Құрылыс бойынша Ақтөбе артта келеді: Дәленов экономикалық өсім қарқыны баяулаған өңірлерді атады

Еліміздің бірқатар өңірінде өсімнің теріс көрсеткіші орын алып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізгі көрсеткіштер бойынша өсімнің оң серпіні көптеген өңірлерде байқалады. Сонымен бірге, өнеркәсіп бойынша Қызылорда, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары теріс аймақта қалуын жалғастыруда. Аталған өңірлерде мұнай және газконденсатын өндіру қысқарған. Ауыл шаруашылығы бойынша Қостанай облысын қоспағанда барлық өңірлерде өсу қамтамасыз етілді. Қостанай облысы дәнді дақылдарды жинаудың төмендеуінен теріс аймаққа өтті. Ең жоғары өсуді Ақмола облысы көрсетіп отыр», – деді министр.

Оның дерегінше, құрылыс бойынша артта қалушылардың қатарында 4 өңір бар. Бұл бұрынғыдай Шымкент, Маңғыстау облысы және Нұр-Сұлтан қаласы. Бұдан басқа, тұрғын үйлер құрылысының және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның төмендеуі салдарынан Ақтөбе облысы осы тізімге қосылды.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуі әлі де Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында сақталып отыр. Бірқатар өңірлер бірнеше көрсеткіш бойынша жақсы серпін көрсетуде. Бұл өнеркәсіп, өңдеу, кен өндіру, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және инвестициялар. Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында – 5 көрсеткіш, Атырау, Қызылорда, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 3 көрсеткіш жоғары өсуді көрсетуде. Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары бойынша бірнеше көрсеткіш бойынша төмендеу байқалады», – деді Руслан Дәленов.

Министрдің атап айтуынша, Маңғыстау облысында құрылыс, инвестициялар, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, өнеркәсіп, Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйлерді пайдалануға беру, инвестициялар, құрылыс, Шымкент қаласында инвестициялар, кен өндіру өнеркәсібі және құрылыс көрсеткіштері төмендеген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған