Димаш Құдайбергеннің ғаламторда сайты ашылды

Димаш Құдайбергеннің ғаламторда сайты ашылды. Dimashcom.info доменінде әлемді мойындатқан қазақстандық жас әнші туралы негізгі материалдар топтастырылған, деп хабарлайды «Тілші».

Димаш «Өнеріме құрметпен қараған әрбір жанкүйерімді бауырымдай жақсы көремін және оларды «Dears» деп атаймын» деп алғысөзін жеткізген. «Менің жаңа сайтыма қош келдіңіздер, Dears», дейді ол.

Сайтта әншінің алдағы концерттері туралы хабарландыру орналастырылған.

«Әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған аудиторияны бағындырған Димаш өз Отанында — Қазақстанда жерлестеріне арнап «Арнау» атты жаңа шоу ұсынбақ. «Арнау» — әлемдік деңгейдегі қойылымдардың тәжірибесіне негізделген ерекше форматтағы шоу болады. Бірегей цифрлық және мультимедиялық мүмкіндіктер нетәижесіндегі инновациялық «кинетикалық дауыс» тыңдарманды тұтас шоу барысында таңғалдырады», – делінген алдағы айда Қазақстанның астанасында өтетін концерт жөнінде.

Сонымен бірге, 26 қазанда АҚШ-та өтетін концерттік бағдарламасы жайлы да мағлұмат бар.

«Белгілі ресейлік композитор Игорь Крутой өзінің 65 жасқа толуына орай 2019 жылдың 26 қазанында Barclays Center-де өнер көрсетпек. Димаш осы шараға қонақ ретінде қатысады. Белгілі композитор музыка саласында жаңашыл көркем музыкалық жанр қалыптастыруымен және тамаша орындаушылығымен даңққа бөленіп отыр. Оның өнері ресейлік аристократия мен басқа да әлемдік өнерсүйер қауым ортасында үлкен сұранысқа ие», – делінген сайтта.

Әлемге әйгілі өнер адамдарының Димаш туралы ойлары да жоқ емес.

«Соңғы 40 жылда тыңдаған әншілердің ішінде ең ғажап дауыс иелерінің бірі. Оның алдында басымды иемін. Оның дауысы шынымен де ғажап», – деген әнші Аль Бано.

Ал, актриса Дрю Бэрримор «Егер көзімді жұмып отырып тыңдасам, 8 немесе 10 адам бірге ән салып жатыр деп ойлаушы едім…» деген.

«Димаш — мен үшін ғажайып жаңалық болды, ол тыңдаушыны өзінің тамаша дауысымен баурап алды, олардың ішінде мен де бармын», – деген актер Джеки Чанның сөзі де келтірілген.

Сайттан Димаштың бейнебаяндары мен фотоларын көруге болады.

Айта кетейік, Димаш – қазақ әншісі, бірқатар әндердің авторы һәм бірнеше аспапта еркін ойнайтын мульти-инструменталист.

Кәсіби деңгейі жоғары әншілерге арналған қытайлық «Мен әншімін-2017» таланттар шоуына қатысқаннан кейін Димаш Құдайбергеновтің даңқы аспандап шыға келді. Бұл байқауда Димаш екінші орын алған болатын. Диапазоны 6 октавалық ерекше дауыс иесін кәсіби музыка әлемі құбылыс деп таныды.

Димаштың өнерін жоғары бағалаған жанкүйерлері — бүгінде «Dears» деген атаумен белгілі бүкіләлемдік фан-базасын қалыптастырды. Әлемнің әр түкпіріндегі «Dears» мүшелері — өнер десе ішер асын жерге қоятын талғампаз қауым ортақ мақсатта ынта-ықыласпен жұмыла әрекет ететіндігімен, интернетте өте белсенділігімен белгілі.

«Жақсылық та, жамандық та — өмірде кездесетін кейбір сәттер ғана. Мен үшін адамның рухани тазалығы оның кәсіби жетістіктерінен маңыздырақ. Біз бұл өмірге әнші не мұғалім болу үшін емес, ең алдымен адам болу үшін келдік. Біз рухани құндылықтарымызды және адами қасиеттерімізді бағалауымыз және қадірлеуіміз керек», – дейді Димаш.

Әншінің ВВС Қырғызстанға берген сұхбатынан үзінді келтірілген: «Мен өз тыңдарманымның өнеріме деген құрметіне тәнтімін, бірақ кейде олар мені асыра дәріптеп жібереді. Мен басқалар секілді қарапайым ғана жігітпін ғой».

«Әртістерді «жұлдыз» қылатын — олардың фанаттары. Менің жанкүйерлерім өнерімді өте жоғары бағалайды және маған үнемі қолдау көрсетеді. Олар маған отбасымдай жақын».

Димаш Құдайбергенді «Астана Опера» опера және балет театрына лауазымды қызметке шақырған, бірақ әнші классикалық музыка мен дәстүрлі қазақ музыкасын поп-музыкамен ұштастыра отырып, қазіргі заманауи музыка саласында бағы мен бабын сынап көрмекке бекінді. Оның арманы — Қазақстанды бүкіл әлемге таныту!

Димаш өз ұлтын ерекше сүйеді, нағыз патриот, ұлтжанды жігіт, сондықтан да болар өнеріне табынушыларын, жанкүйерлерін Қазақстанға үнемі шақырады. Оның репертуарындағы әндердің жартысынан көбі — қазақ тіліндегі әндер.

Димаш әлемдік сахналарда өз ана тілінде сөйлеп қана қоймай, қазақтың ұлттық аспабы домбыраны да алып шығады. Жанкүйерлердің кейбірі Димаштың әндері мен оның берген сұхбаттарын түпнұсқада тыңдау үшін, жақсырақ түсіну үшін қазақ тілін үйрене бастағандарын айтады.

Қазақстан Республикасының бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Димаш Құдайберген — біздің тәуелсіздігіміздің келбеті. Ол зор талант иесі» деген болатын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған