Ақтөбеде 70 жыл бойы темекі тартатын ақсақал тұрады

Дәрігерлер шылымқорлықтың зияны жайында түсіндірсе де, халық темекі тартуды қоймай отыр. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Ақтөбе облыстық филиалы хабарлады.

31 мамыр – Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні. 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен қолға алынған дәстүрлі шара биыл «Темекі және өкпе аурулары» тақырыбына арналады.

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын ауруханаға жататын тұрғындардың 68 пайызы немесе 2 миллионға жуық адам – шұғыл жағдайда жеткізілгендер. Былайша айтқанда, әрбір оныншы адам өміріне қауіп төнбейінше емдеу мекемелерінің табалдырығынан аттамайды деген сөз. Ал, өлім-жітім жағынан алғашқы орында тұрған жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс алу органдары аурулары мен қатерлі ісіктің қай-қайсысы да шылымқорлық салдарынан болатын дерттер.

«Маған келетін науқастардың көбі тыныс тұншықпасы, созылмалы абструктивті бронхитпен ауырады. Олар ұзақ жылдар бойы шылым шеккен. Мәселен, 45 жастағы ақтөбелік тұрғын бронхитпен ауырып, үнемі жөтеліп жүр. 500 метрге жүргенде науқаста ентігу пайда болады. Егер науқас әрмен қарай емделмесе, онда дерт қатерлі ісікке әкелуі мүмкін», – дейді №1 қалалық емхананың дәрігері Гүлнәр Қожахметова.

Ақтөбелік дәрігерлер тұрғындар арасында темекінің зияны жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізelt. Алайда, мамандардың кеңесіне құлақ аспайтын шылым шегушілер жиі кездеседі екен. Соның бірі – 76 жастағы ақтөбелік қария. Ол темекі тартуды 5 жасынан бастап үйренген.

«Оның атасы махорканы қағазға орауды үйреткен. Содан 70 жыл бойы темекі тартып келеді. Бұл денсаулыққа зиян десек те, ол кісі тыңдамайды», – деді Денсаулық кабинетінің меңгерушісі Лениниана Жанторина.

Оның айтуынша, егде жастағы адамдардан гөрі, жастар мамандардың кеңесіне құлақ асады.

«Жастарға темекінің салдарын айтқанда, ойлана қалады. Ал күніне бір-екі қорапша темекіні тартатын егде адамдарға түсіндіруден өкінішке орай нәтиже жоқ», – деді Лениниана Жанторина.

1 Comment

  1. 35-жыл тартып,əупірімдеп шаққа қойдым!Текке денсаулықты құртып жүр екенбіз ғой өзіміз,енді темекі тартып отырған жандардың жанында отыра алмаймын,исінен қашып!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған