Кәсіби мерекеге «тарту»: Ақтөбе дәрігерлері сұмдық жайттарды тізбелеп, министрден араша сұрайды

Ақтөбе дәрігерлері антисанитариялық жағдайда операция жасауға мәжбүр. Ұжымдық хатта олар басшылық тарапынан мерзімі өтіп кеткен жабдықтар алынып жатқанын алға тартады. Сонымен бірге, коммуналдық қызметке қарыз пайда болып, аурухананың су мен жарықтан ажыратылғанын айтады.

Ақтөбе теміржол ауруханасының ұжымы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне араша сұрап хат жазды, деп хабарлайды «Тілші».

«2018 жылдың желтоқсанында «AUHAL» ЖШС-ке ауыстырғалы медициналық мекеме жұмысы ақсаңдап келеді. Бүгінге дейін 428 қызметкерден 288-і қалған. Жұмысшыларға келісімшарт уақыты келгенде өз еркімен кету жөнінде арыз жазуға мәжбүрлейді, болмаса, баппен шығарамыз деп қорқытады», – делінген еңбек министрі Бердібек Сапарбаевтың атына жазылған ұжымдық хатта. Хаттың толық мәтіні министрдің блогында орналастырылған.

Хат авторлары кәсіподақпен шарт жасалмай жатқанын алға тартады. Еңбекақының 1 пайызы ұсталғанымен, кәсіподаққа бір тиын аударылмапты.

Ұжым мүшелерінің айтуынша, кезекті еңбек демалысы да тек жұмыс істеген күн есебінен беріледі. Жұмысшылар демалыс ақысын толық ала алмай отыр.

Ақтөбе теміржол ауруханасында коммуналдық ақы төленбегендіктен су мен жарық өшірілген. Қанды СанПин бойынша салқын сумен өңдеу керек, алайда ыстық су пайдалану ұсынылады екен.

Орталық стерилизация бөлімшесі іс жүзінде жұмыс істемейді. Манометр 6 маусымда алынған, алайда 4 маусымда пайдалану мерзім өтіп кеткен. Бұл жайттан басшылық хабардар.

Жарықты үнемдеу мақсатында таза және лас құралдар бірге зарарсыздандырылады.

«Еш бұйрықсыз қызметкерлердің барлығынан артық жасалған жұмысқа төленетін ақы алынып тасталған. Ешқандай бұйрықсыз қысқарту жүргізіліп келеді. Ауруханада қазіргі таңда кадрлар бөлімі, бас бухгалтер, экономист, бас медбике жоқ. Бухгалтерияда тек материалды және ееп бухгалтерлері қалған», – делінген хатта.

Операция блогі мен хирргия бөлімшесінде ақпан айынан бері жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

«Біз антисанитариялық жағдайларда операция жасап келеміз. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар ауруханада тұрып жатыр, ауыздарына келгенін айтады, тәуліктің кез келген уақытында айқайлайды, шулайды. Директордың (бас дәрігердің) міндетін атқарушы Ш.Бөлекбаев пен Марат қондырғыларды отандық сертификаттарсыз алып жатыр. Жабдықтар жеке адамдардың атына Қытайдан алдыртылған», – дейді медицина қызметкерлері.

Хатта тек есімі көрсетілген Марат деген адамның ауруханаға ресми түрде қандай қатысы барын дәрігерлер әзір білмейді, алайда осы кісі телефон арқылы кез келген уақытта жұмысшыларға хабарласып, жұмыстан кететіні жөнінде ескертетін көрінеді.

Осы келеңсіздіктерге байланысты аурухана ұжымы еңбек министріне хат жолдап араша сұрайды. Алда олар ҚР Президентіне хат жазуды ойластырып отыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған