Бердібек Сапарбаев Қазақстанда кадрлық қажеттіліктер қалай болжанатындығын айтты

Қазақстанда еңбек нарығын жаңғырту және жаңа сынақтарға дайындау жүргізілуде. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев баяндады, деп хабарлайды Tilshi.kz.

Мәселен, ағымдағы жылдан бастап кадрларға қажеттілікті болжаудың үш деңгейлі ұлттық жүйесі енгізілді: қысқа мерзімді кезең (1 жыл), орта мерзімді кезең (5 жыл), ұзақ мерзімді кезең (2050 жыл).

«Ол бізге бүгінгі күні немесе 5-10 жылдан кейін қандай мамандар және қанша мөлшерде қажет екенін аңғаруға, сондай-ақ еңбек ресурстары ағынының бағыттары мен шарттарын анықтауға мүмкіндік береді. Ол нәтижелер орта және жоғары білімі бар мамандарды даярлау, қысқа мерзімді даярлау және қайта даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру кезінде пайдаланылатын болады» – деп атап өтті министр.

Мемлекеттік бағдарламалардың басымдықтары және 2025 жылға дейін кадр қажеттілігін болжау негізінде сұранысқа ие сервистік және индустриялық 100 кәсіптің тізбесі әзірленді. Тізбе Елбасының «Жас маман» бағдарламасын дайындау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жасалды. Оған жоғары білімді қажет ететін 35 мамандық пен техникалық және кәсіптік білімді қажет ететін 65 мамандық енді.

Мәселен, 2021 жылға дейін 200 жаңғыртылған оқу орнының базасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 200 мың маман даярланатын болады.

Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру жалғасуда.

«Қазіргі уақытта 106 кәсіби стандарт әзірленді, онда қызметкерлердің біліміне, дағдылары мен құзыреттеріне қойылатын жұмыс берушілердің талаптары көрсетілген. Ағымдағы жылы 12 басым сала бойынша 480 кәсіби стандарт пен 38 салалық біліктілік шеңберін әзірлеу және қабылдау жоспарлануда. Кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламалары жаңартылатын болады», – деді Б.Сапарбаев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған