Ақтөбелік журналист Мұғалжар ауданы әкімінің қылығы үшін ұялғанын айтады

KAZ.NUR.KZ порталының Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі Ардақ Ерубаева жұмыс бабымен Мұғалжар ауданына барғанында ыңғайсыз жағдайға тап болғанын айтады, деп хабарлайды «Тілші».

«Жолға шығатынымды жақын құрбыларыма да айтпадым. Тұрғындардың өтінішімен таң атпай ауданға жол тарттым. Бір күн бұрын аудан басшысы Асқар Шерияздановқа қоңырау шалғанмын. Алайда, ол кісі әдеттегісінше телефон тұтқасын көтермеді. Сонда да әкімдікке баратын болып шештім. Әкімдікте Асқар Тұрарұлы шұғыл жиналысқа кіріп жатқанын айтқан», – дейді Ардақ Ерубаева.

Журналист аудан басшысына ренжімегенін, жұмысбасты екенін түсініп, оның орынбасарына жолыққанын, сұрақтарын қойып, жауап алғанын айтады.

«Менің түсінбегенім, Қандыағашқа келгенімде таныстарым, олардың қатарында әріптестерім бар, таныс шенеуніктер бар, хабарласып, Қандыағашта жүрген-жүрмегенімді, ауданға қандай шаруамен келгенімді сұрап жатты. Меніңше, әкім не әкімдік қызметкерлері сұратып отыр. Менің қай ауданда, қандай жұмыспен жүргенімде әкімнің, оның адамдарының қандай шаруасы бар?», – дейді KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айта кету керек, осыдан бірнеше жыл бұрын желіде әкімдік қызметкерлерінің портал тілшісіне қатысты ватсапта жазған жазбалары тарап кеткен болатын. Онда шенділер ауданда KAZ.NUR.KZ порталы тілшісі жүргенін айтып, жолығып қалса оның сұрақтарына жауап бермеу керектігін жазған болатын.

Инстаграм парақшасында Ардақ Ерубаева «кезінде облыстың білдей идеологы болған бұл кісінің қылығы  үшін» ұялғанын жазыпты.

«Тілші»

1 Comment

  1. Саламатсыз ба. Дүйсенбі жұмыс графигіне сəйкес əрдайым өзекті мəселеге толы. Селекторлық мəжіліс, аппараттық жиналыс. Түстен кейін бір жетекші банктің облыстық филиалының басшысымен кездесу өтті, ауданға қажетті бөлімшенің ашылу мəселелері талқыланды. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген инвестор-компанияның үш басшысымен кездесу болды. Өндіріс ашқалы отырған инвестормен ұйымдастыру мəселелері – жер бөлу, теміржол тупигін салу, электрмен қамту таоқыланды (тиісті мамандарын шақырып), құрылыс жəне іске қосқан кезде жергілікті жұмысшыларды тарту жəне ауданда тіркеліп, салықты аудан бюджетіне түсіру міндеттелді. 120 км жерде, далалықта орналасқан шаруа қожалығының басшысы, 73-жастағы ақсақал жер мəселесіне байланысты проблемасына үңіліп, шешу жолдары қаралды. Президент тапсырмасына сəйкес əрбір келген адамның мəселесін қанағаттандыруға тырысып жатқан жұмыс. Инвестормен келіссөздер жүріп жатқан кезде журналистті қабылдау аудан əкімінің орынбасарларына тапсырылды (əлеуметтік мəселелер, экономикалық сұрақтар бойынша). Олар да аудан басшылары, тəжірибелі, өз саласын жақсы меңгерген азаматтар. Жұмысқа жаңадан кіріскен басшыдан гөрі толығырақ ақпарат бере алады. Əкіммен де кездесуге болады. Нұр-Сұлтан мен Ақтөбеден келген азаматтар секілді алдын-ала келісіммен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған