Қазақстанда туризм неге дамымай жатыр? – Сарапшы пікірі

Белгілі экономист, сарапшы, Қазақстан экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков Қазақстанда туризмнің неліктен дамымай жатқаны жайлы ой қозғайды. Advert Optimus ұйымдастырған басқосуда сарапшы туризмнің дамуы әр елдегі даму критерийлеріне байланысты екенін алға тартады, деп хабарлайды Tilshi.kz.

Құран сүрелерінің бірінде әлемді аралау керектігі айтылғанын еске салған сарапшы жер бетінде 200-ден астам мемлекеттің туристер үшін таласып жатқанын меңзеді. Бұл ретте Қазақстанда туризмнің дамымауы, дамыған күнде жай жылжуы ел экономикасындағы бірқатар факторларға байланысты екенін жеткізді.

«Қазіргі таңда үлкен бәсеке жүріп жатыр. Туристер тарту, олардың елге келуін ынталандыру жұмыстары қолға алыну керек. Олар келген мемлекетке қаржы тастап кету керек. Елдер арасында экономикалқ ұрыс жүріп жатқанын айта кеткен жөн. Бұл ретте макроэкономикада төлем балансы деген түсінік бар. Оны қарапайым адамдар да, кәсіпкерлер де түсіне бермеуі мүмкін», – дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Сарапшының айтуынша, елде туризмді дамытуға бағытталған құжаттарда да төлем балансы жайлы ештеңе айтылмаған. Егер осы көрсеткіш нақтыланбаса, әлем бойынша жүріп жатқан экономикалқ ұрыста ұту туралы сөз қозғаудың өзі артық. Егер негізгі критерий құжаттарда көрініс таппаса, бұл салада жеңіске жету мүмкін емес.

Қайырбек Арыстанбеков жұмыс бабымен Оңтүстік Кореяға барғанда таксистерге едәуір шығындалғанын мысал етті.

«Айырбастау пункті керек болып, таксистке жолыққанбыз. Сөйтсек ол қаланың басқа шетіндегі ақша айырбастау орнына апарып тастаған. Бастысы, барлығы заңды түрде. Көлікке есептегіш орнатқан. Сол бойынша жүрген жол аралығын есептеп, заңдастырылған түрде 90 долларымызды қағып алды. Ал сол айырбастау орындары қонақ үйіміздің дәл түбінде де бар болып шықты. Сонда такси жүргізушісіне дейін бізден ақша алып қалуды ойлап отырады», – дейді ол.

Сарапшының пайымынша, түрік гидтері де сол. Алдымен арзандау дәмханаға апарады. Анау-мынау сатып аласың. Содан сәл қымбаттау орынға апарады. Ол жерде де шығынданасың. Содан кейін қымбат орынға апарады. Бұл жерде стратегиясын түсіну қиын емес.

Ал, бұл тұрғыда Қазақстанның қаншалықты ұтылып жатқанын да аңғару қиын емес.

Төлем балансы көрсеткішіне тоқтаған экономист 2018 жылы шет мемлекеттерге шыққан Қазақстан халқының 2,6 млрд АҚШ доллар жұмсағанын айтады. Халық қыдырып барады, демалады. Суға түседі, тауға көтеріледі. Ақша қалдырады.

«Ал Қазақстандықтар шетелге тастаған қаражат пен шетелдіктер Қазақстанға қалдырған қаражаттың айырмашылығы 432 млн АҚШ доллары. Арадағы айырмашылықты туризм төлем балансы деуге болады. Біз 432 млн АҚШ доллары көлемінде ұтылып жатырмыз», – дейді ол.

Қайырбек Арыстанбеков 2000 жылы, яғни, 19 жыл бұрын шетелге 407 млн доллар кеткенін, 356 млн доллар келгенін есептеп берді. Ал, 2010 жылы, яғни 9 жыл бұрын 1,2 млрд доллар шетелге кеткен, 1млрд доллар келген. Айырма 200 млн доллар. 19 жыл бұрын жылына шамамен 40-50 млн доллар ұтылсақ, 9 жыл бұрын 200 млн доллар ұтылып келдік. Қазір бұл айырмашылық 430 млн доллардан асады.

«Экономикалық ұрыста қандай стратегия ұстанатынымыз маңызды. Мысалы, меніңше, керемет стратегияны бір ғасырдан астам уақыт бұрын Ахмет Байтұрсынов айтып кеткен сияқты. 1913 жылы 15 тамызда «Қазақ» газетінде ол «Қазақ сыртқа шикізат өнімдерін шығарып жатыр. Ал сырттан сол шикізаттан дайындалған тауарды 5-6 есе қымбат бағаға әкеліп тұтынады. Бұл надандықтың белгісі» деп жазып кеткен. Бізге осы идеология керек. Мен әлі күнге жоғары жақтан мұндай ой естімедім», – дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Маманның пікірінше, содан бері жас ғалымдардан талай шетелдік оқымыстылардың төлем балансы төңірегінде айтып жүрген ойларын оқып алып жаңалық ашқысы келетінің жасырмады. «Алайда, Ахаң айтып кеткен ойды кейін өзгелер тамсанып айтып жатқанда таңқалмаймын» дейді ол.
Қай елде түпкі көрсеткіш минус болып жатса, сол ел валютасының тұрақсыз болатыны түсінікті. Шәкіртақы мен зейнетақы төлеуге қаржы таба алмай қиналады. Өйткені, үкімет минуста.

«Валюта тұрақсыз болғандықтан, біз девальвацияны ұтылдық. 40 млн доллардан 430 млн долларға дейін сальдоға жол берілді. Егер экономикалық жоспар нақты болса, дұрыс стратегия қолданылса, Қазақстан туризмінің жағдайы әлдеқайда жақсы болар еді», – деп пайымдайды сарапшы.

Қайырбек Арыстанбеков Ұлы дала экономикасында осы уақытқа дейін үш үлкен дерттің дендеп келгенін айтады. Біріншісі —Голланд ауруы. Мұнайдан түсетін табыс өзге саланың дамуына теріс әсер етеді. Бұл дерттің ерекшелігі — шикізат секторы шикізат емес секторды тұншықтырады. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының дұрыс жүзеге аспауы осының салдары болса керек. Кәсіпорындар ашылып жатты, бірақ, жұмыс жұрмеді. Жүрген күнде әрі кетсе 30 пайызға жұмыс істеді.

«Үкімет Голланд ауруымен дұрыс күресе алмады. Бұл дерт 2014 жылға дейін кеңінен тарады. Кейін әлемдегі саяси-экономикалқ жағдайларға байланысты мұнай бағасы құлдырады. Ұлы дала экономикасын дендеген тағы бір дерт — ол Венесуела дерті. Түсінікті тілмен айтқанда, кәсіпорындарды мемлекет қарамағына қаратып алу. Елдегі ірі кәсіпорындар қорлар арқылы мемлекет қарамағына алынды», – дейді ол.

Және бір дерт, сарапшының айтуынша, ол Зимбабве дерті. Яғни, мемлекеттің экономиканың жеке секторларына араласуы. Бір ғана мысал, мемлекеттің БАҚ нарығына араласуы. Мұның барлығы квазимемлекеттік сектор арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстан экономикасы Голланд ауруына 2014 жылдың тамыз айына дейін шалдықты. 2013-2016 аралығында Венесуела ауруымен ауырды. Ал Зимбабве дерті 2007-2017 жылдары жайлады. Осы үш ауру аясында жақсы болсын, жаман болсын, туризм жаймендеп дамып келеді.

Экономистің айтуынша, қазіргі таңда әлемде экономикалық өсім баяу. 3-4 пайызбен жылжып келеді. Ал дәл осы қарқынмен Қазақстанның да алға шығуы екіталай. Ең болмағанда екі есе жылдамдықпен дамыса, алға шығып, дамыған 30-50 елдің қатарына кіруге мүмкіндік бар.

Tilshi.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған