Әлия Иманғалиева, кәсіпкер: Баламыздың еміне ешкімнен көмек сұрамас үшін бизнес бастадық

Әлия Иманғалиеваның ер адамдар жасайтын бизнесте жүргеніне 10 жылдан асып барады. Бүгінде іскер әйелдер арасында беделі жоғары. Алыс та жақын шет мемлекеттерде біліктілігін арттырып келеді. Батыс аймақтың облыстарында бизнесін кеңейткен ол бүгінде ісін Нұр-Сұлтан қаласында жалғастырып жатыр.

Әлияның бұл бизнеске келу тарихы да жоқ емес. Жолдасы Бекбол екеуінің тұңғыштары Энес сәби шағында жиі ауырды. Бармаған ауруханасы, жолықпаған дәрігері қалмаған шығар. Жаңа отбасы құрған жас жұбайларда тұрақты жұмыстары да болмапты.

Дегенмен, екеуі бірлесіп, баланың емі үшін ешкімнен алақан жайып ақша сұрамауға бел буады. Әлия пластиктен терезе қондыру цехын ашады. Әйел басымен терезенің жақтауларын өлшеп, тапсырыстар алып, өзіне жинаған командасы есік-терезе қондыра бастайды. Әрі бұл ісі сәтті жалғасады.

Жаңажылдық мереке қарсаңында таныс кәсіпкерлерден көтерме бағамен кондитерлік өнімдер, шоколад, ойыншық, бала рюкзагі сынды сыйлыққа қажетті тауарлар алады. Оларды бір дорбаға салып, мерекелік шырша қасында тарту ететін сыйлықтар әзірлеп үлкен сауда орындарына өткізе бастайды.

Бекбол да қарап қалған емес. Алғашында таныс жігіттермен бірлесіп кәсіп ашып көреді. Есік пен арнайы киімдер сатады. Кейін есік-терезеге қажетті профиль бизнесін қолға алады.

Бүгінде Әлия мен Бекбол көтерген тауар бренді Anescom (Қазақстан аумағында ПВХ және алюминийден профильдерді жеткізуші) деп аталады. Тұңғыштары Энестің есімімен аталса керек.

Кәсіпкер әйел іс бастаудың оңайға соқпағанын еске алады. Кедергілер аз болмаған. Олармен, әрине, бетпе-бет келгенде нағыз сынақ басталады.

Әлия қарапайым отбасынан шыққан. Бала арманы заңгер болу еді. Алайда, техника саласын таңдайды. Кейін кәсіпке араласа бастағанда, заңгерлік оқуға құжатын тапсырады. Бойжеткен қайда және үшін бара жатқанын білген болатын.

Жұбай болу, жар сүю…

Жақындары оған қыз бала екенін, тұрмысқа шығып, ана болу керектігін есіне салып отыратын. Бірде ол болашақ жары Бекболмен жолығады. Бүгінде отбасы екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

«Тұрмыс құрамын деп еш ойламадым. Бар ойым тек жұмыс болды. Жақын құрбыларым, туыстарым қоймады. Бизнесте көп нәрсе түсінгендей болдым. Ал, жалғыз ұлы мен бес қызы бар отбасыға келін болып түсерде, әрине, кішкене үрейлендім. Барлығының көңілін табу, тамақ пісіру, кір жуу, үй жинау, қонақ күту, тағы басқа… Қысқасы, барлығынан өттім», – деп күледі Әлия.

Дүниеге тұңғыштары Энес келеді. Алайда, кәсіпкер әйел үшін бала бизнеске кедергі болмады. Анасы сәбиімен үйде бес ай отырады. Үйде отырса да, бизнесті жүргізе береді. Араға бір жыл салып, жас отбасыда қыз бала пайда болды.

«Кәсібіме екі бала да кедергі болмады»

Әлияның пайымынша, кейбір әйелдер баланы сылтауратып, жұмыс істемеудің қамын қылады.

«Екі баламмен үлгеріп отырдым. Кеңсеге де соғып кетемін. Тапсырыстар аламын. Клиенттермен кездесуге шығамын. Келіссөздер, мәмілелер. Рас, маған жақындарым көмектесті», – деп еске алады сол күндерді кәсіпкер.

Өмірде жақсы да болады, қиындықтар да аз емес. Күндердің күнінде ұлдары Энестің қатты науқастанғанын біледі. Дәрігерлер бір емес, үш диагноз қойып береді. Баланы дереу емдеу керек болады, күтімі жақсы болу керек. Дәрі ішу, ем қабылдау, ауруханадан аурухана… Бала әлсірей береді.

«Етек-жеңімізді жиып, бала үшін ем іздедік. Жолдасым екеуміз ешкімге алақан жаймаймыз деп шештік. Сынақтан өтуіміз керек болды. Еңбектендік, ақша таптық. Баланы шетелге апардық. Энес Түркия мен Қытайдың емханаларында ем алды. Оңай болмады. Ешкімнен қарызға ақша сұрамадық. Компанияның атын да Энеспен байланыстырып қойдық», – дейді Әлия.

Лексиконында кедергі сөзіне орын жоқ

Кәсіпкер әйелдің қиындық, кедергі деген сөздерді айтқысы жоқ. Ол сөздерді лексиконынан әлдеқайда шығарып тастаған. Соған қарамастан, кедергісіз бизнес болмайтынын да жақсы түсінеді.

«Бизнестің алғашқы жылдарында көршілес Атырау облысында сату орталығын ашатын болдық. Алайда, сене қоймайтын шығарсыз, бір ер адам хабарласты. Әріптес екенін айтып, кейбір жайттарды талқылау үшін кездесуге шақырды. Бизнестің бұл түрімен Атырауда айналыспау керек деп белгі берді. Бұл сала бос емес көрінеді. Бизнесімізді номиналды бағаға сатуымызды өтінді. Алайда, мұндай ұсыныстан бас тарттым. Келіспейтініме көз жеткізген ол барлығын тастап, Ақтөбеге қайтуымызды сұрады», – деп еске алады Әлия.

Әлия оған қаймықпады. Бұл бизнесті оңай тартып алатын тоқсаныншы жылдар емес екенін жақсы түсінетін. Мемлекет қалай болғанда да қорғайтынын білді. Үйге оралған соң, Атыраудағы бизнесті одан әрі қалай дамыту керектігін жоспарлай бастады. Кейін Ақтау мен Оралда, Қызылорда облыстарында филиалдар ашылады.

Іскер отбасының бар арманы орындала бастаған сыңайлы. Бірнеше жылда Anescom компаниясының бірнеше қалада сату орталығы ашылды.

«Немістерден үйренетініміз көп»

Бастапқыда Әлия білім алу, өзін-өзі дамыту жағын ойламайтын. Тапқан табысты отбасы тек айналымға салып отыратын. Рас, бизнестен басқаға салатын артық ақша да болмады. Аренда, жалақы, несие, тағы басқа шығындар болды.

«Бірде кәсіпкерлерге көмектесетін арнайы бағдарлама барын білдік. Кейін консалтинг қызметтерінің шығынын өтеп беретінін де естідік. Шынын айтқанда, біз білім алу жағын еш ойламадық. Бизнес-семинарларға қатыса бастадық, дәрістер тыңдай бастадық. Бірде жергілікті әкімдік неміс кәсіморындарының жұмысымен танысу жөнінде ұсыныс жасады. Шетелге, Германияға екі айға жұмыс сапарымен шығу ойымызға келмеген. Алайда, мүмкіндіктен бас тартпадық. Сол кезде бизнесті алғаш рет қарамағымыздағы қызметкерлерге тастап кеттік. Олар біз жоқта кәсіпті қалай жүргізеді деп те уайымдадық. Бір апта емес, бір ай емес. Екі айға кетіп барамыз», – деп еске алады Әлия.

Германияда іскер отбасы көптеген нысандарды аралап шығады. Неміс әріптестерімен кездеседі. Ондағы бизнестің құрылу жолдарымен танысады. Істі қалай жүргізетінін біледі.

«Оларда барлығы басқаша. Жұмысшыларын аңдып отырмайды. Әрбірінің өз міндеті бар. Функциялары бекітілген. Тек бақылап отырады. Алайда, күшейтуге болады».

Әлия неміс әріптестерінің таза, ашық, айқын жұмыс істейтінін түсінеді.

«Оларға жету үшін көп еңбектену керек секілді. Айырмашылық жер мен көктей. Маған қазақстандық әріптестерімнің заңды белшесінен басу секілді кей қылықтары расымен ұнамайды. Көбі көлеңкеде жұмыс істегісі келеді. Өз басым алғашқы күннен таза жұмыс істеу керек деп шештім. Барлығы заң аясында болуы керек. Әрбір тиыннан салық төлейміз. Барлығын декларацияда көрсетеміз. Кейде отандық кәсіпкерлердің табысты жасырып, салықтан жалтарып жатқанын көргенде, елден ерек болып отырғаның қызық екен. Бірақ, біз де сол жолмен кетеді деген емес. Тек, құқықтық мемлекетте тұрған соң, барлығы да таза болса дейсің ғой», – дейді ренішін жасырмаған кәсіпкер әйел.

Әлияның компаниясы өнімді шетелден алдыртады. Барлық тауарға кедендік құжаттар рәсімделеді. Барлығы үшін төлемдер қарастырылған. Алайда, көптеген іскер адам заңды айналып, тауарды арзан бағамен жеткізеді. Тауардың бағасы ғана емес, сапасы да төмен болатыны сондықтан.

«Басты қағидамыз – клиентке сапалы тауар ұсыну. өзіміз нені қалаймыз, клиентке де соны ұсынамыз. Бизнеске бір күнге емес, ұзаққа келдік. Сондықтан, сатып алушының сенімі – бірінші орында», – дейді Әлия.

Дегенмен, кәсіпкер жарқын болашаққа сенеді. Бизнесте барлығы ашық та таза болады деп үміттенеді. Әріптестері бұған саналы түрде келеді. Әлияның пайымынша, оған тек уақыт пен ниет керек.

«Бақталас ұйықтамайды, біз де алға жылжуымыз керек»

Кейде кеңсеге клиент кейпіндегі бәсекелес компаниялардың «тыңшылары» келіп кетеді. Барлығын сұрап шығады. Кейде бәсеке компаниялардағы былықтар туралы айтып кететіндер бар. Бұрын жас отбасы небір арандатуға ұшырап қалатын. Уақыт өте мұның барлығын түсіне бастайды. Anescom компаниясының басты қағидаларының бірі – осындай жайттардан аулақ болу.

Әлия Иманғалиева алғаш рет Украинадан консультанттардың қызметіне жүгінеді. Қымбатқа шықты, алайда кеңестен ақша үнемдемеу керек. Оның үстіне, Еуропа даму және қайта құру банкі консалтингтік қызметке жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеп бермек болды.

«Украинадан келген консультант қызметіне 7 млн теңге жұмсадық. Бір жағынан Еуропа даму және қайта құру банкінің консалтинг шығындарын субсидиялау бағдарламасын пайдаланғымыз келді. Банк 3,5 млн теңге шығынның орнын толтырды. Нәтижесінде, араға жыл салып, 2 млрд теңгенің тауарын саттық. Өсім 310 пайызды құрады», – дейді сандарды сөйлеткен бизнесмен әйел.

Әлия украиналық консультанттармен жұмыс істегенін мақтанышпен еске алады. Олардың бизнеске көзқарасына әлі күнге дейін таңданысын жасырмай келеді. Стреске төзімді. Көптеген келіспеушіліктерге қарамастан, ортақ тіл тапқан.

«Олар кербез емес, дандайсу деген жоқ. Егер ортақ тіл таппаса, бизнесті тастап кету деген жоқ. Керісінше, бізде тіл таппасаң, «лақтырып кету» үйреншікті нәрсе. Әрқайсысымызды көкіректік бар. Оны да шетел консультанттарынан түсіндік», – дейді Әлия.

Бизнесвумен маман таңдаудың да оңай еместігін тілге тиек етті. Бір кездері жалғыз адамды отқа да салған, суға да батырған дұрыс көрінетін. Бұл өте үлкен қателік болса керек.

«Бұл жетістікпен тоқтамаймыз»

Отбасы көп жетістікке қол жеткізді. Он шақты жылда тармақталған бизнесті көтерді. Батыс Қазақстанның барлық қаласында бөлімшелері ашылды. Қызылордада да филиал жұмыс істейді. Мамандар жеткілікті. Әрқайсысының қызметтік міндеті бекітілген. Жұмыс жүріп жатыр. Әлия отбасымен бірге Астанаға қоныс аударды. Бүгінде барлық жұмыс орталықтан басқарылады. Арасында өңірлерге шығып тұрады. Көп уақытын бизнесмен жұп оқуға, жоспарлауға арнап келеді.

Болашақта Қазақстанның тағы бірнеше қаласында сату бөлімшелерін ашпақ ниетте. Болашаққа жоспар құрып, кәсіпті алға жылжытқылары келеді.

Anescom өндіріс ауқымын ұлғайтып, ассортиментті көбейткісі келеді, штат санын 40-тан 60-қа арттырып, нарықтағы үлесті 50 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Өз атымен аталған компания тарихын бала Энес біле ме? 

Энес бүгінде робототехникамен әуестенеді. Нұр-Сұлтандағы жетекші оқу ордаларының бірінде білім алады. Білім додаларына жиі қатысады. Болашақта ата-ана жолын қуып, бизнесмен бола ма, әлде техника саласын таңдай ма, әзірге белгісіз. Белгілісі – өздігінен көп ізденеді. Өзінен кейінгі қарындасы Эльнара мен інісі Әмірәлі екеуіне үлгілі аға ретінде қарайласып келеді. Көп бос уақыты бола бермейтін ата-анасына таптырмас көмекші.

Tilshi.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған