Ақтөбеде 100-ден астам отбасы тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі арқылы алған үйлеріне кіре алмай жүр

Ақтөбе облысында 100-ден астам отбасы жеті айдан бері тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі арқылы «Нұр Ақтөбей» ықшам ауданынан алған пәтерлеріне кіре алмай жүр. Қолдарына техникалық құжаттарын алғанымен, үйге кіруге рұқсат жоқ. Өйткені, пәтерлердің ауданы артығымен салынып қойыпты. Үстіндегі айырмашылықты бүгінде құзырлы тараптар кімнің төлейтінін білмей дал. Тұрғындар өз қалтасынан төлеуге дайын. Алайда, құзырлы тараптар ертең тексеріс болса, басымыз кетеді деп жанұшырып отыр.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің меңгерушісі Махаббат Баянқұлованың айтуынша, пәтерлердің ауданы құжатта көзделген ауданынан артығымен салынған.

«Тұрғындар артық квадратқа төлеуден қашып отырған жоқ. Алайда банк рұқсат етпей отыр. Егер рұқсат құжаттары болса, тұрғындар үстіндегі ақысын банкке төлеуге дайын. Бұл іспен құрылыс басқармасы айналысып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне хат та жолдады. Алайда, әзірге жауап келмеді. Артық салынған квадратты кімнің есебінен жабу керектігі белгісіз. Тұрғындар келісіп отыр, банк болмайды дейді. Бүгінде ондай пәтерлер көп, – дейді бөлім меңгерушісі.

Өз кезегінде, Тұрғын үй-жинақ құрылыс банкінің Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Эльмира Ескендірованың айтуынша, заң талаптары бойынша артық квадраттарға банк те, тұрғындар да төлей алмайды.

«Баспананың ауданы құжатта көрсетілген 80 шаршы метрден аспауы керек. Ол айырмашылықты жергілікті әкімдік немесе құрылысшылар өтеуі тиіс. Әкімдіктен келген хатта да айырмашылықты төлейтіндері көрсетілген», – дейді филиал директорының орынбасары.

«Кейбіреуіміз былтыр қараша айынан бері жүрміз. Кейбірі желтоқсаннан бері шаруасын шеше алмай келеді. Наурыз айында келісімшартқа қол қойып, техникалық құжаттарды алдық. Бірақ, үйге кіре алмай жүрміз. Несие кестесін де біле алмай сарсаңға түстік», – дейді тұрғындар.

Қолға тиіп тұрған пәтерлеріне кіре алмай жүргендердің қатарында шалғай ауыл тұрғындары да бар. Соңғы 6-7 айда олар да ауыл мен қала арасына жол салып жүр.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілі министрлік тарапынан хат алдағы екі апта шамасында келеді деп отыр. Алайда, тұрғындардың бұл уәдеге сенгісі жоқ.

«Екі апта деп созып келе жатқандарына жарты жылдан асты. Не істерімізді білмейміз. Тоқаевтан көмек күтеміз», – дейді ол бір ауыздан. Тұрғындар президенттен араша сұрап, хат жолдамақ ниетте.

Tilshi.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған