Қонақ үйдегі өрт: Отандық журналист балалар футболының халі мүшкіл екенін ашына жеткізді

Қонақ үйде шыққан өрттен кейін атыраулық журналист балалар футболына еш жағдай жасалмайтынын ашына жеткізді, деп хабарлайды «Тілші».

Тілші Құралай Қуатова алдымен қонақ үй өртеніп жатқанда бастарын қатерге тігіп, 34 баланы құтқарып алған азаматтарға алғысын жеткізген. «Өз баламыздай балалар аман-сау екен! Өздері көршілес Оралдан келген, жас футболистер…», – деп жазады ол.

«Лентада батыр жігіттерді мақтап-мадақтап жатқандармен қатар, «Райхан» қонақ үйінде өрт қауіпсіздігі талаптарының дұрыс сақталмағанын, балаларды одан гөрі «жұлдызы» жоғары, жөндем жатақханаға жатқызуға болатынын айтып жатқандар бар екен», – деп сабақтаған ол жазбасын.

Журналист мектептегі тәрбие сағаты ойыма түсе кеткенін жазыпты. Ұлының сыныбында футболдан жер-көкті шарлап орын алып жүрген ер бала, ән айтудан мектептің мақтанышына айналған қыз бала бар екен.

Жиналыста ата-ана: «Мен келесі жылы баламды футболдың турнирлеріне жібермеймін. Оқу жылының жартысы сонымен кетті. Сабағы ақсап қалды. Одан бөлек, ақшамыз шақ келмейтін болды. Тренерлер бәрін біздің мойнымызға салады: жолы, тамағы, одан бөлек, керегі болып қала ма деп жаттықтырушыға қыстырамыз. Басшылар баламызды арқасынан қағып, мәз қып қояды, мына жақта, тапқанымыздан жырып, тірнектеп біз жүреміз», – деген екен.

Журналист жаттықтырушының сөзін келтіріпті.

«Бізге Алматыдағы жарысқа барып қатысуға болмашы ақша бөлінді. Амал жоқ, демеуші іздедім, ата-аналарына салмақ салдым. Балалар Алматыға дейін екі күн пойызда жүріп барды, бара сала жарысқа қатысты. Шындығында, «бір күн бұрын барайық» деп жағдай айтқам, өйткені, спортшылар таулы жерге бірден ыңғайланып кетпейді, адаптация жүруі тиіс, бірақ, бәрі «ақша жоқ» деп сылтауратып қалды», – деген жаттықтырушы.

Сөйтіп, журналистің пайымынша, келешекте ел спортын көркейтетін қазақтың қарадомалақтарына ақша жоқ болып шықты…

Құралай Қуатова Ақтөбе облысының футболы жайлы деректі де келтіре кеткен:

2015 жылы сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәселе көтергеннен кейін, «Ақтөбе» футбол командасындағы легионерлердің қаламақысы жарияланды:
Сантана – 61 мың доллар;
Маркос Пиззелли – 75 мың доллар;
Данило Сирино – 57 мың евро;
Данило Неко – 67 мың евро.
Мекеменің жалақысы бюджеттің 77 пайызын, ал іссапар шығындарын қосқанда 90 пайызын құрайтынын көрген аймақ басшысы «шок» болған.

«Мұның алдында, дәлірек, 2013 жылы «Атырау» футбол командасына қалап алдырып, бүкіл жағдайын жасап, асты-үстіне түскен Майкл Антуан-Кюрье деген қара нәсілді бір де бір гол салмағанына қарамастан, «Атырауда расизм гүлдеп тұр» деп дымымызды қоймай кеткен еді.
Солардың қай-қайсысына төленген ақша да біздің көзінде үміт оты жанған қара сирақ балақандарымыздың жарысқа қиналмай қатысуына молынан жетер еді…», – деп жазады тілші фейсбук желісіндегі парақшасында.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған