Опера әншісі Дина Атамқұлова Ақтөбедегі зағиптар қоғамында қайырымдылық концертін берді

Танымал опера әншісі Дина Атамқұлова Ақтөбедегі зағиптар қоғамында қайырымдылық концертін берді, деп хабарлайды Tilshi.kz. Шараға әнші өзінің шәкірті Темірбек Орынбайұлын да алып барған.

Әнші мен шәкірті халық әндерімен қатар опера туындыларын орындап, зағиптар қоғамының мүшелеріне қуаныш сыйлады.

«Менің әкем Қызылорда облысында зағиптар қоғамының мүшесі болған. Сондықтан, мен еліміздің қай өңірінде жүрсем де, алдымен зағиптар қоғамына ат басын бұрамын. Садақаны да мешіттерге емес, алдымен осындай орталықтарға беру керек сияқты. Өйткені, қазір кім сұрайды, сол алады. Ал зағип жандар көшеге де шыға алмайды. Айқайлап көмек сұрай да алмайды. Үкімет жасап жатыр ғой. Бірақ ол да аздық етеді», – деген Дина Атамқұлова зағиптар қоғамындағы мәселелерге де назар аударуды жөн көрген.

Мұнда ән десе ішер асын жерге қоятындар да жоқ емес екен. Мысалы, екі бойжеткен таяуда Алматыда өтетін байқауға қамданып жатыр. Алайда, жоқшылық қолбайлау болып отырған сыңайлы.

«Қыздар әуенді нотамен емес, есту қабілеті арқылы үйренген. Жолға қаражат керек екен. Сахнаға шығатын көйлегіне әдемі, қымбат мата алып беремін. Тігетін шебер іздестіріп жатырмыз», – дейді ол.

Жалпы, зағиптар қоғамында кемшілік аз емес. Есіктері ескі, едені тозған, желдеткіш жоқ.

Қайырымдылық концерт өткізген әнші қоғамдағы осы жайттарды да тізбелеп, құзырлы орындардың назарына жеткізу керек деп санайды.

Tilshi.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған