Құралай Базарбайқызы: Жас кезімізде есеппен араласу, біреуді пайдалану деген болмайтын

Құралай Бәйменова Ақтөбедегі сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығын өзі құрып, ондаған жылдар бойы жетекшілік етіп келеді. Осы уақыт аралығында 1500-нан астам мүмкіндігі шектеулі жанды қоғамға бейімдеп, олардың да осы қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіріп келеді.

Құралай Базарбайқызының жастарға айтары жоқ емес. Бүгінде айналадағы жас буынға қарап отырып, өзінің пікірімен «Тілшімен» бөлісті.

«Мен Қобда ауданында көпбалалы отбасыда дүниеге келдім. Еңбекке 11 жасымнан араластым. Колхоз маңында қамба үйіліп жататын. Астыққа қарап, осы біздің байлық деген ойда болдық. Үлкендер жағы байлығымызды бағалауымыз керек деп тәрбиеледі. Колхоздың астығы төгіліп жатса, дерек хабар беріп, немесе жолда төгілген бидайды жинап, қамбаға тапсыратынбыз. Сол үшін де мақтаныш сезімі кернейтін», – деп бастады әңгімесін Құралай Базарбайқызы.

Бала кезінде кейіпкеріміз бір қора сиыр сауғанын айтады. Мал төлдегенде үлкендер жағы бала деп қарамаған. Барлығын бірдей еңбекке баулып келген.

«Жануарлар төлдеп жатқанда, қозы-лақты үйге таситынбыз. Бұзау да салқын жерде көп тұра алмайды. Оларға жағдай жасап, бағатынбыз. Тауық-қораздарымыз болды, жемін беру, суын беру, оларды түгендеу, тағы басқа жұмыстар таусылмайтын», – дейді ол.

Жас Құралай қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Пионерлер басқосулары өткізілетін. Ол уақытта арнайы клуб, үлкен сарай болмады. Кішкентай мектепте жиналыс өткізіп, жұмыстарын жоспарлап отырған.

«Бізде елге, мемлекетке не істей аламыз деп мәселе болды. Жастардың қолға күрек алып жұмыс істеуге дайын тұрған шағы болатын. Кез келген жұмысқа араласып кететінбіз. Алқап жұмыстарына жұмылдырды. Ешкім бұлданбайтын», – деп еске алады жастық шағын ол.

Құралай Байменова қоғамдық жұмыстарға да ерте араласты. Шалғай ауылда бастауыш мектепте мұғалім болған. Бір кабинетте бірнеше кластың оқушысы оқитын кездер екен.

«Әр сыныпқа әртүрлі тапсырма беру де өнер. Жағдай солай болды. Сонда да үйлестіріп, бірінің тапсырмасын беріп, екінші кластың оқушыларынан сабақ сұрайсың. Бірде аудан орталығынан адамдар келіп, «мына сары қыз ауданға керек, ауылда жүргені болмас» деп ауданға қызметке тартты. Мен ұйымдастыру жұмыстарына жауапты болдым», – дейді Құралай Базарбайқызы.

Кейіпкеріміз ертеректе жастардың есеп үшін араласпағанын алға тартады. Адамдар арасында сыйластық, достық қарым-қатынас жоғары тұратын. Замандастары киіміне, қызметіне қарап сыйламаған, керісінше ішкі рухани байлығын жоғары бағалаған.

«Жаспыз. Барлығымызда бірдей киім болған шығар. Бірақ біз үшін құндылық басқа болды. Оқыған-тоқыған, көзі ашық болсақ дейтінбіз. Адами құндылықтарды жоғары қойдық. Қолымызда 50 тиын болса жеткілікті еді. Екі адамға киноға, балмұздаққа жететін. Ақшасына қарап сыйлау, есеппен араласу, пайданы ойлау деген болмады. Тіпті, отбасы құрарда ауылға бірнеше сағатта трактормен жеткенбіз. Үй ішінде той жасадық. Жақын адамдарымыз қуанышымызға ортақтасып келді», – дейді кейіпкеріміз.

Тоқсаныншы жылдары Құралай Бәйменова қазіргі Мұғалжар ауданында мәдениет саласындтелеарнаға еңбек ете жүріп, іссапарға шыққанда жол апатына ұшырайды. Содан бері мүгедектер арбасына таңылып жүрсе де, қоғамдық жұмыстарды тастаған емес.

«Ес жиып, басымды көтерген соң, Қандыағаштағы жергілікті кабельді арнаға жұмысқа сұрандым. Елде түсініксіз жайттар болып жатқан. Халық не істерін білмей абдырап отырған кез. Тоқсаныншы жылдар ғой. Мен үйде үш жылдай жаттым. Содан телеарнаға сұрандым. Мүгедек әйел қалай журналист болады деп қараған адамдар болды. Мен аяқпен жұмыспен істемейтін шығармын. Мүгедектігімнің жұмысқа қандай кедергісі болуы мүмкін деген ойда болдым. Бір жағынан журналистикаға қызығушылығым бала кезден бар болатын. Жолдасым арбамен апарады, алып қайтады. Мен эфирімді өткізіп жүрдім. Кейін осы жұмысты облыстық арнада жалғастырдым. Қолымнан басқа не келеді ол кезде?! Ең болмағанда идеологиялық жұмыстарға араласайын деп, еңсесі түскен халықтың рухын көтергім келді. Студияға қонаққа елге сыйлы деген азаматтарды шақырдым. Олар ойларын ортаға салатын», – дейді Құралай Базарбайқызы.

Жастар бірдеңе ойлап табуды армандайтын. Сол үшін арнайы журналдар жаздыртып, жаңашылдықтар туралы жаңалық іздеп жүретін.

Құралай Базарбайқызы қазіргі оқыған, мәдениетті жастарға ел үшін қызмет етуді ұсынады. Өйткені, оның пайымынша, ешкім ешқайда ештеңе әкетпейді. «Барлығы жастардың өз қолында қалады. Сондықтан, бұлдана бермей, еңбек етуді ойластырған абзал» дейді ол.

«Қазір реніш, өкпе басым. Түсінемін, барлығы жақсы жағдай жасалғанын қалайды. Бірақ, сізге бір қызық айтайын. Барлық жағынан қамтамасыз етілген Еуропа елдерінде де мәселе көп. Ең мықты саналатын Норвегияның өзінде суицид басым. Меніңше, адамға жағдай жасалған сайын, ол ештеңеге ұмтылмайтын сияқты. Тіпті, өмірдің қызығы қалмайды ғой. Адам қиналған сайын алға ұмтылады. Бір іспен айналысады. Өзін дамытады. Менің жеке пікірім, егер алдына тамағын қойып берсе, айналасын тазалап отырса, ондай адамның, кешірерсіздер, жануардан айырмашылығы неде? Сонда адам не істеуі керек?!», – дейді мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау қорының жетекшісі.

Tilshi.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған