Ақтөбелік 10 жастағы дизайнер «ALTYN OIMAQ» республикалық байқауында жеңіске жетті

Кәсіпкерлер Палатасында «Тұрақты даму және əйелдер кəсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ директоры Динара Аллаберген 1 млн теңгенің сертификатын ақтөбелік жас дизайнерге тапсырды, деп хабарлайды «Тілші».

Байқауды «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ-мен бірігіп ұйымдастырып, өткізді. Байқау қазақстандық киім дизайнерлері арасында 6 номинация бойынша, үш кезеңнен тұрды.

Әйгерім Мұратқызы «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімі» номинациясында өз жұмысын ұсынды. Шығармашылық сайысқа қатысуға оның анасы Айнагүл Мазинова өтініш берген.

10 жастағы Әйгерім көйлек пішеді, тігеді. Сондай-ақ, фортепианода ойнайды. Қазір көркем гимнастикамен айналысады.

Анасының айтуынша, Әйгерім бала кезінен шыдамды, тыныш, ұстамды. Қазір ол тігін машинкасының көмегімен өзіне киім тігіп, үлкен киімді бірнеше өлшемге азайта алады, өлшем ала алады.

«Біз, Қазақстанда киімдерді Қытай, Түркия, Италияға қарағанда жақсы жасауға болатынын көрсеткіміз келеді. Мақсатымыз – біздің тауарлармен әлемдік нарыққа шығу», – дейді жас шебердің анасы.

Қызы мен анасының болашаққа жоспары көп. Жақын арада олар шағын сериялық өндірісте киімдерді іске қосуға, ал кейін синтетикалық трикотаждан спорттық киімде өз күштерін сынап көруге үміттенеді.

Айта кетейік, «ALTYN OIMAQ» киім дизайнерлерінің байқауы 2019 жылдың наурыз айында «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының бұйрығымен бекітілді. Еліміздің кәсіпорындары мен дизайнерлері қатысуға 284 өтінім жіберді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған