20 манатқа жуады. Пайданың жартысын жұмыс берушіге береді», – дейді тілші (Түркіменстан Орталық банкі бағамы бойынша 3,5 манат бір долларға тең).

Қазір оқушылар қысқы демалыста. Бірақ оқу уақытының өзінде жұмыс істейтін оқушылар аптасына бір-ақ рет мектепке барады екен. Тілшінің айтуынша, ата-аналары да балаларының мектепке барғаннан гөрі, ақша тапқанын қалайды.

Балалардың өздері де болашағына сенімсіз.

«Мен аттестат алғанымен, жоғары оқу орнына түсетін ақшам жоқ. Мен қазір ақша тауып, ата-анама көмектесуім керек»,-дейді мектеп оқушысының бірі.

Түркіменстан тұрғындары үшінші жыл қатарынан экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Билік болса бұл қиындықтарды мойындамайды.

centralasian.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған