Ақтөбе облысында 12 мыңға жуық тұрғын жеке клиникаларда тегін емделген

Тегін медициналық көмек аясында 25 жеке клиника ақысыз қызмет көрсеткен. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақтөбе облыстық филиалы хабарлайды.

Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтөбе облысында 62 емдеу мекемесімен келісімшартқа отырды. Соның ішінде 25 жеке клиника да халыққа белгілі бір көлемде тегін қызмет көрсетуге міндеттелді.

«Жалпы жарты жылдың ішінде 58 мыңнан аса тұрғын мемлекет қаржысына емделген. Соның ішінде 12 мыңға жуық ақтөбелік жеке клиникаларда ақысыз ем қабылдаған. Атап айтқанда, «Дару» клиникасы 3 мыңға жуық, «Теміржол ауруханасы» 3 мыңнан аса және «Көз Жарығы» клиникасы 1200 адамды қабылдаған», – деп мәлімдеді «ӘМСҚ» Ақтөбе облыстық филиалы бөлімінің сарапшысы Айгүл Жанасаева.

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі еске қосылады. Сондықтан бірте-бірте емдеу мекемелері арасында бәсекелестік орта қалыптасып келеді.

«Бәсекелестік бар жерде ғана сапа болады. Келесі жылы емдеу мекемелері әр науқас үшін күресіп, сапалы қызмет көрсетуге мүдделі болады», – деді Айгүл Жанасаева.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған